Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Заңғар едің Заманбек

29.02.2020, 16:00 886

Таң алды түсіме заманның заңғар ұлы, әділетсіз қоғамның құрбаны, ұлт мақтанышы, қаһарман Заманбек Қалабайұлы Нұрқаділов енді. Естелік болсын: Қайта құрудың кезеңі, шамамен 1993-94 жылдары Зәкеңнің Сыр бойына сапарының кезі еді. Сол жолы марқұм жанашыр ағам, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, сол кездегі облыс басшысы Сейілбек Шаухаманұлы «Зәкеңді анау атақты әнші жарымен бірге күтіп, құрмет көрсетіп, мені сол жиынға жиылған жақсы-жайсаңдармен бірге Сыр бойы ақындарының ықыласын жырыңмен білдірсең» деп шақырып, сол жерде Зәкеңе арнау жырымды арнаған едім.

Біздер табанда таңдайдан түскенді жеткізетін едік, арнау-жыр сол шынайылығымен, сол туғандағы таза қалпымен құнды ғой. Мына жолдары еміс-еміс есімде қалыпты.

Заманбек – қайраткері елдің абыз,

Жыр аққан Сырдарияға келдің арыс!

Таңдайың – жыр ойнаған қылыш қыны,

Маңдайың – күн аунаған жеті қарыс!

Дүбірің жеткен кезде ара-тұра,

Даңқыңа қалады ерім сана тұна.

Руханият өкілдерін жайғастырдың,

Арысым алты құлаш қанатыңа!

Оңынан шығардың ғой айын көптің,

Пейілің дүр даламдай сайын деппін,

Күн сайын Қазағына қадірі артқан,

Бүгінгі бейнесісің Райымбектің! – дей келетін арнау-лебізімді арнағанда Зәкең «ақыным» деп кең құшағына алып, алғысын жаудырып, ықыласын білдірген еді.

Сол таныстықтан кейін көрген жерде туған бауырдай болып қауқылдасатынбыз. Кейін ортақ достардың шаңырағында бас қосқанда елдік мүддені қаузайтын пікірлерін тыңдап таң болатынмын. Сол уақытта Зәкеңнің өз шындығы болатын. Ол шындығы өзіне қауіпті болса да, қайсар қалпын жоғалтпай, жалындап жүрді. Бүгін қарап отырсам сол шындықтар заман шындығына айналды. Зәкеңнің келешекке қауіпті көрген адамдары расында сондай болып шықты. Талай руханияттың өкілдеріне жағдай жасады, қазақтың бағына біткен азаматтарды бағалады! Қанша халықтың жоғын жоқтап, шарапатын тигізді. Марқұм-ай, бүгінгі қоғам келбетінен көңіл қалғанда Зәкең еске түсіп, өмірден қандай кемеңгер өткен деп қынжыламын. Таңдағы түсімде де сол биік қалпында, сол таза қалпында жадырап жүр екен, жақсылыққа жорыдым! Сәке деп жақын тартып, құлақ тұсқа сөйлейтін әдеті бар еді. Тура солай түсімде де бір-екі ауыз тілдестік. Зәкең де бәрі жақсы екен. Зәкеңді де сағындық! Зәкең мәңгілік қара жамылып отырып жоқтауға лайық азамат еді… Шейіт болған жаның жәннатта деп ойлаймын, заңғарым! Бұл да бір естелік, Сіздермен бөліскеннің айыбы болмас деп ойлаймын!

Серік Ыдырысов,

ақын, Қызылорда облысының құрметті қызметкері,

Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-дың аға оқытушысы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: