Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Үкімет ауыл халқын сақтап қала ала ма? (Видео)

12.07.2023, 16:00 228

Ұлттық статистикалық мәліметке сүйенсек,  2022 жылы  елдегі  еңбекпен қамтылған халық саны 8 971 539 адамға жеткен.  Еңбекпен қамтылғандар санын  2018 жылмен салыстырсақ,  шамамен 244 мың адамға артқан. 9 млн-ға жуық  еңбек етушілердің 1 108 409-ы  ауыл шаруашылығында  жұмыс істейді. Бұл саланың жұмысшылары  2018 жылмен салыстырғанда 150 мыңға азайып кеткен. Яғни,  ауыл шаруашылығында еңбек еткен 150 мыңға жуық қызметкер басқа салаларға ауысқан немесе жұмыссыздар қатарына қосылған.

Ауыл шаруашылығында жұмыс істейтін адамдардың саны азая түскенімен, бұл сала қызметкерлері еліміздегі ең ірі еңбек топтарының бірі болып қала береді. Дегенмен, 150 мың жұмыс күшінің азаюы кім-кімді де ойландырмай қоймайды. 4 жылда шамамен Көкшетау  тұрғындарындай адам қалаға қоныстанып үлгерген. 

Аталған салада жұмыс істеушілердің азаюы бүкіл әлемге тән қалыпты құбылыс. Қазір шетелдіктер жұмысшылар санына емес, олардың еңбек өнімділігіне  баса назар аударады.

Мысалы, Америка Құрама Штаттары – ауыл шаруашылық өнімдерін ең көп экспорттайтын мемлекет. Жылына 118 млрд доллардың өнімін өндіреді. 2019 жылғы дерек бойынша, бұл елде еңбекпен қамтылғандардың  1,4%-ы яғни, 2,28 млн адам  ғана ауыл шаруашылығы  саласында  жұмыс істейді. Сонда бір фермер жылына, орташа есеппен, 100 мың долларлық өнім шығарады.

Ал бізде болса,  қазақстандық бір фермер құны 7650 долларға  бағаланатын  өнім шығарады екен. Мұндай статистиаға қарап, американдық  шаруа қазақстандық шаруадан 13 есе еңбекқор деп айта алмаймыз.  Олардың негізгі артықшылығы – технология мен білім мүмкіндіктерін пайдаланып,  кәсібін автоматтандыра алуы мен шикізаттан дайын өнім шығара білуінде. Қазір бұл бағытта елімізде бірқатар игі бастмалар жүзеге асып жатыр. Соның бірі асыл тұқымды мал өсіру мен егістікті тамшылатып және лазерлік жолмен суғару әдісі. Осы орайда ауыл шаруашылығымен айналысатын адамдар санының кемуі АҚШ-ты мысал еткендей, ел экономикасына  көптеген пайдасын  тигізетініне еш күмән жоқ.

Дегенмен, ауыл шаруашылығы  жұмыскерлері санының кемуі – ауылдағы  жалақының аздығымен, техника  рөлінің  артуымен,  климатпен, субсидия саясатымен және инфрақұрылымның дұрыстығына  байланысты екені ақиқат.  Мұндай жайттар еңбек нарығының қалаға ағылуын  жеделдетеді. Осы тұрғыда Үкімет  ауыл шаруашылығында жұмыс істейтін халық санын қазіргі деңгейде ұстап тұру керек пе, әлде қажет емес пе деген сұраққа жауап іздегені дұрыс. Одан бөлек,  жыл сайын қала халқына қосылатын адам ресурсы жергілікті  инфрақұрылымға түсетін зор жүктемеге дайын болуы шарт. Маусым айында Астана қаласында болған  су тапшылығы осындай қауіптің бар екенін көрсетті. Оның үстіне елдегі жылу қазандықтарының  жай-күйін Екібастұзтағы оқиға бір бағдарлап кетті. 

Жасұлан Наурызәлі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: