Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тоқаевтың «тоқпағы» һәм түйін

02.07.2020, 12:00 465

Сурет  президенттің баспасөз  қызметінен  алынды.

Биылғы  жылдың  басты  сын-қатеріне  айналған «Covid-19» пандемиясы жаһан елдерінің жұмысы мен қуанышын бір сәтке тыйып-ақ тұр. Әу баста шекараның арғы жағындағы көршіден анықталған дерттің дауасы әлі күнге табылмай тұр. Оған себеп медицина саласының әлсіздігі немесе ғалымдар ізденісінің аздығы емес, жай жатқан жаһанды жайылған құрығына іліп, құрдымға ала кетуінде. Бұл тажалдың тырнағына түскендер арасында өмірін жарықтан қараңғыға айырбастап жатқандар күн санап көбейіп келеді. Өйткені бұл вирусты емдеу үшін арнайы­  препарат  та,  вакцина да өндіріске енген жоқ. Осы ретте вирус құрамының аса өзгергіш қасиетке ие екенін айта кеткеніміз жөн. Әйтпесе, технологиясы ғарышты­  игеріп  тұрған  ел  үшін  вакцина  жасау  мәселе болып   па?

Хош. «Соңғы екі ай еліміз үшін оңай болған жоқ. Дағдарыс әлі толық еңсерілмей тұр. Дегенмен, індеттің шарықтау шегінен өттік. Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия ауқымды жұмыс атқарды. Халықтың денсаулығын қорғау, олардың табысын арттыру және бизнесін қолдау үшін 500-ге жуық шешім қабылданып, жүзеге асырылды. …Бүгін бүкіл еліміздегі төтенше жағдай режимі аяқталды. Алайда кейбір аймақтарда дерттің таралуы бәсеңдемей отыр. Індет толығымен жойылып кеткен­  жоқ. Пандемия халықтың денсаулығына әлі де қауіпті. Сондық­тан карантиндік шектеулер әр өңірдегі жағдайдың жақ­саруына қарай біртіндеп алынады». Бұл – ел президенті Қасым-Жомарт­  Тоқаевтың 2020 жылдың 11 мамырында айтқан сөзі.

Халық денсаулығына түлендей тиген коронавирус инфекциясы мемлекеттің қос бірдей капиталын орға жығып отыр. Бірі – адам ресурсы, екіншісі – экономика. Екі айға жуық бекітілген төтенше жағдай режим­і алынарда мемлекет басшысы «індеттің шарық­тау шегінен өттік» деген еді. Халықтың көңілі серпі­ліп, бір тойынып қалды. Тіпті бөркін аспанға атып, бетіндегі бетпердесін шешіп, жеке гигиена сақтау­ды ысырып қойғандары бар. Бұрынғыдай аста-төк той жасап, карантин талаптарын сақтамағандарды да қатарға қосқанымыз жөн. Өйткені осындай адам көп шоғырланатын орта – инфекцияның ошағы. Осы күні Қазақстандағы ахуал тым күрделеніп тұр. Анығын айтқанда, елде төтенше жағдай режимі алынғаннан бергі уақытта індеттің таралуы үдей түсті. Осыны ескерген президент Тоқаев апта басында министрл­ер кабинетінен бастап, меморгандар мен облыс, қала басшыларын бейнебайланыстың арғы жағына жинады. Әңгіменің басы карантин шараларының тым босаңсып кеткенінен басталды.

– Биылғы 11 мамырда шектеулер алынғаннан кейін вирустың таралуы 7 есе өсті. Бұл көп жағдайда бірқатар мемлекеттік органдардың жұмысындағы кемшіліктерге байланысты болып отыр. Мемлекеттік басқару жүйесінің орталық және жергілікті орган­дары төтенше жағдай режимі тоқтағаннан кейінгі кезеңде тиімді жұмыс істеуге дайын болмағанын атап өту қажет. Ведомствоаралық комиссия өзіне жүктелген міндетті атқаруға шамасы жетпеді. Мұны ашық мойындау­ керек. Денсаулық сақтау министрлігі орталық­ және жергілікті билік органдарының жұмысын­ үйлестіре алмады, – деді  мемлекет  бас­шысы­  жиын  барысында.

Сірә, шарықтау шегінен өттік деп ерте қуанған секілдіміз. Неге дейсіз бе? Сөзіміздің тұздығы болсын, дәл қазір тұмау секілді белгісіз инфекциямен ауырып жатқандар қатары сәт сайын көбейіп барады. Аймақтардағы ауруханаларда науқастар жататын орын жоқ, медицина кадрларына, дәрі-дәрмекке, медициналық құрал-жабдықтарға тапшылық қатты байқалады. Өңірлердегі ахуал ауыз толтырып айтатын жақсы қалыптан әлдеқайда төмендеп кетті. Салғырттығы үшін бірнеше әкімге дәл осы отырыста сөгіс те жария­ланса, өзге өңір басшыларына ушыққан жағдайды тез арада қалыпқа түсіру тапсырылды. Мидай қайнаған министрлер кабинетінде де оңып тұрған жұмыс жоқ. Бас дәрігер де ат ауыстырып кете барды. Әйтеуір шахмат­ тақтасындағы жүрістерінен жаңылмайды. Ведомство­аралық комиссияның шұғыл әрі қатаң үйлестіру жұмыстарын қамтамасыз етуге, оның орында­луына мониторинг жүргізуге және бақылауға қауқарсыз болып отырғанын айтты. Қайтпек керек, тағы  да  тапсырма  жүктеді.

– Пандемиямен күрес жөніндегі барлық шешімдерді, оның әлеуметтік және экономикалық теріс әсерлерін жоюды премьер-министр басшылық ететін тиісті мемлекеттік комиссия аясында пысықтауды тапсырамын. Мемлекеттік комиссия ең маңызды деген­ ресурстардың таралуын бір орталықтан бақылауды қамтамасыз етуі тиіс. Қазіргі эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру үшін шұғыл шаралар қабылдау мақсатында мемлекеттік комиссияға екі күннің ішінде биылғы наурыз-мамыр айларын­дағыдай қатаң карантин режимін енгізу мәселесі бойынша­ маған ұсыныс әзірлеп, енгізуді тапсырамын, – деді  ел  президенті.

Дәл қазір әлемді әбігерге түсірген пандемиямен күрес ауыздығымен алысқан алуан жүйрік секілді күйге түсіріп отыр. Елдегі жұмыс істеп тұрған лабораториялық зертханалардың жұмысын үйлестіруді, саны мен қуаттылығын арттыруды да қатаң тапсырды. Өйткені ел арасында ПТР сынамаларын тапсыру қиындағаны, кезектің көптігі туралы сын-ескертпелер жиі айтылып жүр. Оның үстіне аймақтардағы дәрілік препараттар тапшылығы және бар. Президент бұл мәселелерден де айналып өткен жоқ. Пандемияның екінші толқынын ескере отырып, шілденің соңына­ дейін жұқпалы дертке шалдыққандарға арналғ­ан төсек орындарын 50 пайызға арттыруды, халықт­ы дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету мәселесін бес күннің ішінде шешуді тапсырды. Босаңсыған әрекеттерін тыйып, ел алдында бой көрсетуін қатаң  талап  етті.

– Әкімдер мен министрлер қарапайым халықпен байланыс орнатуды қойды. Олардың арыз-шағым­дарына дер кезінде жауап бермейді. Сондықтан тұрғындардың көпшілігі қайда барарын білмей, торығуд­а, – деді  мемлекет  басшысы.

Бейнебайланыс арқылы өткен жиында мемлекет басшысы ақпараттық жұмыстарға қатысты тәсілді түбегейлі өзгерту қажет екенін айтты. Жауапты тұлғалар өткізетін тұрақты брифингтерді жолға қойып, індет жұқтырған кездегі іс-әрекеттердің алгоритмі жөнінде халықты нақты әрі сапалы ақпаратпен қамтамасыз ету жөнінде тапсырма берді. Телеарналарда тікелей эфир арқылы дәрігерлерден кеңес алып, тұрғындардың сұрақтарына нақты жауап беретін бағдарл­амалар ұйымдастыруды және азаматтарға емделуді­ң протоколы мен алгоритмін жеткізу керек­тігін айтты. Дәрі-дәрмектер мен оны пайдалану жөнінде түсіндірме жұмыстарының ақсап тұрғандығы да тілге тиек етілді. Әкімдер мен министрлерге бюджетті қайта қарау және конференция, дөңгелек үстел, салтанатты шаралар, консалтингтік және PR-қызмет секілді қажетсіз шығындардан бас тарту жөнінде тапсырма берілді. Экономикалық өсімді қайта қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспар жүйелі әрі толыққанды орындалуы тиіс. Бұл мәселе әрбір әкімнің ерекше бақылауында болуы қажет. Бейнебайланыс арқылы өткен кеңес соңында президент: «Бұл – қауіпті ауру. Оны емдейтін вакцина әлі жасалған жоқ. Бірақ оны қауіпті екен деп байбалам салып, үрейге бой алдырмау керек. …Денсаулық сақтау министрлігі және санитарлық дәрігерлердің ұсынымдары мен талапт­арын естен шығармауды сұраймын. Мұның бәрі мемлекеттің ең басты игілігі – сіздердің, Қазақстан Республикасы азаматтарының өмірі мен денсаулығ­ын қорғауға арналған», – дей келе Үкіметті шұғыл шаралар қабылдаумен қатар, коронавирус пандемиясының ұзаққа созылуына дайын болуға шақырды. Осыған байланысты орта мерзімді перспекти­ваға арналған қазақстандықтардың өмірі мен денсаулығын сақтау жөніндегі  ұлттық  жоспарын  әзірлеуді  тапсырды.

Н.ҚАЗИ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: