Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Төңкеріс ауылының айналасы түгелдей қазылып жатыр

11.04.2020, 9:06 822

HALYQLINE.KZ –| Қызылорда облысы, Шиелі ауданы Төңкеріс ауылдық округінің орталығы Шеген Қодаманов ауылы эпидемия ошағына айналып үлгерді. Еліміздегі ауылдардың ішінде қатерлі вирусты ең көп жұқтырған осы елдімекен тұрғындары екені белгілі болды.

Қодаманов ауылында 3092 тұрғын бар. Елдімекен аудан орталығы – Шиелі кентінен шығысқа қарай 14 шақырым жерде орналасқан. Ауылда 800 балаға арналған орта мектеп, клуб, кітапхана және фельдшерлік-акушерлік пункт бар. Қызылорда өңірі елде COVID-19 вирусын жұқтыру бойынша 3-орынға шықты. Көрсеткіш бойынша Алматы қаласын өкшелеп келе жатқан облыста қазір 105 адамнан инфекция анықталды. Аймақта, оның ішінде Шиелі ауданының өзінен ғана дәл осы кезде 55 науқас тіркелді.

Қызылорда облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жақсылық Әбдусаметовтің айтуынша, Балаби ауылынан – 6 адам, Ортақшыл ауылынан – 1 адам, Жиделі аулынан – 1 адам, Шиеліден (аудан орталығы – ред.) 2 адам, ал Қодаманов ауылынан 45 адамнан вирус шыққан.

«Төңкеріс ауылдық округінің орталығы Қодаманов ауылы жеке карантинге алынды. Барлық азаматтардың үйден шықпауын қатаң қадағалап отырмыз. Азық-түлікпен, қажетті заттармен қамтамасыз ету үшін әкімшілік айналысып жатыр. Сол жерде қарым-қатынаста болған азаматтардың барлығын стационарға оқшауладық. Олардың саны – 122 адам. Барлығынан тест алынып, қазіргі уақытта 45-і коронавирустан ем алып жатыр. Оның ішінде, Қызылорда қаласындағы инфекциялық ауруханаға індетті ауылға алып келген қыз бен оның отбасы мүшелері жеткізілді», – дейді Ж.Әбдусаметов.

Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Шамшидин Әмитов Қодаманов ауылының айналасы түгелдей қазылып жатқанын айтады. Ол ауыл тұрғындарының басқа жолдармен кіріп-шығуының алдын алу үшін жасалып жатқан шара екен. Ал негізгі екі жолға блок-бекет қойылды. Ауылды 14 полицей, 10 арнайы жасақ күзетіп тұр.

«Ауылға кіріп-шығатын түрлі жол бар. Солардан ел шығып кетпес үшін айналдыра қаздырып жатырмыз. Ал ауылдың ішіндегі тұрғындардың үйден кіріп-шықпауын бақылау үшін 4 полиция экипажы патрульдік қызмет атқарып жатыр. Олар дыбыс күшейткіш құрылғымен ауылды аралап, түсіндіру шараларын жүрігізеді. Одан бөлек, Қорғаныс министрлігіне қарасты 20 әскери қызметкер дезинфекция шараларын жүргізу үшін Шиелі ауданында жұмыс істеп жатыр», – дейді облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: