Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Шәменов қос орынбасарын «өсіріп жіберді»

23.08.2023, 11:45 393

HALYQLINE.KZ

Бүгін қала әкімі Асылбек Шаменовтың төрағалығымен актив отырысы өтіп, онда бірқатар кадрлық өзгерістер таныстырылды, деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Бұған дейін Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарған Жанмұрат Сейілов 2023 жылдың 21 тамызында облыс әкімінің өкімімен Қызылорда облысының әкімі аппараты басшысының орынбасары лауазымына тағайындалғаны белгілі. Қала әкімі жауапты қызметте өзін білікті басшы ретінде көрсете білген Жанмұрат Жақсымұратұлына қажырлы еңбегі үшін алғысын білдірді.

«Жанмұрат Жақсымұратұлы қызмет жолында өзінің іскерлігі мен біліктілігінің арқасында жемісті еңбек етіп, қаламыздың әлеуметтік және экономикалық әлеуетінің артуына ерекше үлес қосты. Саяси технологияларды және идеология саласын жетік меңгергендігін көрсете білді. Сондықтан, әріптесімді облыс орталығындағы қоғамдық-саяси ахуалдың жағдайына күнделікті тұрақты бақылау орнатып, өзара жылдам ақпарат алмасу және дер кезінде нақты шешім қабылдай білетін, әлеуеті зор кәсіби кадр ретінде бағалаймын. Жергілікті атқарушы органдарда жемісті еңбек еткені үшін алғысымды білдіремін және жауапты қызметіне табыс тілеймін», – деді шаһар басшысы.

Қызылорда қаласының дамуына қосқан зор үлесі үшін Жанмұрат Жақсымұратұлына Қызылорда қаласының ең жоғарғы марапаты «Құрмет» грамотасы табысталды.

Бұған дейін қала әкімінің орынбасары қызметін атқарған Дінмұхамед Ермеков 2023 жылдың 28 шілдесінде облыс әкімінің өкімімен Қызылорда облысының Дін істері басқармасының басшысы лауазымына тағайындалған болатын. Қала әкімі Дінмұхамед Жандарбекұлының біліктілігі мен ұтымды ұйымдастырушылығының арқасында әріптестерінің арасында зор беделге ие болғандығын айтып, алғысын білдірді.

«Дінмұхамед Жандарбекұлы қызметтегі іскерлігімен қаламыздың өсіп-өркендеуіне өзіндік үлесін қосты. Салық түсімдері мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер көлемінің артуы бағытында нәтижелі жұмыстарды жүзеге асырды. Қысқа мерзім ішінде кәсіпкерлік саласының ілгерілуіне, жұмыссыздық деңгейін төмендетуге күш салды»,-деді Асылбек Өмірбекұлы. Дінмұхамед Жандарбекұлы Қызылорда қаласының ең жоғарғы марапаты «Құрмет» грамотасымен марапатталды.

2023 жылдың 23 тамызынан бастап конкурс қорытындысы негізінде, қала әкімінің өкімімен Тұрсынбаев Дархан Есалыұлы қала әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалды. Дархан Есалыұлы қала әкімінің орынбасары ретінде экономика және қаржы, мәдениет, спорт және әлеуметтік салаға жетекшілік ететін болады. Шаһар басшысы Дархан Есалыұлына сәттілік тілеп, жауапкершілік жүгі зор салада аянбай қызмет атқарады деп сенім білдірді.

2023 жылдың 16 тамызынан бастап ҚР Ішкі істер министрінің бұйрығымен, Полиция полковнигі Айдар Қасанов Қызылорда қаласы Полиция басқармасының бастығы лауазымына тағайындалды. Қала әкімі Айдар Демегенұлына қаланың қоғамдық тәртібін сақтауда нәтижелі қызмет атқаратынына сенім білдіріп, сәттілік тіледі.

Сондай-ақ, 2023 жылдың 2 тамызынан бастап конкурс қорытындысы негізінде, қала әкімінің өкімімен Азамат Мүкеев Қызылорда қаласының қоғамдық даму бөлімінің басшысы лауазымына тағайындалды. Шаһар басшысы Азамат Ырысдәулетұлына сәттілік тілей отырып, қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығына күнделікті бақылау жасауды тапсырды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: