Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Серік Мақашұлы Жұманғарин Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі лауазымына тағайындалды.
Серік Жұманғарин 1969 жылы Ақтөбе қаласында дүниеге келген. Мәскеу энергетикалық институтын, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін және Халықаралық бизнес академиясын тәмамдаған.
Еңбек жолының алғашқы кезеңінде кәсіпкерлікпен айналысқан. Кейін Ақтөбе қаласының экономика және бюджеттік жоспарлау, кәсіпкерлік салаларында қызмет атқарды. 2012–2013 жылдары Экономикалық даму және сауда министрлігінде департамент директоры және Өңірлік даму комитетінің төрағасы болды. 2013–2014 жылдары өңірлік даму вице-министрі қызметін атқарды.
2014–2017 жылдары Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетін басқарды. Кейін Ұлттық экономика вице-министрі, Еуразиялық экономикалық комиссияның Бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу жөніндегі министрі болды. 2020–2022 жылдары Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы қызметін атқарды.
2022 жылы Премьер-Министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі болып тағайындалды. 2023 жылдан Премьер-Министрдің орынбасары қызметін атқарды. Ал 2024 жылғы желтоқсаннан бері Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі қызметінде еңбек етіп келеді.
Осылайша Серік Жұманғарин жаңа Үкімет құрамында да экономикалық блокқа жетекшілік ететін қызметін жалғастырады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!