Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бақыт Есімова Президент Әкімшілігінде жаңа қызметке тағайындалды

10.08.2026, 10:00 63

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өкімімен Бақыт Амангелдіқызы Есімова Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды.

Бақыт Есімова 1984 жылы 29 қаңтарда Павлодар облысы Баянауыл ауданының Майқайың ауылында дүниеге келген. «Болашақ» бағдарламасымен Санкт-Петербург мемлекеттік инженерлік-экономикалық университетінде білім алып, экономист мамандығын игерген. АҚШ-тағы Калифорния университетінде мемлекеттік саясат бойынша магистр дәрежесін алған.

Еңбек жолын 2006 жылы «Қазақстан жастар конгресі» заңды тұлғалар бірлестігінде менеджер болып бастаған. Кейін атқарушы директор аппаратына басшылық етті. 2007-2008 жылдары «Сауда саясатын дамыту орталығы» акционерлік қоғамында сарапшы болды.

2008 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде жұмыс істеді. Агенттіктің стратегиялық жоспарлау және қоғаммен байланыс басқармасын басқарды.

2010 жылы Ақмола облысының жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары болып тағайындалды. Кейін осы басқармаға жетекшілік етті. 2013-2015 жылдары Ақмола облысы әкімі аппаратының басшысы қызметін атқарды.

2015 жылдан бастап Астана қаласының ішкі саясат және қоғамдық даму саласында басшылық қызметтерде болды. Сондай-ақ елорда әкімінің кеңесшісі қызметін атқарған.

Кейін Президент Әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру-аумақтық жұмыс бөлімінде сектор меңгерушісі, одан соң мемлекеттік инспектор болып еңбек етті.

2020 жылғы қыркүйектен 2022 жылғы мамырға дейін Қостанай облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. Өңірдің ішкі саясаты, білім беру, мәдениет, дін, жастар және тіл саясаты бағыттарына жетекшілік етті.

2022 жылдың мамырында Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімі меңгерушісінің орынбасары болып тағайындалған еді. Енді аталған бөлімге басшылық етеді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: