Мемлекет басшысының Жарлығымен Арман Абайұлы Шаққалиев Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі лауазымына тағайындалды. Осылайша ол жаңа Үкімет құрамында да ведомство басшысы қызметін жалғастырады.
Арман Шаққалиев 1977 жылы Қарағанды облысының Балқаш қаласында дүниеге келген. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университетін заңгер, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін экономист, М.Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университетін стандарттау, сертификаттау және метрология мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 1998 жылы Астана қаласы және Ақмола облысы бойынша «Кәсіпорындарды қайта ұйымдастыру және тарату агенттігі» АҚ-да заң кеңесшісі болып бастаған. Кейін Мемлекеттік материалдық резервтер жөніндегі агенттікте, Мемлекеттік кірістер министрлігінде және бірқатар мемлекеттік құрылымда басшылық қызметтер атқарды.
2008–2016 жылдары «Қазақстан стандарттау және метрология институты» республикалық мемлекеттік кәсіпорнын басқарды. 2016–2018 жылдары Еуразиялық экономикалық комиссияның Техникалық реттеу және аккредиттеу департаментінің директоры, 2018–2019 жылдары Инвестициялар және даму министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы болды.
2019–2020 жылдары Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитетін басқарды. 2020–2022 жылдары Мәскеуде Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының мүшесі – Бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу жөніндегі министр қызметін атқарды. 2022–2023 жылдары Қазақстанның Сауда және интеграция бірінші вице-министрі болды.
Арман Шаққалиев 2023 жылы Сауда және интеграция министрі қызметіне келді. Ол «Ерен еңбегі үшін» медалімен және «Құрмет» орденімен марапатталған.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!