Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Әлібек Сакенұлы Қуантыров Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі болып тағайындалды. Ол бұған дейін атқарған Сыртқы істер министрінің орынбасары қызметінен босатылды.
Әлібек Қуантыров 1983 жылғы 14 қарашада Атырау қаласында дүниеге келген. 2006 жылы Томск мемлекеттік университетін «Қаржы және несие» және «Лингвистика және мәдениетаралық коммуникация» мамандықтары бойынша тәмамдаған. 2010 жылы «Болашақ» бағдарламасымен Мичиган университетінде қолданбалы экономика бойынша магистр дәрежесін алған. Ағылшын, испан және неміс тілдерін меңгерген.
Еңбек жолын 2005 жылы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінде жетекші маман болып бастаған. Кейін осы ведомство мен Экономикалық даму және сауда министрлігінде инвестициялық саясат, жоспарлау және стратегиялық талдау бағыттарында қызмет етті. 2010 жылдан Қаржы министрлігінде бюджет саясаты және жоспарлау департаменті директорының орынбасары болды.
2013 жылы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Геология және жер қойнауын пайдалану комитеті төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалды. Сол жылдың маусымынан 2019 жылға дейін Президент Әкімшілігінде стратегиялық әзірлемелер және талдау, әлеуметтік-экономикалық мониторинг бағыттарында жұмыс істеді. 2019–2021 жылдары Тұңғыш Президент Кеңсесінің Аналитикалық бөлімі меңгерушісінің орынбасары болды.
2021 жылғы ақпанда Ұлттық экономика вице-министрі қызметіне келді. Ал 2022 жылғы қаңтардан 2024 жылғы ақпанға дейін Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі болды. Осы кезеңде «Самұрық-Қазына», «Бәйтерек», KAZAKH INVEST сияқты ірі ұлттық компаниялар мен институттардың директорлар кеңесі құрамында жұмыс істеді.
2024 жылы KAZENERGY қауымдастығының бас директоры қызметін атқарып, кейін Сыртқы істер министрінің орынбасары болып тағайындалды. Бұл қызметте инвестициялық және сауда-экономикалық ынтымақтастық бағыттарына жетекшілік етті. 2026 жылғы тамыздың өзінде Сербияға жұмыс сапарымен барып, инвестиция мен сауда байланыстарын дамыту мәселелерін талқылаған.
Енді Әлібек Қуантыров экология, қоршаған ортаны қорғау, жасыл экономика, қалдықтарды басқару, орман және жануарлар дүниесін қорғау бағыттарына жауап беретін ведомствоны басқарады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!