Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сырдарияда серпіліс сезіледі

02.08.2023, 10:20 210

HALYQLINE.KZ

Кеше Сырдария ауданының әкімі Берік Сәрменбаев өңірлік коммуникациялар қызметінде 2023 жылдың І жартыжылдығында атқарылған жұмыстар мен жоспары  туралы брифинг берді.

Берік Сәрменбаевтың айтуынша, ауданның әлеуметтік-экономикалық  даму бағыты былтырғы жылмен салыстырғанда едәуір артқан.  Атап айтқанда, өнеркәсіп өндірісі 68,5 пайызға ұлғайса, өңдеу өнеркәсібі 3,4 пайызға, ауыл, орман және балық  шаруашылығының көлемі  1,4 пайызға, инвестиция 72,4 пайызға, тұрғын үй 26,9 пайызға өскен. Ал құрылыс көлемі 5,3 есеге артқан.

– Өздеріңізге белгілі, ауданымыз аграрлық аймақ болып саналады. Биыл   35 732  гектар жерге егіс егіліп, өткен жылмен салыстырғанда 7,8 пайызға артты. Мысалы, 23,5  гектарға  күріш, 1723 гектарға жаздық бидай, 180 гектарға  мақсары, 100 гектарға күнбағыс, 15 гектарға арпа, 1846 гектарға жаңа жоңышқа, 508 гектарға картоп, 240 гектарға көкөніс, 7200 гектарға ескі жоңышқа және 420 гектарға  бақша дақылдарының дәні себілді. Соңғы жылдары аймақта су тапшылығы мәселе тудырды. Осыған байланысты облыс әкімінің қолдауымен 2022 жылы шаруашылықтарға 22 насос алынды. Биыл қосымша 4 насос алынып, бүгінде ауданда 32 насоспен егінге су жеткізілуде, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Брифингте ауданда жастар бригадасының  жұмысы жанданып келе жатқандығы мен азық-түлік бағасын мейлінше тұрақты ұстап тұруға нақты әрекеттердің қолға алынғаны  айтылды.

– Өткен жылдан бері аймақ басшысының тапсырмасымен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бақша дақылдарын егу жұмыстары басталды. Ауданда 2022 жылы 210 гектар қосымша жер ашылып, 865 отбасы бақша дақылдарын ексе, биыл жер көлемі 359 гектарға дейін артып, 1105 отбасы әлеуметтік маңызы бар картоп, көкөніс, бақша өнімдерін орналастырды. Бұл бағытта жастар белсенділік танытуда. Былтыр Айдарлы мен Амангелді ауылдарында жастар бригадасы 20 гектарға егін ексе, биыл қосымша 4 ауылда жастар бригадалары құрылып, 60 гектарға бақша дақылдарын орналастырды. Ауданда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларын тұрақтандыру мақсатында биыл наурыз айынан бастап жәрмеңкелер ұйымдастырылуда. «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясымен бірлесіп, айына 2 реттен өткізілетін жәрмеңкеде азық-түлік базар бағасынан 10-15 пайыз төмен сатылуда. Қазір аталған  әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясымен келісімшарт негізінде
2 әлеуметтік дүкен жұмыс істеп тұр. Оларға қажетті азық-түлік қорын толықтыру мақсатында, оның ішінде ақталған күрішке байланысты шаруашылық құрылымдарымен меморандум жасалған. Мұндағы азық-түлік бағасы нарықтан 15-20 пайыз төмен, – деді аудан басшысы.

Сырдария ауданының 2023 жылға арналған  бюджеті  – 10,7 млрд теңге. Оның 67,8 пайызы әлеуметтік және инфрақұрылымдық саланы дамытуға бағытталған.  Аудан бойынша 3247 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істеп тұр екен. Яғни, өткен жылдың осы кезеңімен  салыстырғанда 34 пайызға өскен. 2023 жылдың 6 айында мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында құны 1,4 млрд теңгені құрайтын 184 жобаға қаржылай қолдау көрсетілген. Жыл соңына дейін 10 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда.

Аудан әкімі брифингте журналистерді толғандырған бірнеше сұраққа жауап берді. Соның бірі  – Шіркейлідегі жер дауы мәселесі.  Берік Әбдіғаппарұлы  Жер кодексіне сәйкес, шаруашылық пен үлескерлердің арасындағы дауға тікелей араласуға мүмкіндігі жоғын айтты. 90-жылдары үлеске салынған жер дауы сот арқылы ғана шешіледі екен.

 – Біз өз тарапымыздан құқық қорғау өкілдерімен бірге барып, түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Соның нәтижесінде 2 сәуір күні жиналыс өткізілді. Сол жиналыста бір хаттаманың орнына екі хаттама толтырып жіберген.  Сол себепті, сот  осы екі  хаттаманы да заңсыз деп таныған.  Ауыл тұрғындарының хабарлама беріп, тағы жиналыс жасауына әлі де мүмкіндігі бар.  Жаңадан төраға сайлай ма, әлде жерді бөліп ала ма, ол өздерінің қолында. Бізді бақылаушы ретінде шақырса, баруға дайынбыз, – деді Серік Әбдіғаппарұлы.

Жасұлан   АСҚАРҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: