Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

СУБЪЕКТИВТІ САРАПТАМА немесе ҚАЙРАН 16 МИЛЛИАРД…

19.05.2022, 11:20 479

Дос КӨШІМ

Азаматтық қоғамның бір тобы «Конституцияға өзгерістер енгізу керек», енді бір бөлігі «Ата заңға бұрынғы президенттің есімі жазылмау керек» деп шулап жүргенде билік өзінің өзгерістері мен толықтыруларын бұқаралық ақпарат құралдарында жариялап, референдум өткізетін күнді белгілеп те үлгірді. Енді біздің еншімізге референдумға шығарылған баптарды сараптап, ой елегінен өткізу, қажет деп тапсақ, не қолдап, не қарсы дауыс беру ғана қалды. Айта кету керек, тек Президенттің ұстанымы негізінде (Билік қарапайым халықты, азаматтық қоғамды референдумға ұсынылатын түзетулер мен өзгертулерді дайындауға қатыстырған жоқ. Бізге бөлінген роль – билік дайындаған өзгертулерге дауыс беру ғана.  Бұл Кеңес үкіметі кезіндегі сайлауды еске түсіреді; онда да партия бір ғана үміткерді ұсынатын, ал халық сол бір үміткерден «таңдау» жасайтын да, осыны сайлау деп атайтын). Мен осының алдындағы мақалаларда референдумға деген өзімнің көзқарасымды білдірген болатынмын, ал алдарыңыздағы мақала – халық талқысына ұсынылып отырған 35 пункттің ішіндегі «іліп аларларына» қысқаша талдау деп біліңіздер. Мақсатым – референдумға қатысамын деген азаматтарға ой салып, таңдау жасауларына көмектесу. Негізгі баптарға  өзімнің таңдауымды  да («қарсымын», «қолдаймын») білдіре кеттім – оны «менің ұстанымымды қайталаңдар» деген нұсқау деп ойлап қалмаңыздар. Әр азамат өзінің таңдауын өзі жасайды. Мен де өз таңдауымды  жасадым…

Референдумға ұсынылған баптардың мәтіні Абай.kz сайтынан алынды, барлығын (35 пункт) жеке-жеке талдауды газеттің көлемінің көтермейтіні белгілі, сондықтан менің талдауым, өз көзқарасым бойынша, қажетті деген өзгертулерді  ғана  қамтиды:

2. «3. Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да таби­ғи ресурстар халыққа тиесілі. Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады. Жер, сондайақ заңда белгіленген негіздерде, шарттар мен шектерде  жекеменшікте  де  болуы  мүмкін».

Қарсымын. Біріншіден, жер – атам заманнан бері қазақ халқынікі. Әрине, Қазақ елінің азаматтарының саяси және азаматтық құқы – бәрімізге бірдей. Сондықтан бұны алалау неме­се қазақ емес ұлт өкілдерін шеттету деп түсінбеңіздер. Бірақ, тарихи тұрғыдан алғанда, жердің иесінің кім екені Ата заңымызда жазылуы керек. Екіншіден, «Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады» деген тұжырымды қолдамаймын. Мемлекет – жерді реттеуші ғана. Біздің мемлекеттің «халық атынан» Өзбекстанға қаншама жерді бергенін жақсы білеміз. Қысқасы, мемлекет «халықтың атынан» жерді не сатуға, не ұзақ мерзімге шетелдіктерге жалға беруге, не басқа елдерге «сыйлауға» ешқандай құқы жоқ. Үшіншіден, ауыл шаруашылығы жерлерінің жекеме­ншікке  берілмейтіні  көрсетілмеген.

3. «2. Ешкімнің өз бетінше адам өмірін қиюға хақысы  жоқ. Өлім жазасына тыйым салынады».

Қолдаймын. Алланың берген өмірін адамдардың  алуына  болмайды.

4. «2. Республика Конституциялық Сотының, Жоғарғы Сотының және өзге де соттарының төрағалары мен судьялары, Орталық сайлау комиссиясының, Жоғары аудиторлық палатасының төрағалары мен мүшелері, әскери қызметшілер, ұлттық қауіпсіздік органдарының, құқық қорғау органдарының қызметкерлері саяси партияларда, кәсіптік одақтарда болмауға, қандай да бір саяси партияны  қолдап  сөйлемеуге  тиіс».

Қарсымын. Популистік мақсаттағы өзгерту. Әр азаматтың саяси ұстанымына, саяси партия­ларға мүше болуына, сөз бостандығына, өзінің мақсат-мүддесіне сай келетін партияларды қолдауына, сайлау кезінде өзінің таңдауын жасауына, белгілі бір партияларға дауыс беруіне тыйым салынбауы шарт. Бұл ешқандай қылмыс жасамаған адамды қылмыскер болуы мүмкін деп айып­таумен  бірдей  (кінәсіздік  презумпциясы).

7. «3. Қазақстан Республикасының Президенті өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезеңінде саяси партияда  болмауға  тиіс.

Қарсымын. Популистік мақсаттағы өзгерту. Біріншіден, Президенттің де, жоғарыдағы аталған лауазым иелерінің де саяси ұстанымы болуы керек. Егер ертең парламенттік басқару жүйесіне көшетін болсақ, президентті де, жоғарыдағы лауазым иелерін де жеңіп шыққан партия өздерінің ішінен ұсынады. Әлде сол уақытта онсыз да сан түрлі өзгерістерге түсіп, құрақ көрпеге айналған Ата заңды тағы да өзгертеміз бе? Екіншіден, өмірдің өзі көрсеткендей, «партия­да болмаса да» билік адамдарының билік партиясын қолдайтыны белгілі, сондықтан билік иеле­рінің «біз партияда жоқпыз» деген жасанды бейтар­аптылығы кімге керек?

7. «4. Қазақстан Республикасы Президентінің жақын туыстары мемлекеттік саяси қызметші­лердің, квазимемлекеттік сектор субъектілері басшыларының қызметтерін атқаруға  хақысы  жоқ».

Қарсымын. Популистік бағыттағы және Адам құқығын бұзатын бап. Егер Тоқаев мырза Қазақ елін жайлаған жемқорлықты тек қана экс-президенттің жақын туыстары жүзеге асырды деп ойласа, қатты қателеседі. (Қанды қаңтардан кейін Президент жинап алған 162 олигархтың 155-інің экс-президентпен ешқандай қандық байланысы жоқ). Олармен қатар, Назарбаевпен туыстығы жоқ, бірақ жемқорлыққа батқан жүздеген «мемлекеттік саяси қызметші» мен «квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшыларын» атап беруге болады. Әрине, қазір барлық былықты бұрынғы президенттің жақындарына жауып, осы жүйенің басқа да белсенді «жауынгерлерін» (оның ішінде «Жаңа Қазақстан жасаймыз!» деп ұрандап жүргендер де жеткілікті) сүттен – ақ, судан – таза етіп алып шығуға бағытталған жұмыс­тардың қызу жүріп жатқанын көріп отырмыз. Екіншіден, жемқорлық топқа тек қана «президенттің туыстары» кіреді деп кімді сендіреміз? Мүмкін, «сезіктілер» қатарына нағашы, жиен, бөлелері мен жақын достарын да кіргізген жөн болар. Кейбіреулер туған баласынан көрі досына көбірек сенеді. Меніңше, бұл толықтыру – нағыз популистік тәсілдің көрінісі. Әлде Президент осы өзгерту арқылы жемқорлыққа тосқауыл қойып, билікті баласына, одан немересіне бере отырып та әділдік пен имандылықты сақтайтын кейбір монархиялық елдерден озып кетеміз деп ойлай ма екен? Меніңше, барлығы – адамның өзінен, оның тәрбиесі мен оны өсірген ортадан. Малайзия елінің Ата заңында президент туысқандарына қойылатын бұндай шектеу бар ма, білмеймін, бірақ мемлекет басшысы Махат­хир Мұхаммед банк ашамын деген қызының жағынан тартып жіберіп, «мен премьер болып тұрғанда менің жақындарымның бірде-бірі не үлкен бизнеске не үлкен саясатқа араласпайды» дегені – әлемге таралған дерек. Әңгіме осындай әділ де, иманды, конституциядағы баптан емес, Құдайдан қорқатын жанды таңдап алатын әділ сайлау  жүйесінің  орнауында  жатыр.

8. «4) 7) тармақшадағы «Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп коми­тетінің» деген сөздер «Жоғары аудиторлық палатаның»  деген  сөздермен  ауыстырылсын.

Қолдаймын. Бірақ «есеп комитеті» мен «жоғарғы аудиторлық палатаның» бір-бірінен ерекшеліктері, қызметтері нақты, айқын жазылуы керек деп. Референдумға қатысып, дауыс беретін азаматтар бұрынғы комитеттен аудиторлық палатаның қандай артықшылығы барын білуі  шарт.

11. «1) 2-тармақтың екінші сөйлемі мынадай редакцияда  жазылсын:

«Сенаттың он депутатын, оның ішінде бесеуін Қазақстан халқы Ассамблеясының ұсынысы бойын­ша Республика Президенті тағайындайды».

Қарсымын. Біріншіден, «депутат» азаматтардың, көпшіліктің өкілі болып табылады. Оны жеке бір адамның, президенттің тағайындауы демократияның барлық заңдылығына қайшы болып табылады. Егер суперпрезиденттіктен алыс болғымыз келсе, қазіргі қолданыстағы заңдардағы, Конституциядағы Президенттің Мәжіліске, не Сенатқа өз атынан ондаған депутатты тағайындау құқығын толықтай алып тастау керек. Екіншіден, Қазақстан халқы Ассамблеясы сияқты статусы белгісіз (мемлекеттік орган ба, әлде қоғамдық ұйым ба?) дүбара құрылымға депутат  ұсынуы  құқығын беру – ақылға сыймай­тын  мәселе.

«3. Мәжіліс конституциялық заңда белгіленген тәртіппен аралас сайлау жүйесі бойынша: біртұтас жалпыұлттық сайлау округінің аумағы бойынша пропорционалды өкілдік ету жүйесі бо­йынша, сондай-ақ бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша сайланатын тоқсан сегіз депутаттан  тұрады».

Қолдаймын. Алайда бұл бапта пропорционалды өкілдік жүйесі мен мажоритарлы жүйе арқылы сайланатын депутаттардың пайыздық өлшемі көрсетілмеген. Меніңше, 50/50 болғаны дұрыс.

18. «1) Конституциялық Соттың үш судьясын қызметке тағайындайды; Орталық сайлау комиссиясының екі мүшесін, Жоғары аудиторлық палатаның үш мүшесін бес жыл мерзімге  қызметке  тағайындайды».

Қарсымын. Осыдан отыз жыл бұрын, 1992 жылдың 5 маусымында қабылданған «Қазақ­стан Республикасының Конституциялық Соты туралы» заңның  6-бабында  ҚР  Конституция­лық Сотын Жоғарғы Кеңес сайлайды деген бап бар болатын. Әр судьяға ашық дауыс беріледі. Көпшілік дауыс алған үміткер сайланады. Меніңше, осы баптардың қалғаны дұрыс. Жоғарыдағы лауазымдардың иелерін анықтау құқығы Мәжіліске берілгені жөн. Егер бұлардың барлығын (кімдер сайлайды, қалай сайлайды, жастары қандай мөлшерде болуы керек, т.т) тәптіштеп жазатын болсақ, бұл – Конституция емес, заң болып шығады. Ең қызығы, жоғарыдағы, 1992 жылғы заңда «Конституциялық Соттың төрағасы мемлекеттік тілді білуі шарт» деген бап та бар екен. Мүмкін, Ата заңымызға «барлық жоғарғы лауазым иелері мемлекеттік тілді білуі шарт»  деген  бір бапты  енгізу  керек  шығар.

«2. Конституциялық Соттың төрағасын Парламент Сенатының келісімімен Республиканың Президенті  тағайындайды».

Қарсымын. Конституциялық Соттың төрағасын ашық дауыс беру арқылы Парламент тағайын­дауы  керек.

23. «3. Конституциялық Соттың төрт судья­сын – Республика Президенті, Конституциялық Соттың үш-үш судьясын тиісінше Сенат пен Мәжіліс тағайындайды. Республика Президенті Конституциялық Сот төрағасының ұсынуымен Конституциялық Сот Төрағасының орынбасарын Конституциялық Сот судьяларының  арасынан  тағайындайды».

Қарсымын. Конституциялық Соттың судьяларын Парламент тағайындауы керек. Маған Тоқаев мырзаның «Парламенттің құқығын күшей­ту керек» деген пікірді айтып, іс жүзінде Президенттің мүмкіндігін күшейтіп жатқаны мүлдем  түсініксіз…

24. «3. Конституциялық Сот азаматтардың Конституцияда бекітілген құқықтары мен бос­тандықтарын тікелей қозғайтын Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық акті­лерінің Республика Конституциясына сәйкестігін олардың өтініштері бойынша қарайды. Азаматтардың Конституциялық Сотқа жүгіну тәртібі мен шарттары конституциялық заңда айқын­далады».

Қолдаймын. Бірақ, осы жерде, «Азаматтардың Конституциялық Сотқа жүгіну тәртібі мен шарттарын» білуіміз керек. Танысуымыз керек. Біздерде Ата заңда көрсетілген нақты мәселе заңға айналғанда, мүлдем басқа сипат алады. Мысалы, біздің қолданыстағы Ата заңымызда бейбіт шеру­лер, митингілерге толық рұқсат берілген, бірақ осы баптың негізінде дайындалған «Бейбіт шерулер туралы» заңда сол рұқсатты жергілікті атқарушы биліктің басшысы – әкімдер  беретін заң нормасы енгізілген. Соның салдарынан азамат­тар отыз жыл бойы бейбіт шеру өткізе алмай­тын жағдайға жетті. Ертең «Конституция­лық Сотқа жүгіну үшін Парламент депутат­тарының үштен  екісінің қолдауын алу керек» деген сияқты өткел бермес талаптар енгізілсе, бұл ешқашан жұмыс істемейтін  өлі  бапқа  айналады.

«4. Конституциялық Сот осы баптың 1-тарма­ғының 3) және 4) тармақшаларында көрсетілген мәселелерді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің Респуб­лика Конституциясына сәйкестігін Республика Бас прокурорының өтініштері бойынша  қарайды».

Қарсымын. Бұл мәселелерді тек қана Бас прокурор­дың өтініші емес, саяси партиялар мен үкіметтік емес  ұйымдардың өтініші бойынша қарауы қажет. Біздің  Прокуратураның, өкінішке қарай, биліктің  қолбаласы екенін бәріміз білеміз. Сондықтан аса маңызды, бірақ биліктің қатысы бар өзекті мәселелерді қарау жөнінде Прокуратураның  Конституциялық Сотқа  өтініш  бермейтіні  түсінікті.

«5. Конституциялық Сот Конституцияда бекітілген адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің Республика Конституция­сына сәйкестігін Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің  өтініші  бойынша  қарайды».

Қарсымын.  Бұл  да жоғарыдағы жағдаймен ұқсас. Меніңше, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің Республика Конституциясына сәйкестігін адам құқығын қорғайтын үкіметтік емес ұйымдардың өтініші бойынша да қаралуы керек. Бұл, бір жағынан, еліміздегі азаматтық  қоғамның  дамуына позитивті әсер етеді.

31. «83-1-бап 1. Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл адам мен азаматтың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіруге жәрдемдеседі, адам мен  азаматтың құқықтары мен бостандықтарын  ілгерілетуге  ықпал  етеді.

2. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезінде тәуелсіз болады және мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдарға  есеп  бермейді.

3. Қылмыс орнында ұстап алынған немесе ауыр қылмыстар жасаған жағдайлардан басқа кезде, Адам құқықтары жөніндегі уәкілді өз өкілеттігінің мерзімі ішінде тұтқынға алуға, күштеп әкелуге, оған сот тәртібімен белгіленетін әкімшілік жазалау шараларын қолдануға, Сенаттың келісімінсіз қылмыстық  жауаптылыққа   тартуға   болмайды.

Қолдаймын.

32. «4. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдерін тиісінше облыстың аумағында орналасқан мәслихаттар депутаттарының немесе республикалық маңызы бар қалалардың және астананың мәслихаттары депутаттарының келісімімен Респуб­лика Прези­денті қызметке тағайындайды. Республика Президенті дауыс беру жүргізілетін кемінде екі кандидатураны ұсынады. Дауыс беруге қатысқан мәслихат депутаттарының көп дауысын алған кандидат олардың келісімін алды деп есептеледі. Өзге әкімшілік-аумақтық бірліктердің әкімдері заңда айқындалатын тәртіппен қызметке тағайын­далады немесе сайланады, сондай-ақ қызметінен босатылады. Республика Президенті өзінің ұйғаруы бойынша облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдерін  қызметінен  босатуға  құқылы»;

Қарсымын. Президент өзінің Жолдауларында жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін енгізу мәселесін сан рет айтып өткенін білеміз. Демек, ауыл әкімдерін тікелей сайлаудың кейін қала, облыс орталығы әкімдері де жергілікті тұрғындардың сайлауы арқылы қызметке келетіні анық. Егер Конституцияның бүгінге ғана емес, болашаққа да арналған құжат екенін ескерсек, референдумға ұсынылып отырған жоғарыдағы бапты қабылдау да, түсіну де мүмкін емес. Бұл – жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің көрсеткіші емес, бұрынғы «вертикалды басқарудың» бұлжымас шарты. Ал «кемінде екі кандидат» ұсынады, «мәслихат депу­таттарының көп даусын алған» деген сөздер – демократияның декорациясы рөлін ойнап тұрғаны анық. Бұрын Президент әкім болатын адамның біреуін таңдайтын еді, енді бірнешеуін таңдай алады. Бірақ әңгіме Президенттің таңдауында емес (он адам ұсынса да, бұл президенттің таңдауы болып табылады), халықтың, сол жердің тұрғындарының ешқандай таңдауының болмауында  ғой…

Референдумға төмендегідей, қоғамды қызықтырмайтын, техникалық шешімін басқа заңдарға енгізуге болатын мәселелерді кіргізу және оған халық тарапынан қолдау не қолдамау­ды талап ету – барып тұрған сауатсыздық деп білемін.  Мысалы:

3) 4 және 5-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

«4. Мәжіліс депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен қабылданған заң Сенатқа беріледі, ол онда алпыс күннен асырылмай қаралады. Мәжіліс заң жобасын депутаттардың жалпы санының көпшілік даусымен тұтастай қабылдамауға  хақылы. Бас тартылған заң жобасы қабылданбады деп есептеледі және бастамашыға қайтарылады. Сенат депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен мақұлданған заң он күннің ішінде Президенттің қол қоюына беріледі. Егер Сенат заңды тұтастай немесе оның жекелеген баптарын мақұлдамаса, онда заң Мәжіліске қайтарылады. Бұл ретте Сенат Мәжіліске заңның жекелеген баптарының редакциясын ұсынуға құқылы. Егер Сенат алпыс күннің ішінде тиісті шешім қабылдамаған жағдайда, заң Президенттің қол қоюына беріледі.

5. Егер Мәжіліс заңның жекелеген баптарының Сенат ұсынған редакциясына депутаттардың жалпы санының көпшілік даусымен келіссе, Мәжіліс заңды жаңа редакцияда қабылдаған және Сенат мақұлдаған болып есептеледі және он күннің ішінде Президенттің қол қоюына беріледі. Егер  Мәжіліс  заңның жекелеген баптарының Сенат ұсынған редакциясына сол көпшілік дауыс­пен қарсылық білдірсе, сондай-ақ егер Сенат заңды тұтастай мақұлдамаған жағдайда, Палаталар арасындағы келіспеушіліктер келісу рәсімдері арқылы шешіледі. Заңның келісу комиссиясы тұжырымдаған редакциясы осы баптың 4-тармағында белгіленген тәртіппен Мәжілістің және Сенаттың қарауына жатады. Мәжіліс келісу комиссиясы ұсынған редакциядағы заңды Палата депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен қабылдамаған жағдайларда, Мәжіліс бұрын қабылданған редакциядағы заң бойынша қайтадан дауысқа салуды жүргізеді. Егер қайтадан дауысқа салу кезінде Мәжіліс Палата депутаттары жалпы санының үштен екісінің көпшілік даусымен бұрын қабылданған шешімді бекітсе, заң он күннің ішінде Президенттің қол қоюына беріледі. Егер заң Мәжіліс депутаттарының көрсетілген көпшілік даусын алмаса, заң қабылданбады деп есептеледі және  бастамашыға   қайтарылады».

Бұл түзетулер – Конституцияға емес, Парламент туралы заңға немесе Парламентегі дауыс беру Ережелеріне жататын өзгертулер. Өкінішке қарай, өзгертулер мен толықтырулардың көптеген пункттері мамандарға немесе Конституция­ның бұрынғы мәтіні мен қазіргі өзгертулерін салыстыра отырып өз ұйғарымын жасайтын жандарға  арналған  сияқты.

Қорытынды: Қолданыстағы Конституцияның өзгертілетін, толықтырылатын жерлері жеткілікті. Оған ешкімнің таласы жоқ шығар. Конс­титуцияны толықтай қайта жазып шығатын кез де жетті деп ойлаймын. Бірақ билік «қайдан құлақ шығарса» дегенге сүйеніп, ешкіммен ақылдаспай, халық­пен, азаматтық қоғаммен пікірлес­пей, өздеріне қажетті «өзгертулерді» референдум­ға салып отыр. Ішінде дұрысы да бар, бұрысы да бар. Неге екенін білмеймін, референдумды да тым асығыс, қысқа мерзімде өткізуге құлықты сияқты. Меніңше, бұл өзгерістерден Қазақ елі де жаңармайды, Екінші республика да өмірге келмейді.

Бәрінен де қоғам болып жан-жақты талқыланбаған, бір адамның көзқарасына (суперпрезиденттік деген осы) негізделген, бұрынғы билік жүйе­сіне пәлендей өзгеріс әкелмейтін референдумға кеткелі тұрған 16 миллиард теңгеге жаным ашиды. Мүмкін, осы 16 миллиардты сайлауға қатысатын азаматтардың санына бөліп, референдумға қатыс­паймын дегендерге сол ақшаның өздеріне тиесілі бөлігін  берсе, әділ  шешім  болар ма  еді…

P.S. …Кеше ғана әлеуметтік желіден өзінің кішкентай мотороллерін қызыл ту көтерген үлкен машинаның алдына көлденең қойып, қызыл туды алып тастауды талап етіп, аспай-саспай қасқайып тұрған өрімдей жігітті, оны қолдап жүгіріп келген тағы екі-үш қазақ жігітін көріп, таң қалдым, риза болдым. Бұлар – 16-17 жастағы балалар. «Алаштың» да, «Желтоқсан» мен «Азаттың» да мүшесі емес. Бұлар – Жаңа Қазақстанның азаматтары! 

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: