Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Солтүстік Аралдағы су көлемі 23,5 текше шақырымға жетті

06.09.2026, 10:20 23

Солтүстік Арал теңізіндегі су көлемі 2023 жылдың басындағы 18,4 текше шақырымнан 23,5 текше шақырымға дейін ұлғайды. Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, бұған Сырдария өзеніндегі су қоймаларының жұмыс режимін көрші мемлекеттермен келісу және трансшекаралық су мәселелері бойынша жүргізілген жұмыстар ықпал еткен. 

Қазақстан трансшекаралық сулар бойынша барлық көршілес мемлекеттермен құқықтық базаны қалыптастырған. Соның ішінде Өзбекстанмен трансшекаралық су нысандарын бірлесіп басқару және ұтымды пайдалану туралы келісімге қол қойылды. Сырдариядағы су қоймаларының келісілген режимде жұмыс істеуі су аз жылдардың өзінде Солтүстік Аралға тұрақты су жіберуге мүмкіндік беріп отыр. 

Нәтижесінде үш жылға жуық уақытта Солтүстік Аралдағы су көлемі 5,1 текше шақырымға немесе шамамен 28 пайызға артқан.

Елдегі өзге ірі су айдындарында да оң өзгерістер бар. Соңғы екі жылда Балқаш көліне шамамен 30 текше шақырым су келіп, көл деңгейінің тұрақтануына ықпал етті. Қапшағай су қоймасы үшінші жыл қатарынан толық көлемде толған. Ал Бұқтырма су қоймасына 2024–2025 жылдары жалпы 58,6 млрд текше метр су келген. 

Су шаруашылығын жаңғырту жұмыстары да жалғасып жатыр. 2024–2025 жылдары 1458 шақырым канал қайта жаңғыртылып, қазір тағы 4,6 мың шақырымнан астам каналда жұмыс жүргізілуде. 2026 жылы оның 962 шақырымын пайдалануға беру жоспарланған. Бұл шамамен 200 мың гектар суармалы жерді сумен қамтамасыз етуді жақсартуға мүмкіндік береді. 

Сондай-ақ 2025 жылдың қорытындысында су үнемдеу технологиялары қолданылатын егістік көлемі 543,5 мың гектарға жетіп, шамамен 874 млн текше метр су үнемделген. 

Осылайша, Солтүстік Аралдағы су көлемінің 23,5 текше шақырымға жетуі кейінгі жылдардағы Сырдария суын реттеу мен трансшекаралық су жөніндегі келіссөздердің нақты нәтижелерінің бірі болып отыр.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: