Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

СӨРЕ мен МӘРЕ

30.03.2023, 12:00 317

Иә, «бардың малын шашып, жоқ­тың артын ашып» бұл сайлау да өтті. Оған да он күннен асып барады. Жасы­ратыны жоқ, бұл жолғы саяси науқанға жұртшылық анау айтқандай «құлықты» болмады, әдеттегідей өтіп жатқан бірсарынды күн сияқты қабылдады. Еліміздің кейбір өңірінде тіпті сайлау учаскелерін «цирк» пен «шоуға» айналдырғандар да болды. Бірі сайлауға түйемен, атпен келіп, енді бірі жартылай жалаңаш күйінде барып, кейбіреуі тегін наурыз­көже тара­тып, сайлау учаскесінде адырас­пан түтетіп, оны қойшы, арқасына диван байлап келіп дауыс беріп жатқандар кездесті. Ал Қо­наев қаласында барыстың киімін киіп барғанын, Семейде «Қыдыр атаның» кейпінде келіп бата бергенін, енді бір жерде робот, тасбақа-ниндзя киімімен келгендерді естіп, «шоуға» айналған сайлаудың көптің «көңілін» көтергенін қайда қоямыз? Кей өңірде «ескі сарынмен» белден басып, урнаға топтап бюллетень салып, «карусель» ұйымдастырып, «сайлау әділ өтпеді, бойкот» деп байбалам салған, т.б. «қызық-шыжыққа» толы видеожазбаларды әлеуметтік желіден көріп, ішімізді тарттық. Тере берсең, бұл  сайлаудың  да  минус-плюсі  көп.

Хош. Бұл жолғы Мәжіліс пен мәс­лихаттар сайлауы жаңа форматта өтті. Депутаттар тек пропорционалды жолмен, яғни партия атынан ғана сайланған жоқ, кандидаттар сайлау жүйе­сінің тағы бір түрі – мажоритар­лық  жолмен  таңдалды. Яғни жергілік­ті жердің барлық проблемасына қанық­пын деген азаматтар өзін-өзі ұсынып, додаға түсті. Бір сөзбен айт­қанда, сайлауға жеті саяси партия және мажоритарлы жүйемен өзін-өзі ұсынған кандидаттар қатыс­ты. Әйтсе де, бұл жолы да «аманаттықтардың» ат ойнақтатып тағы да алға озғаны анық. Әрине, әлгі айтқан екі жүйе бойынша да. Жаңадан тіркелген «Байтақтың» бағы жанбағаны болмаса, осы уақытқа дейін шаппай жатып, өзіне-өзі байкот жариялап келген ЖСДП-ның өзі 5 пайыздық деңгейден асқаны, одан қалды, кеше ғана тіркелген Respublica партиясы да, жалпы 5 пайыздық үдеден өткен  6 партияның екпініне қарасаңыз, бұл сайлаудың салыстырмалы түрде әділ өткеніне іштей сенімді боласыз. Әрине, бұл – орталық сайлау комиссиясының берген есебі емес, сайлау өткен күннің ертеңіне жария­ланған Exit-poll-дың құжаты. «Алма ағашынан алысқа түспейді» деген тәмсілге салсақ, ресми астананың сандары да осы Exit-poll-дан қиғаш кетпейтінін газе­тіміздің  өткен  санын­да  жазған  едік.  Дәл  солай  болып  шықты.

Апта басында Орталық сайлау комиссия­сы жеті күн дегенде мәжіліс сайлауының нақты нәтижесін жариялады. Айтпақшы, өңірлерден жедел деректер бойынша сайлау­шылар тізі­міне  12 035 578 азамат енгізілсе, дауыс беруге 6 366 441 адам қатысыпты. Ал, саяси партиялар «тартысында» «Amanat» партиясы алға озды, 53,90%, одан кейінгі орынды «Ауыл» алып отыр – 10,90%, Respublica (8,59%) мен «Ақ жол» (8,41%) көмбеге құйрық тістесіп келді. «Қазақстан халық партиясының» (6,80%) аптығы  басылмай, әлі ентігіп тұрғандай, ЖСДП 5,20% алса, «Байтаққа» бұйырғаны – 2,30%, ал бәріне қарсы – 3,90%. Сонымен,  Мәжіліске  «Amanat»  –  40,  «Ауыл» – 8, «Ақ жол» – 6,  Respublica – 6,  ҚКП – 5, ЖСДП 4 мандат алды. Ал «Байтақ» жасылдар парт­иясы Мәжіліске өткен жоқ. Енді «бағы жанған» партиялардан кімнің парламент төріне баратыны сол саяси ұйымдардың бюро отырысында шешілетіні анық. Дүйсенбі күні-ақ Мәжіліс депутаттығына Respublica партиясынан төрағасы Айдарбек Қожаназаров, партияның тең төрағалары Динара Шүкіжанова мен Руслан Берденов, сондай-ақ Динара Наумова, Нұргүл Тау және Олжас Құспековтің баратыны белгілі болды. Ал, «Ақ жол» партиясынан Азат Перуашев өзі бастап, Ерлан Барлыбаев, Ержан Бейсенбаев, Дания Еспаева, Қазыбек Иса, Асқар Садықов келсе, «Қазақстан халық партиясы» (коммунистер) атынан Магеррам Магеррамов, Ирина Смирнова, Гаухар Танашева, Кенжеғұл Сейтжан, Ислам Сұңқар таңдалды. «Amanat»-тың аманатын арқалағандар да анықталды:  Ерлан  Абдиев, Константин Авершин, Тілектес Адамбеков, Асхат Аймағамбетов, Мұрат Әбенов, Нұржан Әшімбетов, Жанарбек Әшімжанов, Аманжол Әлтай, Марат Бәшімов, Елнұр Бейсенбаев, Берік Бейсенғалиев, Наталья Дементьева, Мұрат Ергешбаев, Ғалымжан Елеуов, Ринат Заитов, Снежанна Имашева, Бақтықожа Ізмұхамбетов, Павел Казанцев, Болат  Керімбек, Дмитрий Колода,  Ерлан  Қошанов, Айгүл Құспан, Юлия Кучинская, Самат Мұсабаев, Самат Нұртаза, Сергей Пономарев, Альберт Рау, Максим Рожин, Татьяна Савельева, Ерлан Саиров, Айдос Сарым, Нартай Сарсенғалиев, Бауыржан Смағұлов, Екатерина Смышляева, Жұлдыз Сүлейменова, Мәди Тәкиев, Мақсат Толықбай, Дүйсенбай Тұрғанов, Үнзила Шапақ, Никита Шаталов. «Ауыл» партиясынан Мәжіліс депутаттығына Жигули Дайрабаев, Серік Егізбаев, Қарақат Әбден, Анас Бақ­қожаев, Ерболат Саурықов, Николай Арсютин, Аян Зейнуллин, Таңсәуле Серіков өтті. Өздерін «оппозиция» санайтын Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан (ЖСДП) «асығы алшысынан түскен» төртеу Нұрлан Әуесбаев, Асхат Рахымжанов, Ажар Сағандықова және Наурыз Сайлаубай болды.

Партияны қойшы, тобымен келіп, тобы­мен кететіндер  ғой. Сайлаудың  қызығы  –  30 пайыздық орынға (29 депутат. – авт.) талас­қан «сен тұр, мен атайын» дейтін бірмандаттың маңғаздарында. Бұқараға керегі де солар еді. Әу баста 30 пайыздық үлеске 400-ден аса кандидаттың тіркелгенін, оның ішінде салмақтылар да, салмақсыздары да барын бәрі біледі. Бәйге басталмай жатып, сүрінгендер де, сүріндіргендер де болды. Сыр елінде де сайдың тасындай азаматтардың «айқасқанын» жұрт біледі. Сонымен, бірмандаттық жүйе бойынша депутат болғандардың тізімі де алдын ала шығарылған қорытындыға сай сол қалпы қалды. Дені – жаңа есімдер. Олар кімдер? Дәулет Тұрлыханов (Астана), Дәулет Мұқаев (Астана), Ерлан Стамбеков (Алматы), Ермұрат Бапи (Алматы), Бақытжан Базарбек (Алматы), Данабек Исабеков (Шымкент), Болатбек Нәжметдинұлы (Шымкент), Нұртай Сәбиля­нов (Абай облысы), Айна Мысырәлімова (Ақмола облысы), Қазыбек Әлішев (Ақтөбе облысы), Ардақ Назаров (Алматы облы­сы), Данияр Қасқарауов (Алматы облысы), Әділ Жұбанов (Атырау облысы), Абзал Құспан (БҚО), Мұқаш Ескендіров (Жамбыл облысы), Гүлдара Нұрымова (Жамбыл облысы), Руслан Қожасбаев (Жетісу облысы), Құдайберген Бексұлтанов (Қарағанды облысы), Арман Қалықов (Қарағанды облысы), Әбіл Еркін (Қостанай облысы), Мархабат Жайымбетов (Қызылорда облысы), Еділ Жаңбыршин (Маңғыстау облысы), Амантай Жарқынбек (Павлодар облысы), Еркебұлан Мәмбетов (СҚО), Қайрат Балабиев (Түркістан облысы), Ұласбек Сәдібеков (Түркістан облысы), Темір Қырықбаев (Түркістан облысы), Ербо­лат Саты­балдин  (Ұлытау облысы),  Лұқбек Тұмашинов  (ШҚО).  Сонымен, «үкіленген» 98 депутат тас түйін дайын, енді алда олар қалай қызмет етеді, не істеп, не қояды, оны уақыттың құзырына қалдырайық.

Енді Қызылордаға қайтайық. Өткен жұма күні кешкілік облыстық сайлау комиссиясы 2023 жылғы 19 наурызда өткен Қызылорда облыстық мәслихатының партиялық тізімдер бойынша сайланатын депутаттарының сайлау қорытындыларын жариялады. Хабарламада көрсетілгендей, облыс бойынша сайлаушылардың тізімдеріне 486034 азамат енгізілген. Дауыс беруге 325088 сайлаушы қатысты, олардың ішінде есептен шығару куәліктері бойынша 62 сайлаушы, дауыс беруге арналған үй-жайлардан тыс 4285 сайлаушы дауыс берген.

Айтқандай, сайлауға 6 саяси партия қатыс­ты. Саяси партиялар үшін дауыс саны былай болды: «Amanat» партиясы – 219248 дауыс немесе дауыс беруге қатысқан сайлаушылар дауыстарының 68,51 проценті; «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы – 13465 дауыс немесе дауыс беруге қатысқан сайлаушылар дауыстарының 4,21 проценті; «Respublica» партиясы – 10773 дауыс немесе дауыс беруге қатысқан сайлаушылар дауыстарының 3,37 проценті; Қазақстан Халық партиясы – 9037 дауыс немесе дауыс беруге қатысқан сайлаушылар дауыстарының 2,82 проценті; Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы – 10493 дауыс немесе дауыс беруге қатысқан сайлаушылар дауыстарының 3,28 проценті; «Ақ жол» Қазақстанның Демократиялық партиясы – 50805 дауыс немесе дауыс беруге қатысқан сайлаушылар дауыс­тарының 15,87 проценті; «Бәріне қарсымын» белгісі бар сайлау бюллетеньдер саны – 6220.

Сөйтіп, дауыс беруге қатысқан сайлаушылар дауыстарының бес және одан көп процентін алған саяси партиялар үшін депутаттық мандаттар бойынша мәслихатқа «Amanat» партиясынан – 13, «Ақ жол» Қазақстанның Демократиялық партиясынан 3 азамат бара­тын болды. Оларды да партияның жергілікті филиалы ішкі отырысында анықтады. Мәселен, бүрсігүні өткен «Amanat» партиясы Қызылорда облыстық филиалының Саяси кеңесі Бюро отырысының қорытындысымен 13 азамат, яғни Аида Әбибуллаева, Батырхан Базарбаев, Наурызбай Байқадамов, Нұркен Бақытбекұлы, Ержан Ескендір, Рашид Иб­раев, Нұрболат Ибраев, Бақдәулет Махашов, Мақсұт Нәлібаев, Жорабек Нұрымбетов, Қайрат Нұрсейтов, Алмас Рахметов және Балжан Шәменова партиялық тізім бойынша облыс­тық мәслихат депутаты мандатын иеленді.  Ал, «ақ жолдық» үшеу Қайрат Боранбаев, Бауыржан Сандыбаев, Нурымжан Сопбеков екен. Жалпы, Қызылорда облыстық мәслихатында барлығы 32 депутат болса, оның 16-сының «бағы» партиялық тізіммен «жанып», 16-сы бірмандатты мажоритарлы  жүйемен  сайланды.  Олар:

№1 сайлау округі бойынша – Жұмашев Мейрамбек Тоғысұлы, 1978 туған, «Тоғыс-Арало­тын» ЖШС директоры, Қызылорда облы­сы, Арал  қаласында  тұрады.

№2 сайлау округі бойынша – Тілеп Ібайдулла Тілепұлы, 1959 жылы туған, «Тілеп» ЖШС-нің директоры, Қызылорда облысы, Қазалы  ауданы, Әйтеке би кентінде тұрады.

№3 сайлау округі бойынша – Иман­досов Нұрлан Самұратұлы, 1977 жылы туған, «РЗА-Агро» ЖШС директоры, Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Әйтеке би кентінде тұрады.

№4  сайлау  округі  бойынша – Қалиев Ерлан Піртазаұлы, 1962 жылы туған, Байқоңыр мемлекеттік мүлік және жекешелендіру депар­таментінің басшысы, Қызылорда об­лысы, Байқоңыр  қаласында  тұрады.

№5 сайлау округі бойынша – Төлепов Орынбасар Өтепұлы, 1962 жылы туған, «Жаңажол» жауапкершілігі шектеулі серіктес­тігінің директоры, Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Дүр Оңғар ауылында тұрады.

№6 сайлау округі бойынша – Шаймағанбетов Әмірбек Бердібекұлы, 1963 жылы туған, «Қызылорда автобус паркі» ЖШС дирек­торының  орынбасары, Қызылорда  қаласында  тұрады.

№7 сайлау округі бойынша – Ембергенов Жұмабек Әшімұлы, 1976 жылы туған, Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік коорпорациясы Сырдария аудандық бөлімінің басшысы, Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Тереңөзек  кентінде  тұрады.

№8 сайлау округі бойынша – Жұмбеков Дәулет  Егембергенұлы, 1962 жылы туған, «Ақмая» шаруа қожалығының төрағасы, Шие­лі  ауданында  тұрады.

№9 сайлау округі бойынша – Ысқақ Жанке­лді Ойшыұлы, 1958 жылы туған, «Ысқақ» жеке кәсіпкерлігінің директоры, Қызылорда  қаласында  тұрады.

№10 сайлау округі бойынша – Амитов Нури­дин Егембердиевич, 1968 жылы туған, Қызылорда облыстық көпбейінді облыстық аурухананың директоры, Қызылорда қаласында  тұрады.

№11 сайлау округі бойынша – Ниязов Мұхтар Мәуленұлы, 1985 жылы туған, Н.Бекежа­нов  атындағы қазақ музыкалық академиялық театрының директоры, Қызыл­орда  қаласында  тұрады.

№12 сайлау округі бойынша – Мұстафа Садық Шоңмұрынұлы, 1966 жылы туған, «Қайсар» Қызылорда облыстық футбол клубы»  ЖШС  директоры,  Қызылорда  қаласында  тұрады.

№13  сайлау  округі  бойынша – Сақтағанов  Қанағат  Жанайбекұлы, 1966  жылы  туған, «Асар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылтайшысы, Қызылорда қаласында  тұрады.

№14 сайлау округі бойынша – Ералиев Мағжан Абзалұлы, 1989 жылы туған, «Абзал және Компания» ТС директоры, Қызылорда қаласында  тұрады.

№15 сайлау округі бойынша – Оңғарбаев Аманжол Сақыпұлы, 1968 жылы туған, «Сыр медиа» ЖШС бас директоры, Қызылорда қаласы­нда  тұрады.

№16 сайлау округі бойынша – Ерназаров Қайрат Шаршыбекұлы, 1965 жылы туған, «Бақ-береке 2030» ЖШС директоры, Қызыл­орда  қаласында  тұрады.

Айта кетейік, осы тектес қала мен аудандардың да депутаттары белгілі болды. Басқа өңірлерге қарағанда Қызылордада сайлау ың-шыңсыз әрі белсенді өтті деп жатыр.

Әрине, «бұл мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы қалай өтеді?» деген сауал көптеген адамның көкейінде жүргені шындық. «Мемлекетіміздің заң шығаратын органына кімдер лайық?» деген заңды сұрақ та туындайды. Депу­тат деген тек атақ қана немесе үкімет дайындап берген заңдарға қол қойып қана отыратын адам болса, онда қоғамдағы көптеген әлеуметтік, экономикалық дамуына тежеу болады. Депутат заңнан, экономикадан, саясаттан, әлеуметтің тұрмыс-тіршілігінен хабары бар адамның болғаны мемлекет үшін өте пайдалы. Патша көңілді оқырман, алдарыңызға барынша жаңадан жасақталған депутаттар корпусын ұсынған болдық. Елдің тағдырын шешіп, болашағын айқындайтын кәсіби парламенттің, жергілікті мәслихаттардың лайықты құрамы қалыптасты ма? Ендігі оның депутаттарының айтатын пікірі, көтеретін мәселесі әділетті Қазақстанның көшін түзеуге ықпал ете ала ма? Оны халық қалаулысы атанған жандардың ар-ұяты мен уақыт таразысына  қалдырайық.

Н.КЕНЖЕТАЙ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: