Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Шаһар басшысы жұмыс сапасын тексерді

24.07.2020, 9:40 506

 HALYQLINE.KZ Кеше қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан жобалардың жұмыс сапасын тексерді.


60 АЛАҢ ЖАҢҒЫРЫП…


Қала басшысы алдымен, Ақмешіт ықшам ауданында болып, №28 үйдің ауласына салынған балалар ойын алаңының сапасын тексерді. Балаларды қуанышқа бөлеген алаң толығымен заманауи талаптарға сай. Қауіпсіз әрі сапалы жасалған жұмысқа тұрғындар алғысын білдіруде.

«Бұрын балаларымыз ойнауға кетсе, бір жерін жарақаттап ала ма деп алаңдап отыратын едік. Қазір қорқыныш сейілді», – дейді қала тұрғыны Салтанат Күзербергенова.

Биыл Қызылорда қаласы бойынша аталмыш бағдарлама негізінде 30 балаларға арналған ойын алаңын салу жоспарланған. Қазіргі таңда 18 нысанның құрылысы толығымен аяқталып, 12 алаңды жүзеге асыру жұмыстары жалғасуда. Сонымен қатар қала бойынша 60-тан аса ойын алаңдарына жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Аралау барысында шаһар басшысы ықшам ауданға қарасты №26, 27 үйлердің тұрғындарымен де тілдесіп, өтініш-тілектерін тыңдады. Тұрғындардың мәселесі бойынша сала басшыларына жекелей тапсырма жүктеп, оны 10 күннің ішінде шешуді тапсырды. Сонымен бірге барлығы өз бақылауында болатынын жеткізді.

Одан әрі қала әкімі Ғ.Мұратбаев көшесі №4 мекенжайында салынған спорт-жаттығу алаңына барды. Жобаны «Ақмар и К» ЖШС жүзеге асыруда. Құрылыс жұмыстары негізінде 18 адам жұмыспен қамтылған.

Бұдан бөлек қала аумағында тағы 2 балаларға арналған стритбол алаңы салынуда. Бұхарбай батыр көшесі №113 Г мекенжайында орналасатын стритбол алаңының құрылысына бүгінде мердігер мекеме анықталып, құрылысы басталған. Жобаны жүзеге асыруға жауапты «СпецСтрой ЛТД» ЖШС. Қазіргі уақытта алаңның ескі топырақтары шығарылып, орнына құм, ГПС, Грави салынып, асфальт төселді. Қажетті жабдықтарға Алматы қаласына тапсырыс берілген. Спорттық жабдықтар апта аяғында жеткізілетін болады.

Тасбөгет кентінде орналасқан стритбол алаңыныңда құрылыс жұмыстары қарқынды жүруде. Нысанға тас төселіп, қажетті спорт жабдықтарына тапсырыс берілген.


ҚЫЗЫЛОРДАДА 12 ШАҚЫРЫМ ЖЫЛУ ҚҰБЫРЫ ЖАҢАРУДА


Биыл Қызылорда қаласы бойынша 12 шақырым жылу жүйелері күрделі жөндеуден өтуде. 20 жылдан аса қызмет жасаған жылу құбырларының 5 шақырымы «Қызылорда жылу электр орталығы» мекемесінің өз қаражатымен ауыстырылса, қалған 7 шақырым «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы негізінде жаңалануда. Бұл жұмыстарға бағдарлама талаптарына сай 200 адам жұмысқа тартылған. Жұмыс қарқынын өз көзімен көрген қала басшысы бірінші кезекте сапаға мән беріп, уақытылы аяқтау маңызды екенін ескерте отырып, барлық жұмыстар күнделікті өз бақылауында болатынын жеткізді. Жалпы, Қызылорда қаласы бойынша жылу желілерінің ұзындығы 186 шақырымды құрайды. Оның 60 пайызы толығымен жаңартылған.


ТАЛАП – МЕРЗІМ МЕН САПА


Биылғы жылы қалалық білім бөліміне қарасты 4 мектепте «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасына сай күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бүгін қала әкімі бағдарлама аясында Ж.Махамбетов атындағы №43 мектепке жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарын көрді. Білім ұясының іргетасы 1987 жылы қаланған. Бой көтергеніне 33 жыл болған 1505 орындық мектепке күрделі жөндеуді «ДаренСтройСервис» ЖШС жүргізуде. Білім ордасының есік, терезе, еденін ауыстыру және сыртқы фасадын әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Жобаны жүзеге асырушы 25 адамды жұмыспен қамтыған.

«Мектеп 33 жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген. Сондықтан барлығын талапқа сай, жоғары сапалы етіп жасаңыздар» – деген қала әкімі жауаптыларға «білім ұясы оқу маусымына толығымен дайын болатын болсын», – деп нықтап тапсырды.

Қызылорда қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: