Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Шәменов қандай уәде берді?

25.08.2022, 11:30 489

HALYQLINE.KZ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі барлық әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы 2022 жылдың 3 наурызындағы №826 Жарлығына қол қойып, «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 17 және 21-баптарына сәйкес және қоғамды одан әрі демократияландыру, елде жүргізіліп жатқан реформалар туралы халықты хабардар ету, жергілікті атқарушы органдардың ашықтығын, жауапкершілігін, есептілігін арттыру мақсатында қаулы шығарды. Бұл қаулы бойынша барлық деңгейдегі әкімдер жыл бойы бұқарамен кездесулер өткізіп, оларды толғандырған мәселелер барысына баса назар аудара отырып, Қазақстанды жаңғырту жаңа бағдары бойынша халықты хабардар етіп, басты түйткілдерді шешу жолдарын түсіндіреді. Сондай-ақ, осы Жарлық бойынша әр деңгейдегі әкімдердің барлығына тікелей тапсырмалар жүктелді. Осы орайда, Қызылорда қаласының әкімі Асылбек Шаменов қалаға қарасты ауыл-аймақ, елді мекендер мен мөлтек аудандарының тұрғындарымен жүздесіп, талап-тілегін тыңдады.

Қала әкімі кеше «Сырдария» мөлтек ауданындағы көпқабатты үйлердің тұрғындарымен кездесіп, онда қарапайым халықты мазалаған түрлі сауалдар мен шешімі табылмаған мәселелер жайында сөз қозғалды. Кездесу барысы ашық әңгіме форматында өткендіктен тұрғындардың барлық  сауалдары тыңдалып, өтініштерін түртіп алды. Асылбек Өмірбекұлы бұл мөлтек ауданның үйлері мен көшелеріне ерекше көңіл аударатындарын айтып, қала орталығында орналасқан тұрғын үйлердің проблемаларын бірінші кезекте ретке келтіру бойынша осы мөлтек ауданынан бастау алғанды жөн көргендігін тілге тиек етті. Сонымен «Сырдария» мөлтек ауданындағы көпқабатты үйлердің тұрғындары тарапынан үйлердің сыртқы көрінісіне байланысты жаңарту жұмыстарын жүргізіп, кәріз жүйесін ретке келтіру бойынша ұсыныстар мен сұраулар айтылды. Одан бөлек, көше тазалығына көп мән берілмейтінін айтқан тұрғындар қоқыс жәшігі бір айда бір-екі рет қана тазаланып, қалған уақытта лық толы болатынын, оны қаңғырған иттер келіп шашып тастайтынын айтты. Бұл жөнінде қала әкімі А.Шаменов қабылданған заң бойынша иттерді атуға болмайтыны туралы халыққа түсіндіріп, көшені қаңғыбас иттерден біртіндеп тазартып, арнайы мекемеге апарып орналастырып жатқанын жеткізді.

Бүгінгі кездесуде қала тұрғындары үшін атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы құлағдар етіп, сіздердің ұсыныстарыңызды тыңдап, сол бойынша жұмысымызды ширату үшін осы кездесу барысын ұйымдастырып отырмыз. Бұл мөлтек ауданды одан да қолайлы және көркейту  «сіз бен біз» бірлесіп жұмыс істегенге байланысты. Әрбір жерлесіміз өз аумағында тазалық сақтап, жанашырлықпен қараса, қаламыздың, оның ішінде көпқабатты тұрғын үйлердің ауласы бәріміз мақтан тұтарлықтай өзгеретініне сенімдімін, – деді қала әкімі.

Жиын соңында тұрғындар арасындағы ақсақал қала әкіміне ризашылығын білдіріп, халық болып сенім артатындарын жеткізіп, өзінің ақ батасын берді.

Одан кейін қала әкімі «Универсам» мөлтек ауданында орналасқан Есенов және Бектұрғанов көшелеріндегі көпқабатты тұрғын үйлердің халқымен жүздесті. Қала әкімі алдымен тұрғындардың көкейіндегі сан сауалдары мен ой-пікірлерін тыңдап алып, басты мәселелерді тез арада қолға алатынын айтты. Бұл мөлтек аудан тұрғындарының да  арыз-шағымдары тұрғын үйді жаңарту мен жөндеу жұмыстарын істеп беру бойынша, сонымен қатар ардагерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандарға үйге кіреберіс есіктен қолайлы етіп орын әзірлеу барысы сұралды. Өтініштері жиналып қалған қала тұрғындарының арасында балалардың да мәселесі қозғалды. Жаңадан салынған балалар ойын алаңында кешкісін жарық жанбайтынын айтып, кеш бата ойнай алмайтындарын, сондай-ақ, спортпен шұғылданатын орындарға тас төселгенін айтты. Халық ол тасты неліктен әкеліп қойғандарын түсінбей дау шығарды. Онымен қоса, қоқыс жәшігінің айналасы құмға толы, жазда шаң-топырақ, қыста балшық болатынын айтып шағымданды «Универсам» мөлтек ауданына қарасты көшелер бойында жаяу жүргіншілер өтетін жол мен белгілердің аздығы жеткізіліп, тұрғын үйлер маңына көлік қоятын орынның тарлығы, көліктер ретсіз орналасатынын баяндады. Бұл мәселелердің бәріне құлақ салып тыңдаған әкім барлығы өз кезегі бойынша шешімін табатынын, бірден орындала қалмайтынын, бұл мәселелердің бүкілінен хабардар екенін, тек бюджеттен қыруар қаражат кететінін айтып халықтың көңілін жайландырды.

Барлығы бірден бола қалады деп уәде бере алмаймын. Рет-ретімен шешуге тырысамын. Сіздермен кездесуге тек мен ғана емес, арнайы салалардың басшылары да келіп отыр. Осы кісілерге де арыз-шағымдарыңызды жеткізсеңіздер болады. Сіздердің өтініштеріңізді орындау үшін осындай кездесулерді ұйымдастырып, қаламызды көркейту мақсатында жаңа бағытта жұмысымызды бастап жатырмыз, – деп қала әкімі кездесу барысын аяқтады.

Жүздесу соңында қаламызда қоғамдық көліктердің аздығы айтылған болатын, оған қала әкімі жақсы жаңалығымен бөлісіп, тұрғындар бір қуанып қалды. Нақтырақ айтатын болсақ, биыл күзде қаламызға 150 жаңа қоғамдық көлік келіп, қызметке қосылатын болады. Айта кетейік, қала әкімі барлық ауыл-аймақ, елді мекен, мөлтек аудандардың тұрғындарымен кездесуін аяқтағаннан кейін, бұқараның басты мәселелері барысында жергілікті атқарушы органдардың, әлеуетті құрылымдардың, прокуратура, полиция басшылық құрылымымен, мәслихат депутаттарымен, қоғамдық кеңес мүшелерімен жеке қабылдау өткізеді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: