Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сайлауға режимнің «батасын» алған адам ғана қатыса алады

22.06.2020, 11:35 353 0

HALYQLINE.KZ

Фейсбукте «праймериз –– демократияның нышаны, елді өзгертудің мүмкіндігі» деген сарындағы «бақытқа ұмтылушы адамдардың» посттары күн санап көбейіп барады. Ол пропаганда кейбір кісілерге өтіп кетіп, олар Ернар Айдар стилінде «мән бермей», кейін санын соғып, «алданып» қалмас үшін мына 5 сұрақты өз-өзіне қоюы керек дей ойлаймын.

1. ҚР Конституциясы бойынша әрбір азаматтың сайлау және сайлану құқығы бар. Сайлау және саяси партиялар туралы заңдар бойынша, мәслихаттан бастап ҚР президенті сайлауына дейін тек режимнің «батасын» алған партияның/қоғамдық ұйымның мүшесі ғана қатыса алады. Бұл –– cаяси құлдық. Саяси құлдықты заңдастырғандар — парламентті бақылауда ұстап отырған «Нұр Отанның» және өзін «парламенттік оппик» санайтын «Ақ жол» мен КНПК депутаттары, ол заңдарға қол қойған Н.Назарбаев пен Қ.Тоқаев секілді нұротандық президенттер. Олай болса, неге өз құқығымды шектеуге саналы түрде келісіп, конституцияға пысқырмайтын, қазақстандықтардың саяси құқықтарын сыйламайтын «Нұр Отанның» праймеризіне қатысуым керек?

2. «Нұр» Отан елдегі биліктің үш тармағын да толық бақылап отыр. Мемлекеттік және жергілікті органдардың бәрін ешқандай саяси бәсекесіз 100% басқарып отыр. Соның өзінде Қазақстанның дамып кеткені шамалы. «Оппозиция саясат ойнап, жұмыс істеуге кедергі келтіріп отыр» немесе «Бейбіт митингішілер күніге кабинетіміздің алдында шулап жұмыс жасатпайды» деп еш айта алмайды. Олай болса, неге мен билігі тиімсіз басқару мен регресстің синониміне айналған партияның атынан «сайлауға» түсуім керек?

3. Бағлан Майлыбаев секілді мүшесі мемлекеттік құпияны шетелге сатып сотталған, кейін көп ұзамай босап шыққан, яғни мүшелері «мемлекетшіл» болайық деп аузы көпіретін, бірақ заң үстемдігін орнатуды көздемейтін партияның праймеризіне неге қатысуым керек?

4. Арыстағы жарылыстан жапа шеккендерге көмек беруге арналған фондтан 80 млн теңге жымқырғаны үшін ұсталған Қызылорда облысының экс-әкімі Қ.Ысқақов секілді мүшесі бар партияның праймеризіне қатысу арқылы не үшін өзімнің репутациямды былғауым керек?

5. ҚР азаматы Альнур Ильяшев «Нұр Отанды» Фейсбукте сынағаны үшін түрмеге қамалуы мүмкін. Сөз бостандығын мүлдем құрметтемейтін, сын көтере алмайтын партияның праймеризіне мен не үшін қатысуым керек?

P.S. Осы күнге дейін маған екі кісі хабарласып, нұротандық шенділерден праймеризге шақыру алғанын айтып, ойымды сұрады. Екеуіне де «Праймеризге қатысуға кететін уақытты өзге пайдалы дүниеге жұмсаған дұрыс болар» деп өзімше кеңесімді бердім. Екеуінің қандай шешім қабылдағанын уақыт көрсетеді. Әлі шешім қабылдай қоймаса, жоғарыдағы бес сұрақтың ол екі кісіге де пайдасы тиіп қалар деп үміттенемін.

Шалқар  НҰРСЕЙІТОВ,

саясаттанушы.

Facebook-тегі  парақшасынан  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: