Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Саясаттан кеткендер» қайда барады?

08.04.2021, 12:30 441

Жақында бір азамат менен «Досеке, соңғы уақытта «саясаттан кеттім» деген сөздер көбейе бастады. Қоғамдық өмірде көзге түсіп, өзінің ой-пікірлерін халыққа жеткізіп, билікке кейде сын айтып, енді бірде ұсыныс берушілердің барлығы «саясаткер» болып табыла ма? Жалпы алғанда, «саясаттан» кету деген нені білдіреді деп ойлайсыз?» деп сұрады. Расы сол, соңғы жылдары «мен саясаттан кеттім», «енді саяси-қоғамдық мәселелермен айналыспаймын» деген сияқты мәлімдемелер көбейе бастады. Шынымды айтсам, өмірімнің бір бөлігін осы салаға берген адам есебінде осындай «ағынан жарылуды» түсінбей-ақ қойдым. Сондықтан менің жауабымды осындай мәлімдеме жасаған адамдарды сынауға арналды деп ойлап қалмаңыздар, бұлардың барлығымен қарым-қатынасым жақсы, олардың іс-әрекеттерін құрметтеймін, айтқан ойларына, бағыттарына әрқашан оң көзқараспен қараймын. Әңгіме, менің ойымша, кейбір ұғымдарды немесе сол ұғымды беретін сөздерді қате түсінуімізде сияқты.

САЯСАТКЕР  ҰҒЫМЫН  КІМ,  ҚАЛАЙ  ТҮСІНЕДІ?

Өкінішке қарай, біздің қоғамда өзінің пікірін, оның ішінде қоғамның күрделі, өзекті мәселелеріне қатысты ойларын ашық айтып, әлеуметтік желіде жиі көрініп, қоғамның көңіл бөлген оқиғаларын жан-жақты сараптауға күш салған, оның ішінде сол мәселеге қатысты билікті не президентті сынға алған жандарды «саясаткер» (немесе «оппозициялық саясаткер») деп атау жиі кездеседі. Әңгімемізді осы ұғымнан бастаған дұрыс сияқты. Әрбір адам өзінің көзқарасын ашық білдіре алатын заман­да (Құдайға шүкір, әлеуметтік желімен де сырласуға болады) сыни көзқарас білдірген жандардың барлығын саясаткердің қатарына жатқызсақ, «мыңдаған саясаткері бар ел» болып шыға келеміз. Әрине, оның ішіне нақты саяси мақсат қойып, сол мақсатты жүзеге асыру үшін саяси құрылым (саяси партия, республикалық деңгейдегі қозғалыстардың жетекшісі болып немесе халықаралық деңгейде саясаткер есебінде қабылданып, т.т.) жасап, саяси тәсілдерді пайдалана отырып жұмыс істейтін жандар да, сұхбат берумен, өзінің сараптамалық пікірін айтумен шектелетін азаматтар да кіреді. Соңғыларының көптігі сонша, алғашқы топқа енетін саусақпен санарлық (бұл – менің оптимистік көзқарасым!) адамдар екінші топтың көлеңкесінде көрінбей қалатын деңгейге жеттік. Екінші топқа кіретін жандардың өзі екіге бөлінетін сияқты. Біреулері айтуға болмаған кезде айтады екен де, екіншілері жүйелі түрде, қоғамды ояту, көзқарас қалыптастыру, белгілі бір саланы өзгерту мақсатында пікірін таратады. Бірақ, менің ойымша, бұларды «саяса­ткерге» жатқызуға болмайтын сияқты (Бұл жерде «саясаткер» атауын басқалардан жоғары, ерекше бір лауазым деп қалмаңыздар. Біреу – шопан, біреу – жолсерік, енді біреу – саясаткер. Бұл да – мыңдаған мамандықтың бір түрі. Әрине, басқа  мамандықтар  сияқты  бұның  да өзіндік ерекшелігі бар). Олар өзінің көзқарас­ын  айтқанмен, сол пікірін жүзеге асыру үшін жүйелі түрде практикалық іс-қимылдарға бармайды. Бұларға «қоғам белсендісі» немесе «қоғам қайраткері» деген атау лайық. Кейде «саясаткерлер» тобына облыс әкімдерін не танымал министрлерді, жоғарғы дәрежелі мемлекет қайраткерлерін де жатқызады. Бұл – мүлдем сын көтермейтін қателік. Олар – орындаушылар, қызметшілер ғана. Олар Елбасының немесе келесі келген президенттің саяси мақсатына қызмет етеді. Ал  саясаткердің  ӨЗІНДІК  саяси  мақсаты  болуы  шарт.

«МЕН  КЕТТІМ»

Бүгінге дейін мен танитын  үш адам саясат­тан  кеткендерін ашық жариялады. Осыдан жеті жыл бұрын Мұхтар Тайжан ресми баспасөз конференциясын өткізіп, «Мен саясатағы өз ісіммен 100 пайыз шұғылдандым деп ойлаймын. Көп еңбек еттім. Күш-жігерімді жұмсадым. Мен ұлт жолында жүрген жалғыз адам емеспін. Менен кейін де келетін жастар бар. Біз осы күнге дейін қаншама бастама  көтердік.   Білесіздер ме, қанша  су  құйсаң  да,  алма ағашы тек  уақыты келгенде  ғана жеміс  береді.  Сол секілді,  менің де  саясаттан кететін уақытым  келді.  Мен  қазір өз  жұмысымды  реттеуім  керек. Саясатпен айналысамын деп,  өз  шаруамды  тым әлсіретіп алдым» дегені есімде. Төрт-бес жыл бұрын ғана қоғамдық істерге араласқан Мұхтар інімді танымасам, бұл сөздерге қарап, өмірінің жартысын саясатқа берген алпыстағы жігіт ағасы ма деп қаларым сөзсіз еді… Ал кеше тағы бір ерекше сыйлайтын ініміз Марғұлан Сейсенбай «Саяси құрылымға деген менің өзгерген көзқарастарымды ескере отырып, исламның, қандай болмасын, билеушісіне қарсы шығуға тыйым сала­тын талаптарын ескере отырып, мен қоғамдық-саяси белсенділігімді тоқтатып, мәдени, білім беру және экологиялық мәселелерге көшуге бел байладым. Мен саяси қайраткер де, мемлекеттік қызметші де болғым келмейтінін өзім  үшін түсіндім. Мен ешқандай сайлау­ға неме­се қандай да бір лауазымға араласқым келмеген және араласпаймын да. Мен партиялар құруға немесе басқа партияларға кіруге ниет білдірмеймін. Мен өзім үшін саясат тақырыбын мүлде жаптым» деген мәлімдеме жасапты. Саясат­қа бармай жатып, саяси қызметті атқармай жатып, саясаттың ыстық-суығын көрмей жатып бұларға не болған деп ойлайсың? Меніңше, бұлардың осындай ыңғайсыз мәлімдеме  жасауына белгілі бір жағдай (не­месе бел­гілі бір күштер) әсер еткен сияқты. Ақталудың басқа жолын көре алмай тұрмын. Мүмкін, «Қамшы» сайтының (21 наурыз 2021 жыл) «Кәсіпкер қоғамдық-саяси қызметпен бас­тапқыда барлық активтерін тартып алғандықтан, көп­шілікке танымалдылықтың арқасында өзіне белгілі бір қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін айналысқанын айтады» дегенінің де жаны бар шығар. Құдайға шүкір, Марғұланның қазақ қоғамының бір емес, бірнеше саласында өзінің салиқалы нақты істерімен атын қалдырғанына және әлі де қалдыратынына сенемін. Мұхтар да ешқайда жоғалып кеткен жоқ. Қазақтың ұлттық мәселесінде, жер мәселесінде өзінің пікірін ашық айтып жүрген қоғам қайраткерлерінің бірі. Бірақ, тағы да қайталаймын, саясат­кер деген ұғымның өзіндік шарттары бар екенін есімізден шығармайық.

САЯСАТ  –  БОКС  СЕКЦИЯСЫ  ЕМЕС

Ашығын айтайын, жоғарыдағы азамат­тардың «кеттім» деген сөздері маған ұнамайды. (Біреулерге, мүмкін, олардың дәл осы сөздерді айтқандары керек те болар). Саясат – бокс, күрес сияқты бір жыл қатысып, қызығы тау­сылған соң кетіп қалатын спорт секциясы емес, ол – сенің азаматтық, саяси көзқарасың. Өмірің қаншаға созылса, сенің көзқарасың да сонша жылдар бойы сенімен бірге болады. Ұмытпасам, қай жылдары үшінші адамның – Болат Әбілов ініміздің де «саясаттан кеттім» деген мәлімдемесін естігенбіз. Алдыңғы екі азаматқа қарағанда Болат, шын мәнінде, сая­саткер болды. Партия құрып, басқа партиялар­мен серіктестік одақ жасап, сайлауға түсіп, саяси жолдардың барлығынан өтті. Бірақ, егер соншама жылдарын берген жұмысы – оның бұлжымас азаматтық көзқарасы болса, одан қалай «кетуге» болады? Көзіңді тарс жұмып алып, қараңғы түсті деп өзіңді алдамайсың ғой.

Саясатқа «келіп-кетуді» өз басым қабылдай алмаймын. Мен үшін, егер сен шын мәнінде саясаткер болсаң, саяси ұстанымды, саяси таңдауыңды өзгерту екіжүзділікпен бірдей сияқ­ты. Кеше коммунистік партияның басшысы болып, коммунистік идеологияны жүзеге асырған, компартияны мақтап, соның жолын­да «жанымды беремін» дегендердің  бүгін «Nur Otan» партиясының, немесе басқа да саяси партияның қатарынан көрінуі (немесе сол партияның жетекшілерінің қатарында болуы!) – менің миыма кірмейтін құбылыс. Әрине, бұлардың қатарына сан түрлі жағдайдың әсерінен коммунистік партияның билетін алған қарапайым жандар кірмейді. (Менің әкемді компартияға Сталинградта, шабуылдың алдында қабылдапты. Қолына партия билетін беріп, «енді сендер коммуниссіңдер, шабуылға бірінші болып шығуларың керек» деген тапсырма берген көрінеді). Сөз реті келгенде айта кетейін, 1990 жылы Қазақстандағы құрылған алғашқы саяси партияның басшыларының (С.Дуванов, Е.Жовтис, осы жолдардың авторы, т.т.) бірде-біреуі бұрын компартияда болмаған  жандар  еді.

Дос  КӨШІМ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: