Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сәдуақас Аңсат: «Әкімнің ауысуы – биліктің арнайы жоспарлаған операциясы…»

06.04.2020, 10:03 1817

HALYQLINE.KZ –| Осы жылдың 28 наурызында ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың жарлығымен Гүлшара Наушақызы Әбдіқалықова Қызылорда облысының әкімі болып тағайындалды.

Президент әкімшілігінің басшысы Е.Қошанов облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясына қатысып, депутаттарға мемлекет басшысының Гүлшара Әбдіқалықованы облыс әкімі лауазымына тағайындауға келісімін беру туралы ұсынысын жеткізді. Олар ұсынылған кандидатураны бірауыздан қабылдады.

Біз Гүлшара Наушақызын бұрынғы қызметтерінен жақсы білгендіктен, оған Сыр елінің тәрбиесі арқылы бойына сіңірген жақсы қабілеттерін әр саладағы басшылық қызметтерінен жинаған тәжірибесіне ұштастыра отырып, өз еліне лайықты еңбек сіңіруіне және абырой биігінен көрінуіне тілектесгімізді білдіреміз.

Дегенмен, бұрынғы облыс әкімі Қуанышбек Досмайылұлы Ысқақовтың орнынан алынуы жайлы айтпай кете алмаймыз. Облыстың дардай басшысының бір ғана Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тергеушісінің қаулысымен қамалғаны және арасына бір-ақ күн салып жаңа әкімнің тағайындалғаны көпшілікке биліктің арнайы жоспарлаған операциясы сияқты көрінді. Тез өтуін елдегі төтенше жағдайға байланысты шығар деп те ойлаймыз.

Ал, кеше ғана сол әкімнің әрбір қадамын, әрбір айтқан сөзін қалт жібермей жазып жүрген ресми БАҚ-тардың түк болмағандай, сол әкімнің орнынан кетуі жайлы бір ауыз үн қатпай қалуы журналистік этикаға сыйыспайтын іс болды. Демократиямыздың деңгейі де белгілі болды.

Әлеуметтік желіде жүрген хабарламада облыс әкімі «Арыс қаласын қалпына келтіруге арналған ақшаға қол салды» делінген. Өзімен бірге орынбасары мен бірнеше кәсіпкер күдікке ілінген. Ондағы хабарламаға сенсек, әкімге «Сыр мейрімі» атты әлеуметтік қорға жиналған 80 млн теңге қаражатты құрылыс компанияларына аудартып, қолма-қол ақшаға айналдырған деген айып тағып отыр. Айып тағылғанымен адамның кінәлі екенін сот шешімі ғана анықтамай ма? Бірақ сот органдары ол ақпаратты растамады. Жоққа да шығарған жоқ. 

«Оның растығын біз айта алмаймыз, өйткені тергеу құпиялығына байланысты кімнің кінәлі, кінәлі еместігі әлі анықталған жоқ. Сондықтан да бұл сұрақтарды қадағалаушы орган прокуратура органдарынан сұрауға құқылысыз», – дейді Қызылорда қаласының мамандандырылған тергеу сотының судьясы Талант Тілеп.

Осылай білдей облыс әкімі және «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалының жетекшісінің құқы аяққа басылып отырғанда елдегі қарапайым адамның құқы қалай қорғалады? Демократиялы, зайырлы, құқықтық елде бәрі заңға сәйкес болуы тиіс емес пе?

Мен Қ.Ысқақовты он жылдан бері көрші болып та, жұмыс бабында да қарым-қатынас жасаған кезімде, оның қызмет бабын жеке пайдасына жаратуға аяқ баспайтын адам ретінде білетінмін. Оны әкімдікке тағайындап, облыс активіне таныстырғанда Қырымбек Елеуұлы «ауған соғысында жүріп оқ тимеген, көп жылдардан бері қаржы саласындаға қызметінде артынан сөз ермеген азамат» деген бағасына толық қосыламын. Сол себепті, өңірімізде бұрын-соңды болмаған облыс басшысының аяқ астынан босатылуы, жемқорлықпен күрестен гөрі, түптеп келгенде жоғарыдағы топтардың текетіресінен болуы мүмкін деген күдікке жол ашып, билік басындағыларға деген сенімді бұрынғыдан да кемітіп, қашанда жақсы атымен шығып жүрген облысымызды ұятқа қалдырған іс болды дер едім.

ФБ-тегі «Тіл сақшысы» тобынан алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: