Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылорда облысының әкімі халық алдында есеп берді

17.02.2021, 15:15 1078

HALYQLINE.KZ Бүгін Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың халық алдында есеп беру кездесуі өтті. Өңір басшысы өткен жылды қорытындылап, 2021 жылға арналған жоспарлар туралы айтты. Коронавирус пандемиясына байланысты биыл есепті кездесу онлайн форматта ұйымдастырылды.

Облыс әкімінің айтуынша, Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айқындалған дамудың негізгі стратегиялық мақсаттарын аймақта іске асыру жұмыстары жалғастырылуда.

Пандемия қалыпты тіршілікке айтарлықтай әсер етіп, экономиканың даму үдерісіне әсер етті. Бүгінгі күні Қызылорда облысы «жасыл аймаққа» тұрақтап, эпидемиологиялық күрделі жағдайдың алдын алуға дайын.

Өткен жылы Қызылорда қаласынан заманауи үлгідегі 200 орындық модульді жұқпалы аурухана құрылысы жүргізіліп, толықтай аяқталды. Сәуір айында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Бұған қосымша 3200 төсек-орын мен 3500 медицина қызметкерінен тұратын кадрлық резерв жасақталды. Екі айға жететін дәрі-дәрмектің тұрақтандыру қоры қалыптастырылып, оған жергілікті бюджеттен 488 млн теңге қаржы бөлінді.

2023 жылға дейінгі өңірдің экономикалық даму Жоспары қабылданып, бизнес өкілдеріне өңірді өз өндіріс өнімдерімен қамтамасыз ететін 271 млрд теңгенің 265 жобасы ұсынылды. Бүгінде 7,1 млрд теңгенің 89 жобасы жүзеге асырылып, 1047 жұмыс орны құрылды.

Бағаны тұрақтандыру мақсатында қажетті азық-түлік өнімдеріне облыстық бюджеттен 1234,4 млн теңге бөлініп, өңірлік тұрақтандыру қорына 4 мың тоннадан астам әлеуметтік-маңызы бар азық түлік тауарлары сатып алынды.

Мемлекет басшысының бастамасымен 2020-2021 жылдарға арналған Жұмыспен қамту Жол картасы басталып, ол халықты жұмыспен қамтып, тұрақты табыс көзімен қамтамасыз етті. 2020 жылдың қорытындысымен құны 40 млрд теңгеден асатын 261 жоба жүзеге асырылды.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен өңірдің дамуына қосымша 15,6 млрд теңге бөлінді.

Облыс экономикасындағы кейбір көрсеткіштердің төмендеуіне қарамастан Үкіметпен жасалған Меморандум бойынша өңірге инвестиция тарту 230 млрд теңге болып белгіленсе, көрсеткіш 27 пайызға артығымен орындалып, 292 млрд теңгеге жетті. Ал, тұрғын үй салу жоспары 591 мың шаршы метр болса, бұл көрсеткішті де 609 мың шаршы метр өсіммен орындалды.

2021 жылғы 26 қаңтарда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда облысының экономикалық күрделі жағдайын ескеріп, Үкіметке қолдау көрсетуді тапсырды. Осыған орай, біз өз тарапымыздан республикалық бюджеттен қаржылық қолдауды қажет ететін 110 жобаны әзірледік, – деді облыс әкімі.

Әлеуметтік сала айрықша мән берілетін салалардың бірі. Бүгінгі таңда аудандық орталық ауруханалар салу мәселесі толықтай шешімін тапты. Енді алғашқы медициналық-әлеуметтік көмек көрсететін 62 нысанды 2024 жылға дейін жаңарту жоспарлануда.

Облыс бойынша оқушылардың 49% қашықтан, 51% дәстүрлі форматта оқуда. Мектептердің теңгеріміндегі 14 мыңнан астам компьютер оқушыларға берілді.

Үкімет резервінен 3,2 млрд теңге қаржы бөлініп, 22 870 дана құрылғы сатып алынды. Жергілікті бюджет және демеушілер есебінен 4 мың компьютерлік техника сатып алынып, мұқтаж балаларға таратылды. 2020 жылы аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан дарынды ауыл балаларына арналған гранттардың саны 150-ге артты. 2019 жылы 126 грант бөлінген.

Өткен жылы Жалағаш ауданы, Шәменов ауылындағы апатты мектеп орнына жаңа ғимарат салынып, пайдалануға берілді. Жаңақорған кентіндегі мектептің құрылысы жүргізілуде. Аралда апатты мектептің құрылысын биыл басталады. Қазіргі таңда Қызылорда қаласында инвесторлар есебінен 500 орынға лайықталған бір мектеп салынып, 300 орындық бір мектептің құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар, бюджет есебінен 8 жаңа спорт нысаны салынды. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде 60 секциялы 5 жоба жүзеге асырылды.

2020 жылы индустрияландыру бағдарламасы аясында 1,5 млрд теңге қаржыға 3 жоба іске асырылып, 172 жаңа жұмыс орны ашылды. Ағымдағы жылы тағы да құны 48,5 млрд теңгенің 4 жобасын іске асыруды жоспарлануда.

Аймақ басшысы жаңа жұмыс орындарын құру басым бағыттардың бірі екенін айтты.

– «Ауыл – Ел бесігі», «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» мемлекеттік бағдарламаларының арқасында өңірде жұмыссыздық деңгейін 4,9 пайызда ұстап тұрмыз. Осы бағдарламалар аясында 2020 жылы тұрғын үй, жол және әлеуметтік салаларда 44,3 млрд теңгеге 351 жоба жүзеге асырылды. Ал биыл 12,8 млрд теңгеге 42 жобаны іске асыратын боламыз, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Мемлекеттік бағдарламалар аясында облыста 492 шақырым болатын автожол мен көше жөнделіп, 2 көпір және 408 пәтерлі 39 көпқабатты тұрғын үй, 13 әлеуметтік нысан пайдалануға берілді. Биыл 1964 пәтерлік 101 тұрғын үйді пайдалануға беріледі.

Бүгінде облыс халқының 97 пайызы орталықтандырылған ауыз сумен, 65 пайызы табиғи газбен қамтылған.

Агроөнеркәсіп саласында айтарлықтай өсім бар. Жыл қорытындысымен облыста тұтыну бағаларының индексі 107,2 пайызды, ал, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларының индексі 110,1 пайызды құрады. Қазіргі таңда облыста 8,7 мың тоннадан астам әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қоры қалыптасты. Соңғы жылы агроөнеркәсіптік кешеннің негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі екі есеге өсті. 2019 жылы – 6,7 млрд теңге құраса, 2020 жылы-13,6 млрд теңгеге жетті.

Кәсіпкерлік саласын дамыту бойынша да қарқынды жұмыстар атқарылуда. Пандемия кезінде өңірдегі 54 мыңға жуық кәсіпкер салықтық жеңілдіктерін алып, 8,5 мыңнан астамы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру төлемдерінен босатылды. 9 мың сауда алаңы шамамен 700 млн теңге арендалық ақыдан, 194 кәсіпкер мемлекеттік меншікті жалдау құнынан босатылды. 8 мыңға жуық кәсіпкердің 11 млрд теңгеден астам несие қарызы кейінге шегерілді.

Кәсіпкерлік саласындағы бағдарламалар аясында өткен жылы бизнесті қолдауға банктермен 20 млрд теңгеден астам қаражат бағытталды. «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығымен несиелендірудің қолжетімді шарттары арқылы ауыл кәсіпкерлерінің стартап жобаларына облыстық бюджеттен 2 млрд теңге қаржы бөлінді. Нәтижесінде жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 5 пайызға артып, жұмыспен қамтылғандар саны 96 мың адамды құрады.

Өткен жылы елімізде Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150, Алтын Орданың 750, ұлы Абайдың 175, Ұлы Жеңістің 75 жылдығы аталып өтті. Мерейтойлар аясында облыста 2000-ға жуық іс-шара онлайн форматта ұйымдастырылды. Youtube платформасында арнайы «Сыр шаңырағы», «Сыр қоғамы», «Сыр бірлігі», «Сыр жастары», «Сыр спорты» медиа-арналары ашылды.

Республикада алғашқылардың бірі болып облысымызда «Сыр еріктілерінің штабы» құрылды. Еріктілер тұрмысы төмен отбасылар мен жалғыз басты қарт адамдарға 11 тұрғын үй салып берді.

Аймақ басшысы есеп беру соңында өңірді дамытудың 2021 жылға арналған 6 негізгі бағыты бойынша облыс әкімінің «Іс-қимыл жоспары» бекітілгенін, облысты дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған бағдарламасы қабылданғанын атап өтті.

Содан кейін аймақ басшысы облыс тұрғындарының сұрақтарына жауап берді.

Облыс әкіміне сұрақтарды тіркеу 400-100 нөмірі, www.400-100.kz сайты, сондай-ақ, Қызылорда облысы әкімдігінің telegram каналы мен интернет ресурсы арқылы жүргізілді. Есеп беру кездесуінің тікелей көрсетілімі Қызылорда облысының әкімдігінің және «Qyzylorda» облыстық телеарнасының «УouTube» каналында, «Facebook» әлеуметтік желісінде ұйымдастырылды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: