Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қытай президенті Қазақстанға келеді

06.09.2022, 9:15 745

HALYQLINE.KZ

Қытай президенті Си Цзиньпин Қазақстанға 14 қыркүйек күні келеді. Бұл туралы 5 қыркүйекте сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді.

Қытай басшысының күзде Қазақстанға сапарлайтыны биыл жаздың басында белгілі болған. 7 маусым күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай сыртқы істер министрі Ван Иді қабылдап, күзгі сапар кезі хабарланған.

Қазақстанның сыртқы саудасында Қытайдың орны елеулі. БҰҰ статистика комитетінің Қытайдан алған ақпаратынша, 2021 жылы екі ел арасында сауда көлемі 25 миллиард доллардан асқан. Екі мемлекет «Бір жол, бір белдеу» секілді инфрақұрылымдық жобаларды да бірлесе жүзеге асырады.

Экономикадан бөлек Қытайдың Қазақстанға саяси ықпалы да бар дейді сарапшылар. Ресми Нұр-Сұлтан Пекинге қарайлап, Шыңжаңдағы мұсылмандардың, соның ішіндегі қазақтардың құқығы бұзылғаны жөнінде мәлімдеме жасамады, ол туралы сұрақтарды Қытайдың ішкі ісі деп айналып өтеді.

Қазақстан билігі, сондай-ақ Шыңжаңда қысым көрдім деп Қазақстанға қашуға мәжбүр болған бірқатар азаматты алдымен шекарадан заңсыз өтті деп айыптап, кейін оларға босқын мәртебесін беруге құлықсыздық танытты. Алматыда Шыңжаң лагерьлерінде туыстары қамалған азаматтар бір жарым жыл бойы Қытай консулдығы алдында наразылық өткізіп келеді. Олар Қытай билігінен туыстарын босатуды талап етеді, Қазақстан билігінен осы мәселені шешуге ықпал етуді сұрайды. Бірақ жергілікті полиция олардың наразылық акциясына көптеген тоқсқауылдар қойып келеді. Алдымен қайта-қайта ұстап әкетіп жүрді, кейін консулдыққа баратын жолды наразылар үшін жауып тастады.

Қытай билігі 2017 жылдан бері Шыңжаң өлкесіндегі миллионнан астам мұсылман халқын «қайта тәрбиелеу лагерьлеріне» қамап, халықаралық қауымдастықтың наразылығына тап болған. Лагерьде болған Қытай қазақтары лагерьдегі жағдайдың түрмедегіден ауыр екенін, азап көргенін айтқан. Ресми Пекин бұл айыптарды мойындамай отыр.

Қазақстанда Қытаймен орталық өндіріс жобаларына деген наразылық та күшті. 2019 жылы бірнеше қалада «Қытай зауыттарына қарсы» ірі наразылық жиындары өтті.

Қазақстаннан кейін Си Цзиньпин Самарқандқа Шанхай Ынтымақтастық ұйымының саммитіне барады. 15-16 қыркүйекке белгіленген саммитте Қытай басшысы Украинадағы соғыс басталғалы алғаш рет Ресей президенті Владимир Путинді жүзбе-жүз көреді. Қытай Ресейдің Украинадағы басқыншылық соғысын айыптамады, дипломатиялық деңгейде Мәскеуге қолдау білдіріп отырады. Бірақ әзірге Ресейді қару-жарақпен қамтамасыз етуден және Мәскеуге Батыс санкцияларын айналып өтуге көмектесуден тартынып келеді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: