Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қыстың қамын жаз ойла…

26.05.2026, 6:20 25

Қазақ «қыстың қамын жаз ойла, жаздың қамын қыс ойла» деген тәмсілді бекер айтпаған. Ежелде айтылған сөз болса да, әлі күнге дейін өзектілігін жоймай тұр. Қыс келіп, жылу іске қосылған сәттен бастап оның тұрақтылығы, сапасы әрқашан халық назарында болатыны хақ. Тиісті сала мамандары да жылу беру маусымын жіті қадағалайды. Көктем келіп, күн шуағын төккен кезде жылуды өшірген соң арқаны бірден кеңге салуға да болмайды. Жаз айларында қамданып, күн райы салқындаған тұста дайын болу қажет. Қала көлемінде аталмыш мәселе күн тәртібінен түскен емес. Жылу маусымын реттеу сөз болатын іс-шаралар, отырыс-жиындар көктемнің соңғы айларынан-ақ бастау алады. Оның үстіне облыс аумағында су жаңа Жылу электр орталығы салынғаны белгілі. Ол да Қызылорда жылуына үлкен септігін тигізеді  деген  сенімдеміз.

Жылу беру мәселесі көктемнің аяғынан-ақ талқыға салынады деп жоғарыда айттық. Мамыр айының басында бұрынғы облыс әкімінің төрағалығымен өткен мәжілісте жылу беру маусымы­ның қорытындысы мен келер жылғы мақсат-мүдде  һәм  меже сараланған болатын. Елдің тыныс-тіршілігіне тікелей әсер ететін маңыз­ды жиында коммунал саладағы өзекті мәселе­лер  талқыға  салынды.

Жиында тұрғындарды тұрақты әрі сапалы жылумен қамтамасыз ету басты назардағы мәселе екені атап өтілді. Қала бойынша бүгінде 1623 нысан орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Олардың қатарында көпқабатты тұрғын үйлер, әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандар бар. Әрбір жылыту маусымы қарсаңында жылу қазандықтары мен инженерлік желілер кезең-­кезеңімен тексеруден өткізіліп, қажетті жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл қыс қаһарына мінген шақта апатты жағдайлардың алдын алып, тұрғындардың алаңсыз отыруына мүмкіндік береті­ні  айдан  анық.

Биылғы жылыту маусымының қажетті қатты отын көлемі 59 мың тонна болып жоспарланған. Нәтижесінде бекітілген қор толық қамтамасыз етіліп, көмір тапшылығы мен жеткізуге қатысты қандай да бір мәселе тіркелген жоқ. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты бақылауда болып, жауап­ты мекемелер  тарапынан  жүйелі үйлестіру жүргізілді.

Мәжіліс барысында алдағы қысқы кезеңге дайындықты ерте бастау қажеттігі де айтылды. Тозығы жеткен инфрақұрылымды жаңғырту, қазандықтардың қуатын арттыру және жылу желілерінің сенімділігін күшейту бағытындағы жұмыстар жалғасады. Қыстың жай-күйін ертерек ойлаған жауапты сала мамандары алдағы мау­сымда да тұрғындарды тұрақты жылумен қам­тамасыз  ету  үшін  тиісті  шараларды  қолға алмақ.

Осы тұста қала әкімі Нұржан Ахатов:

– Қала аумағындағы және кенттер мен ауылдық округтердегі әлеуметтік нысан қазандықтарының толық дайындығы мен отын қорының жасақталуы қатаң бақылауға алынып, жылыту маусымына толық дайын болуы қажет. Келер жылға осы бастан көмір жеткізушілермен келісімшарттарды уақытылы жасасып, логистикалық мәселелерді  алдын  ала  шешу  маңызды, — дейді.

Нұржан Сәбитұлы күн тәртібінен тыс бір­қатар мәселені алға тартты. Оның ішінде қала тазалы­ғы да бар. Осы тұрғыда шаһар басшысы тұрғындардың өмір сүру сапасына сай санитария жағдайы мен абаттандыруды тұрақты жүргізудің маңызына  ерекше  тоқталды.

– Мемлекет басшысының бастамасымен бастау алған «Таза Қазақстан» экологиялық бағ­дарламасы аясындағы жұмыстарды жүйелі түрде атқару – басты міндеттің бірегейі. Бұл – облыс әкімінің тікелей бақылауында тұрған мәселе. Сондықтан тазалық талабын бұзған жағдайлар болса, заң шеңберінде шара көруіміз  керек, — дейді  ол.

Сонымен қатар, атап өткеніміздей, Премьер-­министрдің бірінші орынбасары, бұрынғы облыс әкімі Нұрлыбек Мәшбекұлы бүкіл әлеу­меттік нысанды қыркүйек айына дейін, ал мектеп­терді тамыздың соңына дейін жылу беру маусымына толық  дайындауды  тапсырған.

– Қала, аудан әкімдері, тиісті басқарма басшылары, әлеуметтік нысандардың дайындығын күнделікті бақылауға алып, жұмысты жоспарға  сәйкес  жүргізіңіздер.

Жылу беру маусымына қажетті көмір көлемін анықтау керек. Жеткізуші операторлармен алдын ала келісім жасасып, көмір қорын жасақ­тауды жаз мезгілінен бастаңыздар. Алдағы жылу беру маусымының дайындығына, жұмыс сапасына күнделік­ті  мониторинг  жүргізу  керек, — деді ол.

Атап өту керек, өңірде 2025-2026 жылғы жылу беру маусымы штат режимінде өтіп, сәуір айында тамамдалды. Қазір алдағы жауапты маусымға дайындық  жоспарға  сәйкес  жүргізіліп  жатыр.

Биыл жылумен қамту нысандарын жаңғыртуға 7 млрд 400 млн теңге қаржы қаралған. Рес­публика бюджетінен бөлінген 3 млрд 622 млн теңгеге алты жобаның құрылысы аяқталып, қабыл­дануда. Сонымен қатар, бір газтурбина қондырғысы, 14 бу қазандығы мен 21 автономды қазандық  жөнделуде.

Енді жалқыдан жалпыға өтсек. Жақында Орта­лық коммуникациялар қызметінде ҚР Энергетика министрлігі мемлекеттік энергетика­лық қадағалау мен бақылау комитетінің төрағасы Ержан Ертаев төбе көрсетіп, жылу жайы бо­йынша есеп берген. Тілшіміз Ердәулет Қалиев «Қызылордада жаңа ЖЭО салынып, қала үшін үлкен жоба іске қосылып жатыр. Тұрғындарға жылудың өзі емес, үйге қалай келетіні де қызық. ЖЭО-ның салынуы құбырлардың тозуына қаншалықты әсер етеді? Министрлік көзқарасы ЖЭО салумен шектеле ме, әлде жылу желілерін жаңарту туралы нақты жоспар бекіте ме?» деген сұрақты сала маманына қойған-тұғын. Тиісінше Ержан  Ерболұлы  аталмыш  сұраққа:

– Қазіргі сәтте Қызылорда қаласының жылу желілерінің тозу көрсеткіші 40 пайызды құрайды. Еліміздегі тозу деңгейі – 50 пайыз, осы тұрғыда Қызылорданың көрсеткіші жақсы деңгейде деп айта аламыз. 2029 жылға дейін бекітілген ұлттық  жоспар  аясында Қызылордадағы тозу деңгейін 30 пайызға дейін көтеру ойда бар, — деп  жауап  қатты.

Сөз етілген Жылу электр орталығы туралы да ақпарат беріп, қала жылуына тигізер пайдасын да  шамалап, шолу  жасасақ.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен бой көтерген  жаңа нысан көптеген түйткілдің түйі­нін тарқатуға бағытталған. Түркиялық «Aksa Energy» компаниясы жүзеге асырып жатқан жоба­ның жалпы құны – 215 миллиард теңге. Жаңа орта­лық толық қуатына шыққанда 240 мегаватт электр энергиясын және 277 гигакалория жылу өндіруге қауқарлы болады.

Мұның қала тұрғындары үшін ең үлкен пайдасы – жылу беру сапасының тұрақтануы. Бұған дейін қыс мезгілінде желілерге түсетін салмақ артып, кей аумақта жылу қысымының төмендеуі байқалатын. Енді жаңа ЖЭО іске қосылған соң ескі қазандықтарға түсетін жүктеме аза­йып, орта­лықтандырылған жүйенің сенімділігі күшейе­ді деп күтілуде. Әсіресе, жаңа мөлтек аудандар мен әлеуметтік нысандарды жылумен қамту  мүмкіндігі  кеңеймек.

Жоба  аясында  орталыққа  дейін ұзындығы 45 шақырым болатын газ құбыры тартылды. Оған бюджеттен 15 миллиард теңге бөлінген. Бұл өз кезегінде жаңа станцияның тұрақты жұмыс істеуіне  негіз  қалайды.

Қазірдің өзінде орталықтағы 176 мегаваттық газ турбиналары іске қосылған. Ал 2026 жылы бу турбинасын қосу арқылы қосымша 95 мегаватт электр энергиясын өндіру жоспарланып отыр.

Сарапшылар пайымынша, жаңа ЖЭО тек бүгін­гі қажеттілікті өтеп ғана қоймай, алдағы жылдардағы қала өсіміне де жұмыс істейді. Соңғы уақытта Қызылордада жаңа тұрғын аудан­дар салынып, өндірістік жобалар көбейіп келеді. Демек, жылу мен электр энергиясына сұраныс та арта түспек. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа орталық өңірдің ұзақмерзімді энергетика тұрақтылығын қамтамасыз ететін маңызды нысан  саналады.

Бұдан бөлек, жоба облыстың энергетика тәуелсіздігін арттыруға мүмкіндік береді. Ресми мәліметтерге сәйкес, станция толық іске қосылған кезде өңір өзін электр қуатымен толық қамтып ғана қоймай, артық энергияны өзге аймақтарға  сатуға  мүмкіндік  алады.

Қорытындылай келе, қала көлеміндегі жылыту маусымына дайындық жолға қойылған, алдағы жылыту маусымында тек прогресс бо­ла­ды деген тұжырымға келдік. Бара-бара Сыр өңіріндегі  коммуналдық мәселелер  шешімін  тауып, жақсы жаққа бет бұрып келеді. Лайым, осы жолдан  таймасын  дейміз.

Айтілес  ЖАЙШЫЛЫҚ

Фото: Қызылорда қаласы әкімдігінің әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: