Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Құрылтай кімнің сөзін сөйлейді?

26.08.2026, 11:00 32

Сайлаудың шаңы басылды. Сан сөйлеп, мандат бөлінді. «Әділет» партиясына 110 орын тиді, қалған төрт партия 35 мандатты өзара бөлісті. Ендігі әңгіме кімнің қанша дауыс алғанында емес, сол мандаттың өтеуін кім қалай қайтаратынында. Өйткені бәйге аяқталғанымен, ел алдындағы сын енді басталады. Аттың сыны бәйгеде көрінсе, азаматтың сыны ел ісінде байқалады. Құрылтайға өткен 145 депутаттың саяси салмағын да креслосы емес, сөзі мен ісі көтермек.

Орталық сайлау комиссиясының түпкілікті қорытындысы бойынша, «Әділет» партиясы 71,17 пайыз дауыс жинап, 110 мандатқа ие болды. «Ауыл» партиясына 10, Respublica-ға 9, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия мен «Ақ жолға» 8 мандаттан берілді. Сайлауға 9 миллион 351 мыңнан астам адам қатысып, дауыс беру көрсеткіші 74,08 пайызды құрады. Қазақстан тарихындағы алғашқы бір палаталы Құрылтай осындай құраммен жұмысын бастайды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сайлау учаскесінде дауыс бергеннен кейін алда атқарылатын жұмыстың ауқымды екенін айтты.

– Бүгінгі сайлау – осы жұмыстың бастауы ғана, — деді Президент.

Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қарин сайлауды саяси жүйені институционалдық тұрғыдан қайта жаңғыртудың бастауы деп бағалады. Оның пікірінше, ең үлкен бетбұрыс мемлекеттік мекемелердің атауы мен құрылымында емес, қоғамдық саясаттың мазмұнында болуы керек.

– Президент реформалары қоғамдық үдерістерге жаңа серпін береді. Жаңа тұлғалар, жаңа күштер пайда болып, қоғамдық күн тәртібі өзгереді, — деді Ерлан Қарин.

Расымен, Сенат пен Мәжілістің орнына Құрылтайдың келуі саяси өзгерістің көзге көрінетін бөлігі. Ал оның шын мазмұны депутаттардың қалай жұмыс істейтініне байланысты. Бұрын заң жобасы Мәжіліс пен Сенатта бөлек қаралып, бір палата мақұлдаған құжат екіншісінің сүзгісінен өтетін. Енді заң шығару жауапкершілігі бір палатаның мойнына жүктелді. Жаңа тәртіп бойынша заң жобалары Құрылтайда үш оқылымда қаралады. Бір жағынан, шешім қабылдау жеделдеп, екі палата арасындағы ұзақ келісім азаяды. Екінші жағынан, заңды қайта саралайтын палаталық екінші сүзгі қалмады. Осы себепті комитеттердің жұмысы, депутаттардың кәсіби білімі, тәуелсіз сарапшыларды тыңдау және қоғамдық талқылау бұрынғыдан да маңызды. «Асыққан шайтанның ісі» демекші, заңды тез қабылдау оның сапалы жазылғанын білдірмейді. Ел тағдырына қатысты құжат жеті рет өлшеніп барып кесілуі тиіс.

Саясаттанушы Андрей Чеботарев жаңа Құрылтайдың сапасы депутаттардың кәсіби деңгейіне тікелей байланысты екенін айтады. Сайлаушы нақты кандидатқа емес, партияға дауыс берді, енді ел сеніміне лайық адамды таңдау – сол саяси ұйымның мойнындағы аманат. Құрылтайға заңның тілін білетін, белгілі бір саланың жілігін шағып, майын ішкен, министрмен терезесі тең сөйлесе алатын азамат баруы керек. Қызыл сөздің қызуы тарқайды, ал шала жазылған заңның салдары жылдар бойы елдің алдынан шығады. 

– Әзірленетін заңдардың сапасына қатысты негізгі жауапкершілік партияларға жүктеледі. Қазір олардың тізімінде тұрған кандидаттардың арасынан кімді таңдайтынын партиялардың өзі шешеді. Дауыс беру нәтижесі белгілі болғаннан кейін партиялар болашақ депутаттардың кәсіби әрі сапалы құрамын айқындауға тиіс. Екінші маңызды мәселе – Құрылтай кадрлық өзгерістерде шешуші рөл атқарады, — деді Андрей Чеботарев.

Мемлекет басшысы жаңа депутаттарға қойылатын басты талапты да ашық атап, «Депутаттар, ең алдымен, заңның сапасына жауап береді деп сенемін» деді.

Әйтеке биден қалған мына бір сөз бар. «Бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін, батыр болсаң, жауыңа найзаң тисін»  деген. Осы өлшемді бүгінгі саясат тіліне салсақ, мандат алдың ба, халыққа пайдаң тисін дегенге саяды. Депутаттық орын атақтың төресі емес, халықтың атынан сөйлеуге берілген мүмкіндік. Оның өтеуі көтерілген мәселемен, әзірленген заңмен, талап етілген есеппен қайтады.

Жаңа Құрылтай Президент ұсынған Премьер-министр мен вице-президентті тағайындауға келісім береді. Сондай-ақ Мемлекет басшысының Конституциялық сот судьяларын, Орталық сайлау комиссиясы мен Жоғары аудиторлық палата мүшелерін тағайындауына келісім білдіреді. Мұндай өкілеттік депутаттан батырманы уақытында басуды емес, ұсынылған кандидаттың білімі мен білігін таразылауды талап етеді.

Алғашқы салмақты сын вице-президентті тағайындау кезінде көрінуі ықтимал. Президент бұл қызметке көпшілік жақсы білетін адам ұсынылатынын, есімі жақын күндері жарияланатынын айтты. Жұртты әзірге «кім болады?» деген сауал қызықтырады. Құрылтай үшін «ол не істейді, қандай жауапкершілік алады?» деген сұрақтар маңыздырақ. Депутаттар кандидаттың көзқарасын тыңдап, нақты сауал қойса, Құрылтайдың салмағы сезіледі. Қазақ «Тура биде туған жоқ» деп туралықты ту еткен. Бүгінгі депутат та партиялық тәртіп пен елдік мүдденің арасынан ақ жолды табуға тиіс.

110 мандат иеленген «Әділет» партиясының мүмкіндігі мол, арқалар жүгі де ауыр. Конституциялық заң қабылдау үшін депутаттардың кемінде үштен екісінің дауысы қажет; көпшілік партияның 110 мандаты мұндай заңдарды өз күшімен қабылдауға жетеді. Бір қолға шоғырланған басымдық шешім қабылдауды жеңілдеткенімен, қателесу құқығын көбейтпейді. Қабылданған әр заң, бөлінген әр теңге, орындалмаған әр уәде осы партияның атымен байланысады.

Сондықтан «Әділет» Үкіметтен келген ұсыныстың бәрін үнсіз мақұлдаумен шектелмеуге тиіс. Биліктің саяси тірегі бола тұра, атқарушы органдардың кемшілігін ашық айтса, одан мемлекет ұтылмайды. Бөлінген қаржы қайда жұмсалды, бағдарлама неге орындалмады, мерзім неліктен созылды деген сұрақтар қойылғанда ғана парламенттік бақылаудың тамырына қан жүгіреді.

Қалған 35 орын да Құрылтайдың қарасын көбейту үшін берілген жоқ. «Ауыл», Respublica, ЖСДП және «Ақ жол» бағдарламаларын нақты заң жобаларына айналдыруға тиіс. Оппозиция бір комитет төрағасы мен екі комитет төрағасының орынбасары қызметіне кандидат ұсына алады, әр сессияда кемінде бір парламенттік тыңдау өткізуге бастама көтеруге құқылы. Демек, шағын фракциялар «дауысымыз жетпейді» деп қол қусырып отыра алмайды. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ». Олардың күші заңның әлсіз тұсын дәл көрсетіп, жұртқа пайдалы балама ұсынуда.

Саясаттанушы Досым Сәтпаев Deutsche Welle-ге берген сұхбатында сайлауды айтарлықтай интригасыз өтті деп бағалап, саяси ойын ережелері көп өзгере қоймағанын айтты. Оның пайымынша, жеті партия қатысқанымен, билік бағытына анық балама ұсынған күш байқалмады. ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы да сайлаудың техникалық тұрғыдан жақсы ұйымдастырылғанын атап өтіп, саяси баламаның аздығына және тәуелсіз кандидаттардың қатыса алмауына назар аударды.

Партиялық тізімге толық көшу өңірлер үшін тағы бір сауалды көлденең тартты. Қызылордалық сайлаушы да нақты адамға емес, партияға дауыс берді. Енді Сыр өңірінің сөзін Құрылтай мінберіне кім алып шығатыны – партиялардың жауапкершілігі. Дариядағы су тапшылығы, Аралдың ахуалы, Байқоңыр экологиясы, егіншінің жағдайы, ауылдағы жұмыссыздық пен жастардың көші бір облыстың шеңберінде шешілмейді. Оның ар жағында заң, бюджет және Үкімет деңгейіндегі шешімдер жатыр. Депутаттың елге барғаны есеп үшін түскен суреттен емес, шешімін тапқан мәселеден көрінсін.

Құрылтайдың кімнің сөзін сөйлейтіні де осы тұста анықталады. Көпшілік халық талабын Үкіметке жеткізіп, шағын фракциялар балама ұсынса, жаңа жүйе өз атауын ақтайды. Ал шешімнің бәрі алдын ала белгілі болып, пікірталас көз алдау үшін өткізілсе, өзгеріс ғимараттың маңдайшасында қалып қояды. Құрылтайға жаңа атау берілді. Енді соған лайық жаңа мінез керек.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: