Қазақстан Республикасының «Сайлау туралы» Конституциялық заңына сәйкес, 4 қазан күні Қазалы ауданында өкілеттік мерзімі аяқталған Құмжиек және Аранды ауылдық округтері әкімдерінің сайлауы өткен болатын.
Қазалы ауданының әкімі Алмасбек Есмаханов Құмжиек және Аранды ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесіп, сайлау қорытындысы бойынша жаңадан сайланған әкімдерді таныстырды.
Аудан басшысы алдымен Құмжиек ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Кездесуде ауылдық округ әкімі лауазымын осыған дейін атқарып келген Әділхан Базарбайұлы Әбіловтің қызмет атқарған кезеңіндегі еңбегіне тоқталып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға қосқан үлесі үшін алғысын жеткізді. Сондай-ақ ауданның ең жоғары марапаты – Құрмет грамотасымен марапаттады.
Мұнан кейін кейін Құмжиек ауылдық округінің жаңадан сайланған әкімі Нағашыбаев Мұратбек Тұңғышбайұлын тұрғындарға таныстырып өтті.
Мұратбек Тұңғышбайұлы 1985 жылы Қазалы ауданында дүниеге келген. Білімі жоғары. 2007 жылы «Әулие ата» университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2009 жылы аудандық №2 өрт сөндіру бөлімінің қызметкері болып бастаған. 2012-2017 жылдары аудандық білім бөлімінде жетекші маман, 2017-2020 жылдары Қазалы ауданы әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық жұмыстар бөлімінде бас инспекторы, 2020-2022 жылдары Қазалы ауданы әкімі аппаратының персоналды басқару (кадр жұмысы) бөлімінің басшысы, 2022-2025 жылдары аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары, 2025-2026 жылдары Қазалы қаласы әкімінің орынбасары, 2026 жылдың 1 маусымынан бастап осы уақытқа дейін Әйтеке би кенті әкімінің орынбасары қызметін атқарып келді.
Кездесу Аранды ауылдық округінде жалғасты. Ауыл тұрғындарымен кездесуде аудан әкімі сайлау қорытындысына сәйкес Аранды ауылдық округінің әкімі болып қайта сайланған Томаев Әбілғазы Аймағанбетұлын таныстырды.

Томаев Әбілғазы Аймағанбетұлы 1967 жылы Қазалы ауданында дүниеге келген. Білімі жоғары. 1994 жылы Алматы зоотехникалық малдәрігерлік институтын «Зоотехника» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1984 жылы шаруашылық құрылымдарындағы қызметтен бастаған. 2000-2001 жылдары Азық-түлік келісімшарт корпорациясының бөлім бастығы, 2003-2007 жылдары Қазалы аудандық аумақтық басқармасында жетекші маман, мал тұқымын асылдандыру инспекторы, 2007-2018 жылдары Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Қазалы аудандық аумақтық инспекциясында жетекші маман, бас маман қызметтерін атқарған. 2018 жылдың желтоқсан айынан бастап Аранды ауылдық округінің әкімі қызметін атқарып келді. Ауылдық округті басқару барысында Әбілғазы Аймағанбетұлы ауыл тұрғындарымен тығыз жұмыс жасап, елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қосты.
Аудан әкімі жаңадан сайланған екі ауылдың әкіміне де ауыл шаруашылығы мен шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндіктерін тиімді пайдалану, жаңа жұмыс орындарын ашу, әлеуметтік және инфрақұрылымдық мәселелерді шешу бағыттарындағы жұмыстарды жалғастыру қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар елді мекендегі қоғамдық келісім мен бірлікті сақтау, абаттандыру және санитарлық тазалық жұмыстарын жүйелі жүргізу жөнінде нақты міндеттер қойды.
Жиын соңында аудан басшысы жаңадан сайланған әкімдерге жауапты қызметтеріне табыс, жұмыстарына береке тілеп, ел игілігі жолындағы еңбектеріне сәттілік тіледі.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!