Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қос палата тарихқа айналды. Ертеңнен бастап ел жаңа Конституциямен өмір сүреді

30.06.2026, 16:55 53

Астанада 30 маусым күні, яғни бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтті. Отыз жыл бойы 1995 жылғы Конституция негізінде қызмет атқарған қос палаталы Парламент – Сенат пен Мәжіліс – тарихындағы соңғы бірлескен жиынын осылай түйіндеді. Ертеңнен бастап, 1 шілде күні елде жаңа Конституция күшіне еніп, заң шығарушы орган бір палаталы жүйеге көшеді.

Отырыста сөз сөйлеген Президент алдымен күннің тарихи салмағына тоқталды.

– Бүгінгі Парламенттің қос Палатасының бірлескен отырысының тарихи мән-маңызы айрықша деп айтсақ, дұрыс болар. Бұл дүйім халқымыз үшін де айқын нәрсе, ақиқат. Бүгін біз мемлекетіміздің заң шығарушы органы – Парламенттің кезекті сессиясын аяқтап, Тәуелсіз Қазақстанның дамуындағы тұтас бір дәуірді қорытындылап отырмыз. Осылайша, тереңнен тамыр тартқан мемлекеттігіміздің жаңа кезеңіне қадам басқалы тұрмыз. Ертең Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы заңды күшіне енеді. Ұлт заңымен қатар, мемлекеттік билік жүйесі де түбегейлі жаңа сипатқа ие болмақ. Қос палаталы Парламенттің орнына Құрылтай келеді. Жалпы, бұл өзгеріс Қазақстанда тарихи сабақтастық бар екенін анық көрсетеді, – деді Қ.Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қазақстан Парламентінің қалыптасу жолы мен ел дамуындағы рөліне арнайы тоқталды. Президенттің сөзінше, тәуелсіздік жылдарында елімізде 3,5 мыңға жуық заң қабылданған, оның әрбір оныншысы депутаттардың тікелей бастамасымен әзірленген. Алғашқы кәсіби Парламенттің құрылуы Қазақстанның құқықтық негізін қалыптастыруға, мемлекеттілікті нығайтуға және нарықтық экономиканы дамытуға зор серпін бергенін атап өтті. Заң шығару жүйесінің қалыптасуына танымал саясаткерлердің, мемлекет және қоғам қайраткерлерінің сіңірген еңбегі ел тарихында ерекше орын алатынын жеткізді. Президенттің пайымынша, Парламент уақыт талабына бейімделіп, қоғам сұранысына жедел жауап бере алатын институт ретінде орнықты әрі түрлі саладағы кәсіби мамандарды бір тудың астына біріктіріп, елде сапалы парламенттік мәдениеттің қалыптасуына ұйытқы болды.

Өткенді қорытып қана қоймай, Мемлекет басшысы алда жасақталатын Құрылтайдың міндеттеріне де кеңінен тоқталды. Президенттің сөзінше, жаңадан сайланатын депутаттар заң шығару ісіне мүлде жаңаша қарап, жұмыстың жылдамдығы мен сапасын қатар арттыруы шарт. Цифрландыру мен жасанды интеллект дәуірінде Құрылтайдың жедел қарқынмен жұмыс істеуі ұлттық заңнаманы қарыштап өзгеріп жатқан жағдайға дер кезінде бейімдеу үшін аса қажет екенін айтты. Осы орайда Президент e-Parlament жүйесін енгізу қажеттігін еске салып, маңызды заң жобаларын сарапшылардың, қоғам белсенділерінің және азаматтық қоғам өкілдерінің қатысуымен кеңінен талқыға салуды тапсырды.

Президент сөзінің бір арнасын Қазақстан халық кеңесін құруға бұрды. Мемлекет басшысы жаңа органды ел тарихындағы конституциялық деңгейдегі алғашқы диалог алаңы деп атап, оның жалпыұлттық деңгейде ашық пікір алмасатын кеңістікке айналуы тиіс екенін айтты. Кеңес құрамына мәслихаттар, қоғамдық кеңестер, сараптамалық алаңдар мен азаматтық қоғам ұйымдарының өкілдері топтасады.

Мемлекеттік биліктің түпкі мұраты жайында айтқанда, Президент халықтың әл-ауқатын арттыру, қауіпсіздігін қамтамасыз ету және азаматтардың өмір сапасын жақсарту мемлекеттің басты мақсаты екенін айқындады. Сол мақсатқа жету жолында мемлекеттік басқару жүйесін сапалы түрде өзгертіп, дамыған цифрлық мемлекет құру бағытын одан әрі жалғастыру қажеттігін атап өтті.

Мемлекет басшысы елді газдандыруды жеделдетуді тапсырды. Президенттің сөзінше, көмірсутек шикізаты қала мен ауыл үшін жылу мен энергияның қолжетімді көзі болып қала бермек. Қ.Тоқаев елді газдандыру деңгейін қазіргі 65 пайыздан 80 пайызға жеткізуді міндеттеді. Сонымен бірге дәстүрлі энергетикамен қатар «жасыл» энергетиканы дамытуға да назар аудару керектігін ескертті. Президенттің мәліметінше, жаңартылатын энергия көздерінің энергобаланстағы үлесі қазірдің өзінде 7 пайызға жеткен, ал өрістеп келе жатқан экономиканы сенімді қуатпен қамтамасыз ету үшін 2029 жылға қарай 13 гигаваттан астам жаңа қуат іске қосылады, оның кемінде төрттен бірі жаңартылатын энергия көздерінің еншісінде болмақ.

Қос палаталы Парламенттің соңғы күндеріне қатысты іс-шаралар бұған дейін де өткен. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев 29 маусым күні жоғарғы палатаның қорытынды жалпы отырысында отыз жылдың түйінін жасап, Президентке алғыс айтты.

– Осы тарихи сәтте, ең алдымен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа өзімнің және барша сенаторлардың атынан бізге артқан жоғары сенімі, реформаларды бірлесе жүзеге асыруға берген зор мүмкіндігі және тұрақты қолдауы үшін үлкен ризашылығымызды білдіреміз. Сенаторлар Президентімізге, мемлекетшілдік қағидатына, заң үстемдігіне және халық алдындағы жауапкершілікке әрдайым адал болып қала береді. Өйткені ел дамуының жаңа кезеңіне қадам басып жатқан қазіргідей жауапты сәтте Әділетті Қазақстан құру және жаңа Конституцияны іске асыру жолында барлық сындарлы күштің Президентіміздің айналасына топтасуы аса маңызды, – деді М.Әшімбаев.

Сенаттың ресми қорытындысына сүйенсек, жоғарғы палата отыз жыл ішінде 890-нан астам жалпы отырыс өткізіп, 3507 заң қабылдаған. Солардың арасында 38 кодекс, 490 дербес заң, қолданыстағы заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы 1419 заң, сондай-ақ халықаралық ратификациялар жөніндегі 1484 құжат бар. Аталған жылдарда сенаторлардың 2931 депутаттық сауалы тіркеліп, олар әлеуметтік саясат, өңірлерді дамыту, денсаулық сақтау, инфрақұрылым және заңнаманы жетілдіру мәселелерін қамтыған. Отыз жыл ішінде 60-тан астам парламенттік тыңдау ұйымдастырылып, сарапшылардың, мемлекеттік органдардың, бизнес пен азаматтық қоғам өкілдерінің қатысуымен 3000-нан астам іс-шара өткізілген.

Жоғарғы палата тарихында небәрі 246 сенатор депутат мандатына ие болыпты, олардың қатарында 3 Халық Қаһарманы мен 1 Қазақстанның Еңбек Ері бар. Сенаторлар өңірлердің дамуына жәрдемдесу мақсатында «Өңір» депутаттық тобын құрса, Мәжіліспен бірлесе отырып, қоғамдық келісім мен халық бірлігі саласындағы заң жобаларын әзірлеуді үйлестіретін «Бір ел – бір мүдде» тобын жасақтаған. Бұған қоса депутаттар мен зиялы қауым өкілдерінің басын қосқан «Ұлттық мүдде» диалог алаңы іске қосылды. Жоғарғы палата сонымен бірге инклюзивті қоғамды дамытуға, параспортқа қолдау білдіруге және әлеуметтік маңызы зор жобаларға ерекше назар аударды.

Халықаралық тұғырда Қазақстан парламентаризмі 11 парламентаралық ұйыммен әріптестік орнатқан. Жиырма жылдан астам уақыт бойы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін ұйымдастыруға атсалысып, барлығы 8 съезд бен оның Хатшылығының 23 отырысын өткізген.

Парламенттің төменгі палатасы – Мәжіліс өз тарихындағы соңғы жалпы отырысын 26 маусым күні өткізген болатын.

Жаңа Конституцияға сәйкес, 1995 жылғы Ата заң негізінде қалыптасқан Парламент 1 шілдеден бастап өз өкілеттігін тоқтатады. Қос палаталы жүйенің орнына біртұтас жалпыұлттық сайлау округі бойынша пропорционалды өкілдік негізінде сайланатын бір палаталы Парламент – Құрылтай келеді. Жаңа органда 145 депутат болмақ, олар бес жыл мерзімге әрі тек партиялық тізім арқылы сайланады, демек бұдан былай депутаттыққа өзін-өзі ұсыну мүмкіндігі жойылады. Жаңа Конституция он бір бөлімнен және тоқсан алты баптан тұрады, ал мәтінінің 84 пайызы 1995 жылғы редакциямен салыстырғанда жаңартылған – тәуелсіздік тарихындағы ең ауқымды конституциялық қайта қарау – осы.

Жаңа Ата заң бойынша Құрылтай Президентке Вице-президентті, Премьер-министрді, Конституциялық Соттың он судьясын, Орталық сайлау комиссиясының алты мүшесін және Жоғары аудиторлық палатаның сегіз мүшесін тағайындауға келісім береді. Сондай-ақ ел тарихында тұңғыш рет вице-президент институты енгізіледі. Президент Құрылтайға кезекті сайлауды тағайындайды, оның бірінші сессиясын шақырады әрі депутаттардың халыққа беретін антын қабылдайды. Президент Тоқаевтың бұған дейін мәлімдегеніндей, бір палаталы Парламентке сайлау тамыз айында өтеді.

1 шілдеден бастап ескі Конституцияның қолданысы тоқтап, оның қабылданған күні – 15 наурыз мемлекеттік мереке, Конституция күні болып аталады.

Ердәулет СӘРСЕНҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: