Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақстанның сара жолы

26.01.2023, 12:40 302

Бізге  керегі  –  экономиканы  әртараптандыру,

саясат  пен  қоғамды  демократияландыру

Қазақстанның  жағдайы. Қазақстан егеменді ел бол­ғалы 30 жыл. «Ә» дегенде үміт күшті еді. Өкініштісі сол, шаш етектен байлығымызды ел ырысына пайдалана алмай, реформаны дұрыс жүргізбей, біз бюрократиялық, олигархиялық, спекулятивті капитализм құрсауында қалдық. Экономикамызды әртараптандырмай, мәнді тек мұнай, газ, қазба байлыққа бергендіктен, қазір жағдайы­мыз қиын, шикізат елі болдық. Мысалы, Норвегияны алсақ, бар болғаны 40 жылда балықшы елден ең дамыған ел қатарына көтерілді. Себе­бі мұнайды тек алып, сатып қоймай, қайта терең өңдеуден өткізіп, зауыттарын салып, қосымша құн өндірістерін жасап, Норвегия мемлекеті бүкіл экономикасын күрт өзгертті. Осыларға қажетті заңдар шығарып, оларды қатаң  орындады.

Осы жылдары жіберген биліктің әлеуметтік-саяси қателіктері жеткілікті. Сөз, ақпарат бостандығы, жерге иелік ету мен тіл бостандығы, адам құқығын сақтау жолында ат төбеліндей халық талай боз­дағынан айырылды, талайы түрмеде жатыр, шетелде де жүр, т.б. Халық  оны  ұмытпайды!

Елімізде  сыбайлас  жемқорлықтың  шарық­тап  тұрғаны  соншалықты, оның ішінде бұрын­ғы премьер-министрлер, министрлер, депутаттар, әкімдер, банк, бизнес өкілдері, т.б. жеткілікті. Тіпті бұл жоғарыдан төменге дейін тамырын жайған бір дертке, жүйеге айналды. Зардабын   қарапайым  халық тартып отыр. Осының бәрі мемлекетімізді басқарудағы биліктің көп жыл бойы жіберген күрделі қате­ліктерін  көрсетеді. Зиялы  қауым мен көзі ашық  азаматтардың  да  дер кезінде осыған тоқ­тау  жасай алмағандығында десе де болады. Бар шындықты қорықпай айтатын баяғы Бұхар, Махамбет сияқты батыр, билеріміздің, Алаш ұлдарының көрінбегені өкінішті-ақ. Екінші жағынан шындық үшін бас көтергенді қағып тастайтын биліктің таяғы тағы бар. Бұл да біздің 70 жыл бойы Кеңес дәуірінің қылышының астында болғандығымыздан арыла  алмай  жатқандығымызды  көрсетеді.

Қазіргі халықтың күннен-күнге күнкөрісі­нің төмендеп бара жатқаны, қымбатшылық соңы үлкен наразылыққа алып баруы мүмкін. Қоғамда билікке деген сенім кетіп барады, елді бір дәрменсіздік билеп тұр. Егер біз ел ішін кернеген теріс күштерге даяр болмасақ, онда қоғам ыдырайды. Қазір біздің қоғамда моральды тозу (износ) дерті қатерлі ісіктей белең алып тұр. Өнегесіз жүрісімізді бір тәртіпке салатын уақыт келді. Кемел ойлы, алдағыны ақылмен болжай білетін басшы болатын өзгерісті сезе отырып, егер «қазаннан қайнаған буды» дер кезінде  шығара  алмаса, оның атылатынын білсе керек еді. Алысқа бармай-ақ оны көршілерден  де  көрдік  емес  пе?!

Қазіргі билік жоғарыда айтылған кемшіліктерді сезіп, әсіресе қаңтар оқиғасынан кейін біраз реформалық қадам жасауда (Конституцияға өзгерістер, халықтық референдум, Президент­тік, Парламенттік сайлау, т.б. заңдарға өзгерістер). Бірақ бұл күрделі өзгеріс­тер 30 жыл бойы қордаланған дағдарыстан қаншалықты алып шыға алады? Оны уақыт көрсетер.

Біздің тағы бір үлкен кедергіміз – ол жаһандық  интернет,  цифрлы   жүйе,   ақпараттық  топтар, квантты компьютерлік технологиялар, т.б. Келешекте мұнай мен газдың орнын осылар басатын болады. Оған қарсы тұра алатын озық ойлы, осыларды игере алатын білімді жастар билікке келуі керек. Қазіргі жағдайда жастар шетелге кетуде. «Болашақтан», т.б. іс жасап жатқан жастардың отанына келмеу себе­бін несіне жасырамыз? Халқымыздың кел­ешегін кімнің қолына береміз? Баяғыда талант­ты жастар ауылдан келуші еді, мектептің, үлкендердің тәрбиесі күшті болатын. Қазір ауыл тозды, ал жоғарғы білімді тауарға айналдырып жібердік, бәрі ақылы. Біздің мектеп жасындағы балаларымызды Ресей талай жыл бойы жеңілдіктермен алуда. Біз жастардан айырыла  бастадық. Осыны кім ойлап жатыр?

Елдегі қордаланып қалған келеңсіздіктер­дің қайсы бірін айтасың? Осылай кете берсек, біз  ХХІ ғасырдағы өркениет пойызының соңғы вагонына білімсіз міне алмай, мәңгілік шикізат  елі  болып  қалуымыз  немесе  сол  алпау­ыт  елдерге  жұтылып  кетуіміз  мүмкін.

Не  істеу  керек? Қазақстанға  мәдени  революция  керек  пе?

Енді біз қандай жолмен, кімнің соңынан жүруіміз керек, қай елдің озық тәжірибесін алсақ деген сұраққа, мысалы қазір АҚШ-тан кейінгі әлемде екінші орынға шыққан Қытай­ды  алайық. Әрине Қытайдың іскерлігін, инно­вациясын, трансферт технологиясын, кіші кәсіпті  тез дамытуы немесе қатаң тәртібін алуға болар. Бірақ оның саяси-экономикалық реформасын  түгел  алуға болмай­ды, себебі онда адам құқығы тапталуда. Немесе дикта­торлық жүйеден кейін тез демократиялық дамуға көшкен, жаңа технологиясы күшті Оңтүстік Корея жолы ма? Жоқ әлде дүние­жүзілік соғыстан кейін қатты дамып кеткен Жапония немесе Азия барыстары Сингапур, Малайзия ма? Кеше ғана Советтер одағында бізбен бірге жүрген Эстония елі ме, қазір тез дамып, жалпы ішкі өнімі әр адамға шаққанда 25000$ асып отыр. Жоқ әлде Батыс Европа мемлекеттерінің, оның ішінде Скандинавия елдерінің азаматтық қоғамды дамытудағы озық  тәжірибесі  керек  пе?

Менің  ойымша біздің осы адасқанымыз жетеді, қазір жол айрығына келіп тірелдік. Егер қазірге дейін 30 жыл бойы шетелдік «серік­тестеріміздің»  кеңесімен  жүріп, өзіміз де басқара алмай ескі жолмен барсақ, онда соңы  тығырық. Ал бізге керегі ең озық, өзімізге лайықты әлемдік тәжірибені қолдана отырып қоғамды өзгерту, өзіміздің отандық дара даму  жолымызды  табу  керек.

Әрине, таңдау халықтың еншісінде. Бірақ ол үшін халыққа бұл дағдарыс жағдайдан қалай шығу туралы бағдарлама ұсыну қажет. Бұны жасау қазіргі билікке қиын. Олардың басым көпшілігі ескі кадрлар, шындықтың толық көрінісін көрмейді, өйткені мемлекетті вертикалды түрде, жоғарыдан төмен, ескі әдістермен, орынсыз амалдармен басқарып келеді. Осылайша жаһандық желінің, жаппай коммуникацияның, жаһандану жаңалықтарының мәнін түсінбейді. Билік өкілдері біздің өзгермелі өмірімізді, яғни халықтың жағдайының қиын екенін түсінсе де, бірақ қазіргі құрылған, әсіресе жемқорлыққа үйренген билік басындағылар халықты ойлап, олардың қажеттілігін жүзеге асыру жолында жұмыс атқаруға мүмкіндік бермейді. Бұл Қазақстан үшін «Ариаднаның  жұмбақ  жіптері»  секілді  болып  тұр.

Соңғы уақытта қабылданып жүрген ішін­ара шешімдер халыққа өте маңызды болса да, 30 жыл бойы жиналған проблемаларды шешу өте қиын болары анық. Себебі Қазақстанда 2022 жылдың басында қанды «Қаңтар оқиғасы» болды. Ә дегенде Жаңаөзендегі газ бағасын төмендетуді қолдап шыққан бейбіт халықты белгілі күштер, биліктен айырылып қалу қаупін сезе қойып, тез арада алдын ала дайындалған бұзақыларды, діни теріс күштерді салып, тып-тыныш жатқан елімізді, Алматыны тас-талқан етті. Қаңтар оқиғасын ұйымдас­тырушылары да, бейбіт халықты қырғынға ұшыратқан авторлар да, олардың жендеттері де белгілі. Тек оған бүкіл Қазақстан халқының алдында саяси-қоғамдық ашық баға беру керек. Сонда  ғана  билік  халық  сеніміне  ие  болады.

Жоғарыда айтылғандардың бәрін жиып-теріп келгенде менің көп ойланып, толғанып маман  ретінде айтарым. Қазақстанға эволюциялық  жолмен мәдени революция (культурная  революция)  керек.

Мәдени революция дегеніміз, біз өзімізден бастап 30 жылда қалыптасқан бүкіл билік жүйесін өзгертуіміз керек. Қазақстанның бүкіл құрылымын өзгерту үш бағыттан тұрады: эконо­миканы әртараптандыру арқылы инновациялық  жолға түсу, әлеуметтік инновация, адам капиталының  сапасын  арттыру,  сананы өзгерту, түбегейлі саяси реформа жасау. Экс-президент айтқандай, бірінші – экономика, сосын саясат емес, менің ойымша осылардың бәрі бір жүйе (процесс) ретінде қатар жүруі керек. Бұл ойды мен о бастан-ақ айтқанмын да, жазып та бергенмін билікке. Бірақ тыңдар құлақ жоқ. «Жас Алаш», «Халық» газеттерінде жазған едім. Қазақ­станда  көп жыл бойы қордаланған, лас­танған, қоқыр-соқыры көбейген билік жүйе­сін, адам жанын, арын, моралін, ой-өрісін, психология, рухани құндылықтарын тазартатын  бізге  үлкен  «СЫПЫРҒЫШ»  өте  қажет.

Біз тегіміздің қандай болғанын және тарихы­мыз бен болмысымызды терең танып, «тектоникалық тереңдікте сезіне отырып, мына қиын әлемдік өркениетте не күтіп тұр­ғанын  білуіміз  керек».

Мәдени революцияны түбегейлі шешу үшін дамыған елдердің тәжірибесін алып, оған қазақ­тың менталитетін қосып, мемлекетімізге түбегейлі модернизация жасау керек: саяси модер­низация, рухани-әлеуметтік  модерниза­ция,  экономикалық   модернизация.

ЖАҢА  ҚАЗАҚСТАНДЫ  ҚҰРУ  ЖОЛЫ 

(не  істеу  керек?)

1. Әлеуметтік  инновация.

Жаһандық дағдарыс, болып жатқан өзгеріс­тер, атап айтқанда, ғылым мен білім, мәдениет пен имандылық, адамгершілік ұлттық құндылықтар саласындағы теріс салдарларды анықтады. Сұрақ қоғамның моральдық тозу қаупі туралы болып тұр. Мұның басты белгі­лерінің бірі – мемлекеттік басқарудағы ең төменгі деңгейден жоғары деңгейге дейінгі адами капиталдың барлық саласында белгілі кәсіби қабілетсіздік, немқұрайды қарау болып тұр. Бұл, әсіресе, дамушы елдер жағдайында айқын көрінеді. Мысалы, дағдарыс кезінде тіпті дамыған елдердің өзінде тәуекелді басқаруда кадрлардың жетіспеушілігін сезінді. Тағы да айтамын, бізде кадр саясатын түп тамыры­мен  өзгерту керек.

Осыдан әлеуметтік инновацияның жаңа парадигмасы – білімді қоғам, жаңа заманның тұлғасын жасау керек. Жаһандық дағдарыс жағдайында білім беру және ғылым алдыңғы қатарға шығып, ұдайы өндірістік циклдің бүкіл жүйесінің  негізіне  айналады. Бұл  идеяның  пайда болуынан бастап, адамның қажеттіліктерін қанағатта­ндыру үшін пайда табумен аяқталатын, сондай-ақ, жаңа өркениеттік даму үшін инвестицияларды жүзеге асыру қажет.

Сондықтан бізге адами капитал саласында қаржыландыруды көбейтіп, тұрақты өмірге байланысты «минималды қалыптар» құру керек және бәсекеге қабілетті креативті экономикаға өту  қажет:

– денсаулық сақтау (Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысы бойынша денсаулық сақтауды қаржыландыру ЖІӨ-нің 6%-дан кем болмауы  керек,  ал  бізде – 3,2%);

– ғылым (мемлекеттің қалыпты дамуы үшін ғылымды қаржыландыру ЖІӨ-нің 1,5-4,5%-ы болуы  керек, ал бізде – 0,13%);

– білім  (ЖІӨ-нің  кем  дегенде  6%-ы болуы  керек, ал бізде – 3,2%);

– мәдениет (ЖІӨ-нің кем дегенде 5%-ы болуы керек, ал бізде – 3%);

Жоғарыдағы фактілер көрсеткендей, біз экономиканың өте маңызды осы әлеуметтік бағыттарын «қалдықтық негізде» (остаточный принцип) көп жыл бойы қаражатты өте аз беріп ұстағанымыз көрініп тұр. Осы салалардың артта қалғандығын айқын көрсетеді. Мысалы, ғылымды қаржыландыру 20-30 есе артта қалған кезде, кедей ғалымдардан әлем жаңалықтарын қалай талап етуге болады? Ғалым­ның миы толық, бірақ қалтасы тесік, ал әкімдердің миында не бар екені белгісіз, бірақ қалтасы толық дейтінім осыдан.

Академик Қ.Сәтбаев бастап басқарған ҚР Ұлттық ғылым академиясын жабуда да осындай стратегиялық теріс мәні бар. Мұндай келе­шегіміз­ге балта шабу, қатыгездікке де саяси баға берілер. Жоғарыдағы мысалдар – экс-президенттің Қазақстанды білімсіз елге айналдыру саясаты екенінің дәлелі. Ал білімсіз елді Ұлы Абай айтқандай не төбеден таяқтап отырып (ішінде бас көтергендерді қағып тас­тау), не пара­лап отырып, диктаторлық басқару оңай. Біз осылай сыбайлас жемқорлығы шарық­таған, коррупциялық  елге  айналдық.

Адами және әлеуметтік қажеттіліктер саласында әр адамның жеке тапсырысына дейін тауарларға, қызметтерге және басқа да әлеу­меттік қажеттіліктерге әртүрлі әлеуметтік сұраныстарды қалыптастыру қажет. Осыған байланысты үшінші сектордың, яғни азаматтық қоғамның рөлі күрт артады. Әлеуметтік капита­лды қалыптастыру бірінші кезекте тұрады және ол жақсылап инвестициялануы керек.

Осыған сүйене отырып, адами капитал саласындағы осындай минималды әлеуметтік-экономикалық стандарттарды (өмір сүрудің белгілі бір стандарттарын) орнату арқылы біз шынымен де жақсы өмірді қамтамасыз ете аламыз. Минималды стандарттарды экономикалық өсу қарқынымен байланыстыра отырып, халықтың өмір сүру деңгейі мен сапасын анықтауға болады. Бұл – шешілмей келе жатқан, Үкіметтің айналысатын мәселесі.

Әлемдегі ең бай елдердің бірі бола отырып, сонымен бірге халқымыз аз болғандықтан, біз осы бай мұраны сақтай аламыз ба? Біздің еліміздің адами әлеуетін әр адамның «кодталуынан» жеке тұлғаның биометриялық өсуіне дейін бағалауымыз керек. Басқаша айтқанда, барлық тұрғынға жан-жақты қызмет көрсету және өзін-өзі қамтамасыз ету үшін барынша жағдай жасау, желілік экономикамен, интернет желісімен және цифрландырумен бүкіл елді «қамту» өте маңызды. Теледидарда көрсеткендей, ХХІ ғасырда қазақ баласы тауға, не үйдің төбесіне, не ағаш басына тарзан болып шығып, интернетті ұстау қазақ еліне масқара емес пе? Мұнда ең бастысы, ұлттық қауіп­сіздікті, адамгершілік аспектіні қамтамасыз ету адамды бақылау емес, оның қажеттіліктерін қанағаттандыруда көмектесу керек. «Сана­ны өзгерт,  өзің  өзгер!»  дейтінім  сол.

2. Түбегейлі  саяси  реформа.

Біз енді әлемдік қауымдастықта өзіміздің қоғамдық-тарихи, саяси-экономикалық, әлеуметтік-құқықтық бетпердемізді толық анықтап алуымыз қажет. Шындығына келсек, біз бұл мақсатқа жеткен жоқпыз, осы жолды меңгеру­деміз. Ал ішкі саясатымызда да түбегейлі рефор­малар жасауымыз керек, Конституция­лық өзгерістерден бастап, бүкілхалықтық референдум қабылдауға дейін проблемалар бар…

Қазақстан 30 жыл бойы президенттік басқару жүйесімен жүрді. Бұл жүйедегі жақсысы да, жаманы да өзіміздікі, оны талдап жатпайық. Енді саяси-демократиялық кезең басталуы керек! Парламенттің рөлін күшейту қажет. Бұл – мемлекетімізді басқаруды «Парламенттік басқару жүйесіне» көшіру, яғни Президенттің құзырын күрт шектеу. Үш биліктің: заң, сот және атқарушы биліктің тепе-теңдігін іс жүзінде сақтау. Осы жүйеге көшкенде, заң, сот жүйесінде әділеттілік орнар еді, жемқорлық тыйылып, халықтың жағдайы жақсарар еді. Қаншалықты өзіне ауыр болса да, келешек үшін ҚР Президенті Қ.Тоқаевқа осы батырлық қадамға бару керек деп ойлаймын. Егер осылай жасаса, оның біліп-білмей істеген қате­ліктерін халық кешірер еді. Біз кім болсақ та халық  алдын­да  борыштымыз.

Нақтырақ айтсам, біз унитарлы мемлекет болғандықтан да, бірпалаталық Парламентке өтуіміз қажет. Онда депутаттардың саны – 150, ал оның 50%-ы партиялардан, 50%-ы бір мандатты мажоритарлық округтерден елге белгілі маман, қайраткерлер сайлануы тиіс. Себебі, қазір «партия» деп халық қай депутатты жергілікті жерден сайлағанын, өзінің мұң-мұқтажын кімге айтарын, ал олар шешілмесе, қай депутатты қайтарып, басқасын сайлауды білмей қалды. Партиялардың Парламентке өту межесі 3-5%-дан аспауы керек. Бұл ұсыныс­тарды мен Парламентте талай рет депутат болып, оның ащы-тұщысын татқаннан кейін, ең тиімді жол деп таныған соң айтып отырмын.

Мұның ең өзектілігі – оппозиция деп қорық­пай жаңа партияларды тез тіркеу, көппартиялы Парламент жасақтау және оның статусын көтеру болып отыр. Өйткені парламентаризм – «қалталы депутат емес», көппартиялы орта, пікірталас арқылы шындыққа шығу алаңы. Біз, ең бастысы, сайлауды таза демок­ратиялық жолмен өткізуге тиістіміз. Халық өз дауысын қандай партияларға қанша пайызбен бергендігін өзгертпей, әкімшілік ресурсты алып тастап, әдеттегідей дауыс ұрла­май, Парламентке сайлау өткізу керек. Сонда жаңа Парламент жаңа Үкіметті жасақтаудан бастап, жаңа кадр саясатын жасай алады. Жаңа Парламент қоғамдық комиссия құрып, Қазақстанның 30 жылдағы даму жолына әділ саяси, экономикалық, қоғамдық баға беру керек.

Бұл жағдай өз басымнан өтті, келеңсіздіктің құрбаны да болдым. Сайлаудың әділ өткеніне билік емес, халық сенуі қажет. Егер сен мәселенің құрылымын білсең, онда жөндеп басқара аласың демекші, осының ішінде күйіп-пісіп жүргеннен  соң  ұсынудамын.

Қандай Конституциялық өзгерістер жасасақ та, реформалар қабылдасақ та, ең абзалы халық­тың жағдайы, әлеуметтік күнкөрісі төмендемеу  керек. Әр адамға бет бұратын уақыт келді. Адам мен табиғаттың қадірін білсек, қадірлі адам, қадірлі қоғам, қадірлі мемлекет боламыз. Осы жолда барлық күш-жігерімізді алдағы уақытта ізгілікті  дамыған  қоғам орнатуға салуы­мыз өте қажет.

ХХ ғасырды өнеркәсіптегі жоғары технологияның ғасыры десек, ал енді ХХІ ғасыр ол жоғары гуманитарлық ноосфералық өркениет ғасыры болмақ деген пікірді білдіремін. Бұл жерде әр адамның, азаматтық қоғамның мүмкіндіктері пайдаланылады деген сөз. Себебі адам өзінің ақыл, ой-санасы және тілі арқылы ең жоғарғы биологиялық феномен болып есептеледі.

Реформа билік басындағылардың мүддесі үшін емес, қоғамның, елдің мүддесі үшін жүргізіледі. Азаматтық қоғам институттарының жұмысын жетілдіру қажет. Атқарушы мемлекеттік биліктің жұмысына қоғамдық бақылау орнатылуы тиіс. Осыған орай, азаматтық қоғамның негізгі белгісі, жергілікті өзін-өзі басқарудың көзі – биліктің халықпен санасуында және халықтың, азаматтық қоғамның шешім  шығаруға формалды емес, белсенді түрде  араласуында.

3. Экономикалық реформа (жаңа модель).

Негізгі мақсат біз экономиканың шикізат моделінен кетіп, экономикамызды, өндірісімізді әртараптандырып (диверсификациялап), инновациялық жолға түсіп, ары қарай қазақ қоғамын ізгілендіру (гуманизациялау) болып табылады. Барлық байлықты (ресурсты) жаңа технология мен әлеуметтік инновацияға салсақ, тез алға басамыз. Бұл – жаңа қоғамдық және өндірістік қатынасқа, экономиканың дамуының жаңа моделіне өту деген сөз.

Жаңа заман,  жаңа талапқа байланысты барлық  шығынды күрт азайтып, мемлекетті басқарудың   жаңа  жүйесіне (моделіне) көшу керек. Сол  кезде жаңа кадр саясаты, жаңа сая­си және әлеуметтік-экономикалық реформа адамның тыныс-тіршілігіне тікелей әсер етері анық, сонда ғана халық билікті қолдайтын бола­ды.

Мен «Мемлекетті 5-тік спиральмен (мемле­кет, бизнес, ғылым, адам қажеттілігі, информа­тизациялау) жаңаша басқару туралы жобамды» ҚР Президенті  Қ.Тоқаевқа жібергенмін. Соны­мен  қатар бұл жоба «Жас Алаш», «Дат», «Халық» газеттері мен «Abai.kz», «qamshy.kz», т.б. интернет сайттарында да жарияланды. Менің арнайы жаңа Қазақстанды жаңаша басқару жобаммен  танысасыздар деген ойдамын.

Ең дұрысы, билік осы өзгерістерді өзі бастағаны жөн, өзі мұрындық болуы тиіс. Сонда ғана, осындай өркениетті ісі арқылы билік, шынында да, қоғамның саналы әрі салауатты күшіне  арқа  сүйей  алады.

Түйінді ой ретінде айтарым, алдымыздағы екі онжылдықтағы ең басты қиындық – мемлекетті тиімді басқаруда және жаңа техноло­гияларға сай кәсіби біліктілікте, жаңа кадр саясат­ында  болмақ.

4. Қазақстанда мәдени революция іске асу үшін тез арада нақты қаражатпен қамтамасыз етілген 4 тағдырлы Ұлттық жобаның шешу тетікте­рін  жасауды  ұсынамын:

Бірінші мемлекеттік жоба. ҚР ашық нарық­тық  экономика  болуы  керек, әсіресе ашық  сая­сат және қоғамды демократияландыру, соңғысы жоқтың қасы. Ол үшін Конституциядан бастап бірқатар заңдардың қабыл­дануымен осы бағыттарды түбегейлі реформалау қажет, әсіресе көппартиялы Парламент, судья­ларды да халық сайлау керек.

Екінші мемлекеттік жоба. Қоғамның руха­ни-тарихи жаңаруы – жаңа өркениетке жол. Негізгі  назар мәдени, тарихи, денсаулық, моральдық-адамгершілік, ұлттық құндылықтарға, әсіресе жаңа білімге аударылуы керек. Нағыз демократияны тек білімді ел, азаматтық қоғам құра алады. Осындайда ұлы Абайдың толық адам ілімінің жол картасын жасап, біздің рухани Конституциямыз ретінде халықты  оқыту  керек. Қазақстанға ру­хани-мәдени  ренессанс  қажет.

Үшінші мемлекеттік жоба. Ауылды жаңарту мен ауыл  шаруашылығын  дамытуға аса басым­дық беру керек. Мұнай мен газдың орны­на бренд астық пен ет өндірісі болуы керек. Қазақстан өзінің азық-түлік мүмкіндігімен әлемнің бірнеше елін тамақтандыра алады. Жасанды интеллект, робототехника, адам геномы және басқалардың пайда болуымен байланысты №1 проблема адамдарды экологиялық  таза  өнімдермен және сумен қалай тамақтандыру біздің генофондымызды сақ­тайды.

Сондықтан дәл қазір мүмкіндікті жібе­ріп алмауымыз қажет және жақын арада Қазақ­станды азық-түлік державасына айнал­дыруымыз керек. Ол үшін 2023-25 жылдары АУЫЛ ЖЫЛДАРЫ деп жария етіп, арнайы Мемлекеттік бағдарлама қабылдап, үлкен қара­жат бөлу керек. Жаңа Қазақстанның бола­шағы ауылға бетбұрудан басталады. Егер азық-түлік державасы болғымыз келсе, ауыл шаруа­шылығы өнімдерінің жалпы ішкі өнімге шаққандағы  үлесі  қазіргі 4,5 пайыздан кем  дегенде  20-25  пайызға  дейін  өсуі  керек.

Төртінші мемлекеттік жоба. Жаңа өнді­рістік құрылым саясатына, индустриялды-инновац­ияға көшу, технологиялық құрылым­дарды жедел дамытудың тиісті мемлекеттік бағдарламасы мен сыни технологияларды тез дамыту қажет. Біз алда  инновациялық дамы­ған экономикасы,  гуманизациялық  қоғамы бар ел болуымыз керек.

Соңғы айтарым, мүмкін бізді тектілігіміз, ата-бабаларымыздың рухы, болжампаздығымыз, әлемдік тез өзгерістерді түсінгендігіміз алдағы күтпеген нәубеттен сақтап қалар! Цифр­лы әлем, цифрлы экономика заманында уақыт өте тапшы, бәріміз ойланып шешім қабылда­йтын  сәт  туды.

Қасаң тартқан сананы өзгертіп, рухани тазара­тын кез жетті! Бұл біздің соңғы мүм­кіндігіміз болуы мүмкін. Сондықтан мен Сіздерді мәдени революциялық жолға, дана халқымыздың көрегендігін ұстанып, ата-бабамыз­дың бірлігі мен тірлігін жалғастыруда қапы  қалмауға  шақырамын!

Осы мемлекеттік деңгейдегі 4 жоба ҚР Президе­нтінің және халықтың тікелей наза­рында болу керек. БАҚ, телеарналардан тұрақты  түрде,  жиі-жиі  беріліп  тұруы  қажет.

Құрметті оқырман, осы көптен бері көкейім­де, жазып та, айтып та жүрген «Қазақ­станда мәдени революция» жасау керек деген ойыммен бөлістім. Ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір болады. Уақытты тағы да жіберіп алмайық. Мұны не Президент, не халық жасайды. Ал ең дұрысы, халық  болып бірге жұмылып жасау керек.

Оразалы  СӘБДЕН,

Қазақстан  Ғалымдар  одағының  президенті,

ҚР  Мемлекеттік  сыйлығының  иегері,

э.ғ.д.,  профессор,  академик

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: