Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ҚАУПІҢ ҚАЙДАН БОЛСА, ҚАТЕРІҢ СОДАН немесе саяси қуғын-сүргіннің сыртқы астарлары

26.05.2022, 11:40 388

Қылышынан қан тамған, ұлтымызды ұлы апатқа жеткізген большевиктік кезеңнің саяси қуғын-сүргініне тарихи тұрғыдан жан-жақты баға беру сияқты игі іс өз жалғасын тапқан сияқты. Тиісті комиссиялар құрылып, оның құрамына белгілі де беделді ғалымдар мен қоғам өкілдері еніп, ортақ іске шама-шарқынша араласып жатыр. Бұрын бұл тақырыпты қозғауға аса құлықты болмаған биліктің де рито­рикасы біршама өзгеріп, көп нәрсе  ашық  айтыла  бастады.

Бір сөзбен айтқанда, саяси қуғын-сүргін кезеңдеріне қатысты қоғам мен билік арасында белгілі бір түсіністік қалыптасты. Бұл тақырыпты қозғайтындар бұрын билікке жеккөрінішті көрінсе, бүгінде үлкен залдардың төрінде отыр. Ол да дұрыс деп санаймын. Сондықтан баршаға бесенеден белгілі жайттарды қайталамай-ақ қояйын да, осы түбірлі тақырыптың  бір  тұсына  ғана  тоқталайын.

Мәселе – саяси қуғын-сүргіннің сыртқы факторлары жайында, өйткені сыртқы ықпал біздің ішкі саясатымызға, соның ішінде халқымыз тар жол, тайғақ кешкен, қилы-қилы кезеңдер мен оқиғаларға жан-жақты баға беруге өз әсерін  тигізуде.

Біріншіден, Совет дәуіріндегі Мәскеу секілді метрополияның одақтас респуб­ликаларға қарсы жүргізген репрессиялық саясаты туралы әлі де ашық айтылған жоқ, көптеген жайттар жабулы күйінде қалып отыр. Оның себебі біреу: қазіргі Ресей басшылығы әлі де большевиктік құндылықтармен ат құйрығын кесісе қойған жоқ. Керісінше, бүгінде Сталин, Берия секілді сол дәуірдің саяси монстрлары мен жендеттері ақталып, сериалдардың жағымды кейіпкерлеріне айналғалы қашан. Солтүстік көршінің ақпараттық ықпалы туралы жиі айтылады, содан болар, өз ұлтымыздың ішінен де кремльдік кесірлі пропагандамен миы уланған телезом­билер  көптеп  кездеседі.

Содан болар, Ашаршылықты қолдан жасаған Мәскеу туралы ащы ақиқат Кремльдің шамына тиетін сияқты. Сол салқындық құрылтайшылары Ресейде отырған кейбір БАҚ бетінен ап-анық сезіледі. Ол телеарналар болса, күні-түні барша қазақтың төрінде сарнап тұр! Осы сыртқы фактор саяси қуғын-сүргін кезіндегі большевиктік билікке мейлінше әділ әрі тура баға беру ісіне өз кедергісін мықтап  келтіруде.

Бұл ақпараттық тенденция тек қана өткендегі оқиғалармен шектелмей, бүгінгі күннің болмысына ауысуда. Сөйтіп, ел Тәуелсіздігі мен жер тұтастығы туралы ұлттық ұстанымның іргетасын әлсіретуде. Оған Украинада боп жатқан соғысқа қатыс­ты ресейлік БАҚ-тың неоимперия­лық, шовинистік  позициясының  қазақ аудиториясына  кеңінен  тарап  жатқаны дәлел.

Екіншіден, сталиндік респрессиялар туралы тарихи шындықты халықаралық деңгейде мойындату үлгісін Украина көрсет­ті. Кезінде олар АҚШ Конгресінде Голодомор  жайында  арнайы  қарар қабыл­датып,  оны  «Совет  өкіметінің  украин халқына қарсы жүргізген  геноци­ді» деп  ресми  түрде  танытты. Ол үшін  Украин мемлекеттік органдары мен қоғамдық ұйым­дары жатпай-тұрмай еңбектеніп, қолда бар барлық мүмкін­дікті сарқа жұмсады. Естуімше, АҚШ-тағы украин диаспорасының лоббиі де мықты жұмыс  атқарған.

Біздегі  Ашаршылықты  да  еврей халқының  трагедиясы  «Холокост», украин  халқының  «Голодоморы»  секілді әлемдік  деңгейде мойындату керек. Ол үшін, алдымен, қазақты қынадай қырған Ашаршылық қазақ ұлтына қарсы әдейі ұйымдастырылған «геноцид» болғанын өз ішімізде заңдастырып, ресми түрде бекітіп алуымыз  шарт. Мәселен, парламент осы мәселе  бойынша  өз  шешімін  шығарса, құба-құп болар еді. Ол бүгінде сонда отырған партияларға сын! Әзірше олай болмай тұр, ол да болса, сол Кремльдің ықпалы  деп  білемін.

Үшіншіден, саяси-қуғын сүргіннің көкесі бір жарым миллион қазақ тұрып жатқан  көрші  Қытайда екенін баршамыз  хабардармыз. Қаншама қандасымыз алапат репрессиялық машина табанының астына түсті! Қаншама адам зардап шегіп, қаншама отбасының шаңырағы ортасына түсті!  Қазірдің өзінде сол трагедия  жалғасып  жатыр.

Сөз жоқ, Қытай секілді алпауыт көрші­мен ойнауға болмайды. Біздің тарапымыздан оқыс қимыл-әрекет болса, ол жақтағы ағайынға тиіп кетуі әбден мүмкін. Халықаралық құқық бойынша әр елдің ішкі тірлігіне басқа ел қол сұға алмайды. Бірақ, қалай дегенмен, экономикалық, саяси, диплом­атиялық мүмкіндіктерді пайда­ланып, шекараның ар жағында қиналып жатқан ағайынға көмек беру механизмдерін осы бастан қалыптастыру қажет.

Сөз соңында айтарым мынау.

Жаңа Қазақстан құрғалы жатқан біз Ескі Қазақстанның саяси қуғын-сүргін идеологиясынан арыла қоймаған басқару­шы элита өкілдерінен де толық құтыла алмай келгеніміз де рас. Әсіресе, арнайы, құқықтық және күштеу органдарында көне ойлау жүйесінің сарқыншақтары сақталған болатын. Көп жағдайда идеологияға қатысы болған олар да саяси зұлмат пен нәубет туралы бар шындықтың жария етілуіне іштей қарсылық танытып, архивтердің айқара ашылуына қасарысып келді. Енді, Жаңа Қазақстанда ондай келеңсіз­діктерге жол берілмеуі керек!

Әміржан  ҚОСАН,

арнайы  «Халық»  газеті  үшін

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: