Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесі мен оның Аппаратының жұмыс тәртібін жаңадан бекітті. Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі Аппаратының кейбір мәселелері және Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Жарлыққа қол қойды.
Құжатқа сәйкес, Қауіпсіздік Кеңесі мен оның Аппараты туралы жаңа ереже бекітіліп, Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасы орынбасарының өкілеттіктері нақты айқындалды.
Енді Қауіпсіздік Кеңесі тек қорғаныс пен ұлттық қауіпсіздік мәселелерімен шектелмейді. Оның міндетіне жаһандық сын-қатерлерді, ел ішіндегі ахуалды, ақпараттық және киберқауіпсіздық мәселелерін жан-жақты талдау да кіреді.
Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасы орынбасары Президент пен Қауіпсіздік Кеңесі қабылдаған шешімдер мен тапсырмалардың толық орындалуын бақылап отырады. Сонымен бірге ұлттық қауіпсіздік, қорғаныс қабілеті, заң мен тәртіп саласындағы жұмыстарды жүргізетін мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіреді.
Жаңа ережедегі маңызды бағыттардың бірі – цифрлық қауіпсіздік. Төраға орынбасары ақпараттық және киберқауіпсіздікпен, жасанды интеллектіні қолданумен, дербес деректерді қорғаумен байланысты мәселелерге де жауап береді.
Оның құзырына сыбайлас жемқорлық пен экономикалық қылмысқа қарсы іс-қимыл, азаматтық қорғаныс бағыттары да енгізілген. Бұдан бөлек, ол осы салаларда жұмыс істейтін мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өзара іс-қимылын үйлестіріп, халықаралық байланыстарға қатысады.
Қауіпсіздік Кеңесі Аппаратының мәртебесі де нақтыланды. Енді ол дербес мемлекеттік орган ретінде Президентке тікелей бағынады және есеп береді.
Аппарат ұлттық қауіпсіздікке төнетін тәуекелдерді бақылау жүйесін күшейтуге, мемлекеттік басқарудың тұрақтылығын қамтамасыз етуге және Қауіпсіздік Кеңесінің шешімдерін іске асыруға жауапты болады.
Жаңа тәртіптің негізгі мақсаты – елдің егемендігі мен тәуелсіздігін, аумақтық тұтастығын, конституциялық жүйесін және халықаралық аренадағы ұлттық мүдделерін қорғау.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!