Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қасым-Жомарт Тоқаев: Әділдік болмаса, ешбір сала дамымайды

20.10.2022, 15:40 285

HALYQLINE.KZ

Мемлекет басшысы Жетісу облысындағы жұмыс сапары барысында өңір жұртшылығымен кездесті. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл өлкенің өзіне ерекше ыстық екенін атап өтті.

Мемлекет басшысы бұрынғы Алматы облысының жер көлемі тіпті үлкен болғанын, жергілікті басқару ісін жетілдіру үшін облысты екіге бөлу туралы шешім қабылданғанын жеткізді. Президенттің айтуынша, бұл – мұқият ойластырылып жасалған қадам және тұрғындар үшін қолайлы екені анық. Қазір Жетісудың әлеуметтік-экономикалық қуатын арттыруға бюджеттен қаржы бөлініп, қолдау көрсетіліп жатыр. Бұл шешім аймаққа инвестиция тартуға, инфрақұрылымды жақсартуға ықпал етеді.  

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Жетісу өңірінің дамуына тың серпін беретін кейбір мәселелерге арнайы тоқталды. Ең алдымен, ауыл шаруашылығын дамытуды және азық-түлік өнімдерін өндіруді бірінші мәселе ретінде атады. Оның айтуынша, табиғаты жайлы, жері құнарлы Жетісу өлкесінің ауыл шаруашылығындағы әлеуеті өте зор.

– Бүгінде Жетісу облысы бойынша 100 мың гектардан астам пайдаланылмай жатқан жер анықталды. Жер – халықтың байлығы. Ол барлық азаматтың игілігіне жарауы керек. Әкімдер бұл мәселені қатаң бақылауда ұстауы қажет. Облыстың суармалы жерлерді игеруге зор мүмкіндігі бар. Бүгінде аймақтағы жер суаратын желілердің 70 пайызы тозып тұр. Оның бәрін жаңғыртып, қалыпқа келтіру керек. Ақсу, Алакөл және Сарқан аудандарында суармалы жердің көлемін 18 мың гектарға ұлғайтуға болады. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі облыс әкімдігімен бірлесіп, осыған орай нақты шаралар қабылдасын, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Жетісудың ауыл шаруашылығындағы басым бағыттың бірі – қант қызылшасы екеніне тоқталып, еліміздегі 4 қант зауытының екеуі осы жерде орналасқанын атап өтті. Алайда шикізаттың жоқтығынан оның біреуі жұмыс істемей тұр.

– Қант қызылшасын өсіретін алқаптар азайып кетті. Соның кесірінен импортқа тәуелділік арта түсті. Зауытты іске қосуға 2017 жылдан бастап жергілікті бюджеттен 12 миллиард теңге жұмсалды. Биыл жазда қант бірден қымбаттап, оның тапшылығы туындады. Оның бәрі құзырлы органдардың салғырттығы мен бейқамдығының кесірінен болды, – деді Президент.

Мемлекет басшысы бос тұрған зауытты тезірек толық іске қосуды, қажет болса, басқа инвесторлар тартуды қарастыру керек екеніне назар аударды. Сонымен қатар облыстағы екі қант зауытының қуатын 100 пайызға жеткізіп, 2026 жылға қарай өндірілетін қант көлемін 180 мың тоннаға арттыру қажет екенін айтты.  Сондай-ақ облыстың көкөніс пен бау-бақша өсіру ісінде зор әлеуеті бар екенін, осы орайда, заманауи қоймалар салу мәселесін шешу қажет екенін атап өтті.

Бұдан кейін Президент өнеркәсіпті дамыту және кәсіпкерлікті қолдау салаларына тоқталды. Өңірдегі өнеркәсіп саласының өсу динамикасын оң бағалап, жыл басынан бері 23 нысан пайдалануға берілгенін айтты.

– Бірнеше жылдан бері тоқтап тұрған жоғары сапалы кремний өндіретін Kazsilicon зауытының жаңғыртылып, іске қосылуын және темірді тікелей тотықсыздандыратын «Электромарганец» зауытының құрылысын ерекше атап өткім келеді. Екеуі де еліміз үшін – маңызды кәсіпорын. Олар металлургия саласындағы озық технологияларды әзірлеу және тарату алаңына айналуы керек. Сондай-ақ облыста 2026 жылға дейінгі инвестициялық портфель жасалған. Онда 7 мыңнан астам жұмыс орны ашылатын 162 жоба қамтылған. Жоспардан үлкен үміт күтеміз. Енді жобалардың жүзеге асырылуы қалай болатынын көреміз, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев сапалы жұмыс орындарын құруға мүмкіндік беретін өңдеу өнеркәсібіне жаңа инвесторларды белсендірек тарту қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар өңірдегі аккумулятор зауыты перспективасы зор іргелі кәсіпорынның бірі екенін айтты.

– Осы кәсіпорынның үздіксіз жұмыс істеуі шикізаттың көлемі мен оның тұрақты жеткізілуіне тікелей байланысты. Сондай-ақ өнеркәсіптік аккумулятор шығаратын зауыт іске қосылады деп жоспарланып отыр. Бұл кәсіпорындарды қажетті көлемде шикізатпен қамтамасыз ету үшін елден қорғасын сынықтарын шығаруға толық тыйым салу қажет, – деді Президент.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы мол транзиттік мүмкіндікті ескере отырып, аймаққа халықаралық көлік-логистикалық компанияларды тарту маңызды деп есептейді. Бұл үшін елімізде құрғақ порт, логистикалық және индустриялық аймақтарды қамтитын «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы бар екенін еске салды.

– Достық станциясында жылына 9 миллион тонна жүк пен 300 мың контейнер қабылдап, жөнелте алатын терминал салу жоспарланып отыр. Сонымен қатар Hubei Kelison индустриялық паркін салу жөнінде Қытаймен бірлескен жобаны жүзеге асыруға қатысты мәселелерді шешу қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент шағын және орта бизнестің экономикалық дамудың қарқыны мен өнімді жұмыспен қамту деңгейін айқындайтын жетекші сектор екеніне тоқталып, мемлекет бұл салаға одан әрі қолдау көрсететінін жеткізді. Сондай-ақ экономиканың қарқынды дамып келе жатқан салаларының бірі цифрлық технологияға тоқталып, Астана мен Алматыда қуатты ІТ кластерлер қалыптасып келе жатқанын айтты. Оның айтуынша, Жетісу облысының да ІТ секторындағы әлеуеті зор.  Бұл аймаққа да білікті мамандарды тартуға болады. Ол үшін, ең алдымен, қажетті инфрақұрылымды дамытқан жөн.  

Қасым-Жомарт Тоқаев тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, Жетісу халқының 90 пайызы орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген.  Алайда су құбыры желілерінің едәуір бөлігі әбден тозып, 1,2 мың шақырым құбыр желісі күрделі жөндеуді қажет етеді. Сондықтан өңірдегі құбыр желілерін кезең-кезеңімен жаңарту әкімдіктің басты міндеттерінің бірі ретінде айтылды.

– Тағы бір маңызды мәселе. Бұл – ауыз судың сапалы болуын қамтамасыз ету. Мысалы, Текеліде жылдар бойы жалғасып келе жатқан түйткілді бәріңіз жақсы білесіздер. Қала тұрғындары таза ауыз сусыз отыр. Бұл мәселені ұзаққа созбай шешу керек. Облыс және қала әкімдері аталған тапсырманың орындалуына тікелей жауапты. Үкімет республика бюджетінен алдағы жылы қаржы бөлу мәселесін қарастыруға тиіс, – деді Президент.

Көгілдір отын облыс тұрғындарының 10 пайызына ғана қолжетімді екенін айтқан Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар елді мекенді газбен қамтуды тапсырды.   

– «Алматы – Талдықорған» магистралды газ құбыры салынып, облыс орталығына газ толық берілді. 2025 жылға қарай Кербұлақ ауданынан Талдықорған қаласының маңына дейін, барлық елді мекенді газбен толық қамтамасыз етуді тапсырамын. Сонымен қатар, «Талдықорған – Үшарал» бағытында газ құбырын тарту керек. Бұл 180 мың адам тұратын Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарына газ жеткізуге мүмкіндік береді.  Үкіметке осы жобаны кезең-кезеңімен қаржыландыруды тапсырамын. Жетісу облысын газбен қамтамасыз ету жұмысын тездету керек.  Сонымен бірге, газ желісіне қосылу құны азаматтар үшін тым қымбатқа түспеуі қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев облыстағы жол мәселесіне де арнайы тоқталды. Оның айтуынша,  «Талдықорған – Қалбатау – Өскемен» және «Үшарал – Достық» тас жолдары салынып жатыр. Құзырлы органдарға жұмыс барысын қатаң бақылауға алып, келесі жылы толық пайдалануға беру тапсырылды.

– Кербұлақ және Панфилов аудандары арқылы өтетін республикалық жүре жолды жөндеу мәселесі де өзекті болып тұр. Бұл – өте маңызды жол. Сондықтан, Үкімет пен Әкімдікке ондағы күрделі жөндеу жұмысын келесі жылы аяқтауды тапсырамын.  Қажетті қаражатты шұғыл қарастыру керек. Жолды сапасыз салуға болмайды және құрылыс созылып кетпеуге тиіс. Бұл жергілікті жұрттың тұрмысы мен көлік қозғалысының қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Облыстағы республикалық маңызы бар күре жолдарда болған жол апаттарынан 9 айда 61 адам қайтыс болды. Бұл – жан түршігерлік көрсеткіш. Елімізде жол апаттары, оның ішінде адам өліміне әкеп соқтырған оқиғалар көбейіп барады. Бұған еш жол беруге болмайды. Адам өліміне әкеп соқтырған әрбір жол апатын төтенше жағдай ретінде қарастыру қажет. Адам өмірі – біздің басты байлығымыз, – деді Президент.

Мемлекет басшысы әлеуметтік инфрақұрылымдар мәселесіне де арнайы тоқталды. Оның айтуынша, облыста апатты жағдайдағы мектептер мен үш ауысымда оқытатын мектептер жоқ. Бірақ, босаңсуға болмайды. Мектеп мәселесі әкімдіктің ерекше назарында болуға тиіс. 

Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін Қазақстанда әлемнің жетекші бес техникалық университетінің филиалдарын ашу туралы бастама көтергенін еске салып, өзінің тапсырмасымен Үкімет облыс әкімдігімен бірлесіп Талдықорған қаласында шетелдік ірі технологиялық университеттің филиалын ашу мәселесін пысықтап жатқанын айтып өтті.

– Облыстың ерекшелігін ескере отырып, аталған университет ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, туризм және цифрлық технологиялар саласы бойынша мамандар даярлайды. Бұл өңірден жастардың кетуін азайтып, жергілікті экономиканы жоғары білікті кадрлармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді Мемлекет басшысы.

Жиында биыл облыстың алты ауданындағы шалғай орналасқан шағын елді мекендерде медициналық пункттерге арналған 12 модульдік кешен салынатыны туралы айтылды. Ал 2024 жылға дейін тағы 40 ауылда осындай нысан бой көтереді. Сонымен қатар өңірдегі бірқатар денсаулық сақтау орындарына күрделі жөндеу жүргізіледі.

Президенттің айтуынша, ұлт денсаулығын жақсарту үшін балалар мен бұқаралық спортты насихаттау маңызды. «Дені сау ұлт» ұлттық жобасында 2025 жылға қарай дене шынықтыру және спортпен айналысатын азаматтарды қамту ісін 50 пайызға жеткізу міндеті қойылған. Жетісу өңірінде бұл көрсеткіш – бүгінде 34 пайыз.

– Көздеген мақсатқа жету үшін спорт инфрақұрылымын дамыту қажет. Мұны, әсіресе, ауылдық жерлерде қолға алған жөн. Ауылдарда модульді дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін салу керек. Олар тез салынады және көп қаражатты қажет етпейді. Былтыр Талдықорғанда Олимпиада талаптарына сай келетін заманауи бассейн ашылды. Мұндай бассейн Орталық Азияда жоқ. Енді облыста шаңғы спорты  түрлерін дамыту мәселесі бар. Жетісу таулары бұл үшін өте қолайлы екені сөзсіз. Осыған байланысты Үкіметке облыста заманауи шаңғы және биатлон кешенін салу ісін қамтамасыз етуді тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Жетісу облысының әкімдігі туризм саласын дамытуға айрықша мән беруі керек екенін айтты.

– Алакөл мен Балқаштың орасан зор әлеуеті бар. «Алтынемел» және «Жоңғар Алатауы» ұлттық паркі – экологиялық туризмді дамыту үшін таптырмайтын жер. Текелідегі әйгілі Шажа және Қора сайлары керемет көріністерге толы. Міне, осының бәрі – тұнып тұрған байлық. Әрине, туристер көптеп келу үшін тиісті инфрақұрылым салып, қолайлы жағдай жасау керек. Бұл – оңай шаруа емес. Соңғы жылдары бұл бағытта біршама жұмыс атқарылды. Бірақ, мұнымен шектелуге болмайды. Жетісудағы ұлттық парктерде құны 3 миллиард теңгеден астам инвестициялық жобалар жүзеге асырылмақ. Оған ірі инвесторлар тартылды, – деді Президент.

Сонымен қатар жиында облыстың экологиясы туралы да айтылды. Текелі қаласын қорғасын-мырыш комбинатының қалдықтарымен ластау мәселесі көтеріліп,  жердің құрғап кетуіне жол бермеу үшін Балқаш жағалауын көгалдандыруды қолға алу маңызды екеніне мән берілді. Мемлекет басшысы бұл жұмыстарды үйлестіруді Экология министрлігі жүзеге асыруы керек екеніне тоқталды. Сондай-ақ уәкілетті органдар Қытаймен бірлесіп, трансшекаралық Іле өзеніне судың жіберілуін бақылауға алуы қажеттігін атап өтті.

Мемлекет басшысы бүгінде әлем аумалы-төкпелі геосаяси жағдайға және бұрын-соңды болмаған жаһандық сын-қатерлер кезеңіне қадам басқанын айтты. Президент қақтығыстар мен соғыстар көбейіп, елдер арасындағы сенімсіздік күшейе түскенін атап өтті. Сондай-ақ осындай күрделі жағдайда халқымыздың бірлігі, қоғамдағы келісім мен тұрақтылықты сақтау ерекше маңызға ие екенін жеткізді. Бұған Қазақстан халқы Ассамблеясы зор үлес қосып келеді. Реформалар кезінде ұлттық диалогтың әмбебап алаңы ретінде танылған Ұлттық құрылтайдың маңызды рөлі туралы да сөз қозғалды. Бұл институттың қызметі билік пен қоғам арасындағы ынтымақтастық негізінде халқымыздың бірлігін нығайтуға мүмкіндік береді.

– Мұндай жағдайда әр азамат өзінің сөзі мен іс-әрекеті үшін жауапкершілікті сезінуі керек. Бұл, ең алдымен, қоғамда белгілі тұлғаларға, саясаткерлерге, журналистерге, блогерлерге қатысты. Ағат айтылған сөздер мен орынсыз мәлімдемелердің салдары ауыр болуы мүмкін. Қазақ «Айтылған сөз – атылған оқпен тең» деп бекер айтпаған. Пікірлердің плюрализмін сақтай отырып, біз радикализмнің, экстремизмнің және сепаратизмнің кез келген көріністеріне жол бермеуіміз керек. Біздің қоғамға іріткі салу әрекеттеріне заң аясында қатаң тосқауыл қойылады. Елімізде заң мен тәртіп бірінші орында тұруы керек, – деді Мемлекет басшысы.

Президент елімізде саяси реформалардың жүргізіліп жатқанын айтып, оның мән-мағынасын түсіндірді.

– Шын мәнінде, әділдік болмаса, ешбір сала дамымайды. Халқымыз «Әділ істің – бәрі игі» деп бекер айтпаған. Құзырлы органдар, лауазымды тұлғалар шешім қабылдағанда осыны әрдайым есте ұстауға тиіс. Әділетсіз шығарылған шешім биліктің беделін түсіреді. Қоғамға іріткі салып, халықтың наразылығын тудырады. Сондықтан ешқашан әділдіктен аттауға болмайды, – деді Мемлекет басшысы.

Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жарлығымен өңірдің бірқатар азаматын мемлекеттік наградамен марапаттады. «Жетісу» әуе компаниясының президенті Дөңсебаев Қалмұхамет пен еңбек ардагері Мажай Әуесхан «Парасат» орденімен, Еңбек ардагері Әрінов Әміре «Құрмет» орденімен, «Жазылбеков және К» шаруашылық қожалығының шопаны Бекчойнов Ардақ ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапатталды. Ал «Ерен еңбегі үшін» медалі «Есімжанов» шаруашылық қожалығының төрағасы Есімжанов Мұхитқа, «Шапағат» медалі Безродных атындағы орта мектептің мұғалімі Минченко Светланаға табыс етілді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: