Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қала әкімі есеп берді

30.01.2020, 11:12 934

ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес қала әкімі Н.Нәлібаев 15 қаңтардан бастап қала көлемінде өткен жылы атқарылған жұмыстар және алдағы міндеттер туралы есебін беруде.

Бүгінге дейін қала әкімі қалаға қарасты кент, ауылдық округтерде есеп беру және екі қоғамдық қабылдау, барлығы 11 кездесу өткізді.

Бұл кездесулер барысында, қала әкімімен қатар кент және ауылдық округ әкімдері де өз есептерін берді.

Ал, 29 қаңтар күні қала әкімі Н.Нәлібаев осы игілікті дәстүрдің жалғасы ретінде түске дейін Титов тұрғын ауданындағы «М.Ералиева» атындағы Мәдениет үйінде және түстен кейін №101 «Ә.Мүсілімов» атындағы мектеп-лицейінде қала тұрғындарының алдында есеп берді.

Қала тұрғыны сұрағын қоюда…

Есеп беру кездесуіне қала тұрғындарымен қатар, облыстық басқарма басшылары, бұқаралық ақпарат құралдары мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, облыстық, қалалық мәслихат депуттаттары және ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Сарқұлов Ұлан Серікұлы арнайы қатысты.

Биылғы жылғы есеп беру кездесулердің ерекшелігі барынша еркін форматта ұйымдастырылған. Яғни, қала әкімі 15 минуттық баяндамасында өткен жыл еншісінде атқарылған жұмыстар туралы қысқаша есеп берсе, қалған уақыттың барлығы тұрғындардың ұсыныс-пікірлері мен сұрақтарына арналуда.

Кездесу барысында тұрғындар қала тұрмысын жақсартуға қажетті деген ең маңызды мәселелер, өздерін толғандырып жүрген сұрақтар мен сауалдарын ортаға салуда.

Көтерілген сұрақтардың басым көпшілігі баспана, жол, коммуналдық, т.б. мәселелер. Қала әкімі Н.Нәлібаев әр мәселе бойынша толық жауап беріп, бұл бағытта атқарылған ауқымды жұмыстар мен алдағы жоспарларға кеңінен тоқталып өтті.

Расында, жыл сайын қаланың әлеуметтік әлеуеті мен сәулеттік келбеті артып, халық сұранысын қанағаттандыруға бағытталған тың жобалар сәтті жүзеге асырылуда. Халықтың саны артып, сәйкесінше қаланың көлемі де ұлғаюда. Жыл сайын көптеген тұрғын үйлер бой көтеріп, жаңа тұрғын аудандар пайда болуда, жолдардың сапасы жақсаруда. Әсіресе, қала әкімі бұл жұмыстарды атқару барысында қаланың шет аймақтарына ерекше басымдық беруде. Биылғы жылы да бұл жұмыстар қарқынды түрде жалғасын табатын болады.

Мұның барлығын, кездесуге келген халықтың сөзінен де анық аңғаруға болады. Себебі, кездесу барысында қала басшысының еңбегіне шынайы оң бағасын беріп, алғысын жеткізген тұрғындар көп болды.

Қала әкімі Н.Нәлібаев: «Мұның барлығы Елбасымыздың, Президентіміздің басшылығымен, өз туған жерінің шынайы жанашыры ретінде еңбек етіп жүрген барлық жерлестеріміздің қолдауының, Сіздер мен біздердің бірлесе атқарған тынымсыз тірлігіміздің нәтижесі, халықтың артқан мол сенімінің жемісі», – деді.

Осы арқылы, бірлігі бекем қала халқының ауызбіршілігіне және әр істің әділ сыншысы болып, қолдау танытып жүрген қызылордалықтарға шынайы ризашылығы мен алғысын білдірді.

Қалалық ішкі саясат бөлімі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: