Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қала әкімі еріктілермен кездесті

12.03.2020, 11:08 743

Кеше Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қалалық жастар ресурстық орталығында арнайы еріктілермен кездесті.

Алдымен жастар орталығының алаңында «Жас сарбаз» республикалық қоғамдастық әскери-патриоттық қозғалысының Қызылорда облыстық жетекшісі Айдос Қожамұратов рапорт беруден бастады. Осы клубтың мүшелері АК-74 қаруын бөлшектеп жинап, бүгінге дейін игерген әдістерін көретті. Облыс көлемінде құрылғанына 1 жылға жуықтаған бұл клубта қала бойынша 54 мектептен 1500-ге жуық жас сарбаздар мүше болып табылады.

Одан әрі «Qosyl» қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Кеңшілік Сабыржан қозғалыстың жұмысымен, жастар орталығының базасында воллейбол, workout алаңымен, кеңес беру бөлмесімен, волонтерлік ұйымдардың қызметі және жастар ресурстық орталығының жоспарымен кең көлемде таныстырды.

– Негізінен қалада Еріктілер жылы жарияланбай тұрып, 5 жылға жуық уақытта осы бағыттағы жобаларды қала көлемінде жүзеге асырып келе жатқан ұйымдар бұрыннан бар. Олар мерекелер қарсаңында қариялардың үйін тазалап немесе әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасыларға азық-түлік апарумен шектеліп қалмайды, – деді орталық директоры.

Мерзімінен ерте туылған балаларға тоқыма киімдер тоқитын «28 ілмек» еріктілер клубы. Клуб жетекшісі Айгерім Нұрлан ерте туған балаларға тоқыма киімдер тігуді бүгінде Қызылорда қаласында қолға алып отыр. Шала туған сәбилердің салмағы 500 грамнан басталып, екі келіге дейін жетеді. Қалалық перзентxана мен облыстық ана мен бала орталығынан олардың жұмыстарына сұраныс жоғары. Мұнда еріктілер бас қосады. Тоқыма білмейтіндерге клуб мүшелері үйретеді. Барлығы тегін. Мерзімінен ерте туған нәрестелерге тоқыма киімдерін тоқып, көмек көрсететін еріктілер ұйымы еліміздің 13 қаласында бар.

– Топтың мақсаты – өзгеге көмек қолын созуда бірреттік емес жүйелі түрде жұмыстар жүргізу. Бұл үшжақты келісім бойынша жүзе асады. «Әлем сізбен әдемі» жобасы. Жоба аясында Қызылорда қаласындағы «Талсуат» оңалту орталығындағы ем алушыларға сұлулық салон қызметтерін тегін ұсыну. 50 аса ем алушыларға шаштарын қысқарту, тырнақтарын сәндеу және т.б. жұмыстар жүргізілді. Алдағы уақытта осы жоба «Атамекен» балалар ауылы, «Аналар үйі», «Қарттар үйі», «Талсуат» балалар оңалту орталықтарында өткізу жоспарлануда. Сонымен қатар қаламыздағы беделді сұлулық салондармен келісімдер жүргізіліп жатыр, – дейді «Қызылорда қайырымды жандар» волонтерлер тобының жектешісі Айгерім Әмірхан.

Екінші жоба – «Озат» ойлы, зерделі, алғыр, таланттар жобасы. Көпбалалы отбасынан және аз қамтамасыз етілген отбасылардың балалары мен мектеп оқушылары қамтылатын болады. Қаламыздағы үйірмелер, клубтар, білім беру орталықтары және т.б. орталықтармен келіссөздер жүргізіп, осы отбасылардан шыққан балаларды тегін қатыстыру.

Сонымен қатар республикамызда 209 жастар ресурстық орталығы жұмыс істейді және тек 5 аймақта ғана орталықтарға атау берілгенін атап өтті. Оның бірі – қаламыздағы «QOSYL» қалалық жастар ресурстық орталығы. Орталық директоры Кеңшілік Сабыржан «QOSYL» деп аталуының мақсаттары мен және орталықтың алдағы жоспарлармен таныстырды. Орталық 4 бағыт бойынша жұмыс істейтін болады.

Біріншісі – бос уақытты тиімді ұйымдастыру, екіншісі – NEET санатындағы жастармен жұмыс, үшіншісі – суицид пен құқықбұзушылықтың алдын алу, соңғысы – жастарға ONLINE кеңес беру жұмыстары.

– Биылғы Еріктілер жылында да қала жастары үшін үлкен жоспарлар бар. Түрлі бағыттағы 12 әлеуметтік жоба жүзеге асырылатын болады. Қазірдің өзінде, қалалық жастар ресурстық орталығы тарапынан «Birgemiz» еріктілер корпусы» арнайы жобасы бастау алып, ерікті жастардың базасы құрылуда. Бірақ, волонтер болу немесе елінің мүддесі үшін ерікті еңбек ету тек жастарға тиесілі міндет емес. Бұл баршамызға ортақ ұстаным, еш міндеттеусіз қолға алынуы тиіс ерікті ұғым болуы керек. Кез келген елдің дамуы үшін әрбір саламен қатар, сол елдің әрбір азаматының тынымды тірлігі, мызғымас бірлігі және шынайы өз отанына деген жанашырлығы маңызды. Сол себепті, биылғы жылы еріктілік пен белсенділіктің үлгісін танытып жүрген жерлестеріміз үшін көктем айларынан бастап арнайы байқау жариялауды жоспарлап отырмыз. Яғни, жыл көлемінде түрлі бағытта қаламыздың өсіп-өркендеуі мен көркеюіне ерекше атсалысқан жерлестерімізді анықтап, жыл соңында еңбегіне алғыс білдіріп, лайықты демалыс сыйлау үшін шетелге жолдама табыстаймыз. Шетелге жолдама берудің негізгі себебі – қала мәдениетін дамыту, қоғамды дамытудағы халықтың жауапкершілігін арттыру, қоршаған ортаны көркейту және көгалдандыру бағытында дамыған елдердің жақсы азаматтық бастамалары мен қала тіршілігі үшін қажетті тың идеяларын алып келіп, қала көлемінде оны жүзеге асыруға жағдай жасау. Алдағы уақытта біз Сіздермен бірлесіп ел игілігі жолында талай жаңа жобаларды жүзеге асырамыз, – деді қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.

Кездесу соңында Қалалық жастар ресурстық орталығының директоры қала әкіміне еріктілердің атынан “Қызылорда қаласы волонтерларының жанашыры” статуеткасын табыстады.

Қызылорда қаласы әкімінің баспасөз хатшысы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: