Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қайраткерге құрмет көрсетілді

28.12.2022, 11:30 149

HALYQLINE.KZ Ауданға Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, қоғам қайраткері Мұрат Бақтиярұлы іссапармен келді. Аудандық мәслихаттың мәжіліс залында өткен бас қосуға аудандық мәслихаттың депутаттары, аудандық алқабилер кеңесінің төрағасы Кенжеғара Сүлейменов, Жалағаш кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы Қожантай Құлмахан, ақпарат құралдары өкілдері қатысты. Кездесуді аудан әкімі Асқарбек Есжанов ашып, қайраткер-депутаттың қадамына құтты болсын айтты. Әрі қарай қазіргі аудандағы, аймақтағы еліміздегі жағдайларға, қазіргі таңдағы алда тұрған өзекті мәселерге тоқталып, сөз кезегін Мұрат Бақтиярұлына берді.

Бүкіл саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне, қазақ халқының, Сыр бойы елінің игілігі үшін саяси додаларға арнаған қоғам қайраткері Мұрат Бақтиярұлы тереңнен толғап, ел болашағының тағдыршеш мәселелеріне тоқталды. С.М.Киров атындағы қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетін, Мәскеу бизнес және ақпараттық технологиялар халықаралық университетінің қаржы және несие факультетін сондай-ақ, қазақ мемлекеттік заң академиясын бітірген, саясаттану профессоры Мұрат Бақтиярұлының өмірі мен қызметі мемлекттік-саяси қызметте жүрген, елге еңбек етемін деген азаматтарға үлгі-өнеге. Өзінің еңбек жолын қарарпайым мұғалім болудан бастап, мемлекет-қоғам қайраткері дәрежесіне дейін көтерілу, сөйтіп, елге қызмет ету, халықтың қалаулысы болу екінің бірінің, егіздің сыңарының қолынан келмейтін іс, екінің біріне бұйыра бермейтін бақ. Қазақтың тілі, ділі, ата-бабаларымыздың салт-дәстүрін ерекше құрметтейтін қайраткер депутаттың өзінің депутаттық мерзімінде талай-талай аса маңызды сауалдармен шыққанын ел біледі.

Әсіресе Мұрат Бақтиярұлының Қазақстандағы «Үш тілділікке» қарсы, биік мінбелерден жаны шырқырай дабыл көтергені бүкіл елдің көз алдында.

«Мәңгілік ештеңе жоқ, бәрі ретімен, жөнімен болу керек. Мен қолымнан келгенше, бар мүмкінідігімше елге қызмет еттім деп ойлаймын. Соңымыздан еріп келе жатқан мықты азаматтар бар, енді сол жігіттер жұмыс істеу керек. Жақсы кете білу де өнер, жалпы бізде осы үрдісті қалыптастыруымыз керек. Елге қызмет жасаймын деген азаматтарды, жастарды қолдауымыз қажет. Менің әрдайым қолдаушыларым болған сіздерге алғысым шексіз, аман болыңыздар, еліміз аман болсын» – деп түйіндеді қайраткер өз сөзін.

Аудандық алқабилер кеңесінің төрағасы Кенжеғара Сүлейменов, Мұрат Бақтиярұлының ел алдындағы еңбегін жоғары бағалап, алдағы уақытта Сыр бойының ардақты азаматы, білікті қайраткер ретінде аймақтың қоғамдық өміріне белсене араласып, Сыр бойының ардақты елағасы болатынына сенім білдірді. Кездесу соңында сенат депутаты аудандық мәслихат депутаттарына, кездесуге қатысушыларға «Аманат», «Сенатор жазбалары», «Құндылықнама», «Елдің жоғын жоқтадық, Сырдың мұңын мұңдадық» атты кітаптар топтамасын сыйға тартты. Кездесуді жүргізіп отырған аудан әкімі Асқарбек Есжанов кездесу қорытындысында қазақы дәстүрмен Мұрат Бақиярұлының иығына шапан жауып, құрмет көрсетті. Алдағы уақытта да ел үшін қызмет ете беретініне ізгі ниетін, ризашылығын білдірді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: