Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ПАНДОРА ЖӘШІГІ немесе Қарақалпақстанға қатысты қысқа ой

06.07.2022, 10:20 441

Әміржан  ҚОСАН,

арнайы   «Халық»  газеті  үшін

Меніңше, XXI ғасырдың Орта Азиядағы Пандора жәшігін өзбек билігі өз қолымен өзі ашып отыр: Конституцияға Қарақалпақстан егемендігіне қатысты өзгерістер енгізілмегенде, мұндай дүмпу болмас еді.

Сондықтан бұған дейін қалыптасып, халықаралық қауымдастық мойындаған әлемдік архитектура тек қана сыртқы шекараларға ғана емес, автономиялық аумақтары бар елдердегі ішкі шекараларға да қатысты екенін түсіну керек.

Иә, ешбір ел басқа елдің ішкі ісіне қол сұға алмайды. Ол болса, БҰҰ аясында барша мемлекет келіскен норма. Сондықтан формальды түрде біз де өзбек ағайынның ішкі ісіне араласа алмаймыз.

Бірақ, ішкі саясаттың сыртқы астары мен салдары да бар. Кейбір таза ішкі мәселелер шекараның ар жағына резонанс беріп, басқа жұртты да бейқам қалдыра алмайды.

Мәселен, осы ғасырдың басында Ресейде автономиялық мәртебеге ие кейбір ұлттық аймақтар басқа, ұлт атауы жоқ, федералдық құрылымдарға «сіңіп» кетті. Буряттар мен комилердің, коряктар мен ненецтердің, эвенктердің бұрынғы әкімшілік дербестігі бар біраз бөлігі Забайкал, Иркут, Камчатка, Краснояр, Пермь өлкелердің құрамына еніп, әлемдік карта бетінен ғайып болды.

Мұның өзі Конституциясына сай федерациялық формасы бар Ресейдің құрамындағы ұлттық аумақтардың болашағының тамырына балта шауып, ерекше бір қитұрқылықпен жасалып жатқан арам  әрекет  деп  бағалауымыз керек!

Өзбекстан билігінің де осы күнге дейін егемендік мәртебесіне ие боп келген Қарақалпақстан Республикасына қатысты конституциялық деңгейдегі тұқырту әрекетінің де өзіндік астары бар деп ойлаймын.

Мұндай бастама өзбек қоғамындағы әсіреұлтшыл, соның ішінде, антиқарақалпақ күштер тарапынан қолдау табары сөзсіз.

Мұның өзі жеке билігін конституциялық реформа арқылы ұзартып, одан сайын нығайтқысы келіп отырған өзбек президентінің саяси тактикасы мен стратегиясына сай келетіні де түсінікті.

Жағдай дер кезінде өзінің өркениеттік шешімін таппаса, одан сайын ушыға берсе, бір ғана Өзбекстан ғана емес, тұтас Орта Азия зардап шегеді.

Осындай жағдайда елден тысқары әртүрлі тараптар өзінің түпкі, кейде қитұрқы мүддесін көздеп баға беретіні белгілі. Біріне Өзбекстан мен Орта Азиядағы тұрақтылық керек болса, кейбірі басқаның қолымен от көсеп, мүлдем басқаша ниетте болуы ғажап емес. Осындай дағдарысты кездерде ішкі және сыртқы күштер шама-шарқынша қимылдап, өз білгенін істей бастайтыны тағы бар.

Мәселен, бүгінде басқыншылықты бас доктринасына айналдырған Кремль кезінде Совет Одағы құрамында болған елдерге қатысты өзінің оқыс та оғаш ойларын ашықтан-ашық айта бастады. Ал сол құжаттарға қарасақ, Қарақалпақстан РСФСР құрамында болған. Постсоветтік кеңістіктің түкпір-түкпіріне көз аларта бастаған Кремльдің сайқал саясатына салсақ, мына түрімен Өзбекстан билігі мүйіз сұраймын деп құлағынан айырылып қалуы әбден мүмкін.

Ең қиыны – түбі бір түркі халқының арасына сына қағылайын деп тұр!

Бір мазалайтыны – қазір осы жағдайға қатысты әртүрлі, соның ішінде, екі мемлекет арасына от салатындай тым ұстамсыз да ұшқары, арандатушылық сипаты бар пікірлер айтылуда.

Мұндайда сабырлық, салқынқандылық  керек-ақ! Екі ел арасындағы туыстық, көршілік,  достық қарым-қатынастарға селкеу түссе, оның арты қиын боп кетуі ықтимал.

Бір ескертетінім сол: мұндай сорақылықтар тек қана авторитарлық жүйелер тұсында ғана болады – демократиялық үрдістер былайша белден басуға жол бермейді: ол үшін тиісті құқықтық негіздер мен механизмдер бар!

Фольклорында:

«Жарыссаң жарыс,

Кімнің арбасы сынар екен, көрейік!» деген өжет мақалы бар халықпен ойнаудың керегі де жоқ болар!

Сондықтан  да өзбек  билігі  саяси және геосаяси тұрғыдан алғанда – қате, тарихи тұрғыдан алғанда – әділетсіз жобаны қайтартып, туысқан мемлекетімізде тұрақтылық пен тыныштық қайта орнайды деп сенгім келеді!

P.S. Бұл пікірім оқиға болған күні жазылған еді.

Одан кейін халықтық толқудың талаптары ескеріліп, Өзбекстан билігі Конституциядағы Қарақалпақстан Республикасының егемендігіне қатысты баптары сол қалпында қалатын болды. Өз қатесін мойындап, шешімінің дұрыс болмағанымен келісу – кез келген басшының бойынан табыла бермейтін ұлы қасиет деп санаймын. Бұл тұрғыдан алғанда, Мирзиеев жарады.

Бірақ әлі де болса көңілге қаяу түсіретін жайттар да жоқ емес.

Біріншіден, Нөкіс жақтан жеткен тәуелсіз ақпаратқа сенсек, бейбіт шеруге шыққан ағайынға қарсы аяусыз күш қолданған секілді. Кейбір видеоларды көрсеңіз, төбе шашыңыз тік тұрады, қан қайнайды. Ол адамдардың не кінәсі бар: олар Өзбекстанның қазіргі Конституциясында тайға таңба басқандай жазылған баптарды қорғап алаңға шыққан жоқ па?!

Екіншіден, байқап отырсам, өзбек жағының ресми органдары көшеге шыққан барша жұртты шетінен бүлікші, заң бұзғыш, тәртіпсіз, мемлекет жауы ретінде бағалап жатыр екен. Ол да дұрыс емес! Осы күндері белсенділік танытқан азаматтар ертеңгі күні саяси репрессия машинасының құрбаны бола кетпеуі тиіс. Ол үшін оқиғаның себеп пен салдарын анықтау ісіне Өзбекстан билігі халықаралық ұйымдар мен тәуелсіз БАҚ өкілдерін қатыстырғаны абзал. Әйтпесе, өз күшімен ғана жүргізілген тергеу қорытындыларына сенім болмайды.

Үшіншіден, ресми мәлімдемелерде «арам пиғылды сыртқы күштердің ықпалы туралы» көп жазылуда. Бұл да болса, автократтық жүйелердің ежелгі дағдысы, яғни елде боп жатқан толқулардың түп себебін өз бойынан емес, сырттан іздеуге бейім. Ол болса, тарихи тұйыққа апаратын жол. Әрине, Өзбекстанға немесе тұтас Орталық Азия аумағына қатысты геосаяси қызығушылығы бар орталықтар мен мемлекеттер жоқ емес болар. Бірақ, не болса да, кез келген мемлекет орын алған дүмпулер мен наразылықтың түбі – өз ішінде екенін ескеруі керек!

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: