Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Одаққа баратын жол бар, шығатын жол жоқ…

23.02.2022, 9:00 473

HALYQLINE.KZ

Экономист ғалымдарымыздың айтуына қарағанда, Одақ елдері сыртқы экономикалық жағымсыз процестерге қарсы тұра алды, экономикалық өсімге мүмкіндік туды. Отын-энергетикалық кешені, қара және түрлі-түсті металлургия, астық өнімдері сыртқа көбірек шығарылуда. Әйтсе де технологиялық жағынан бәсекеге қабілетті өнім шығаратын нарықтық жүйе қалыптасқан жоқ. Экономикалық, интеграциялық шаруашылық кешендері дами алмай жатыр.

Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің алыс-берісі екіжақты пайдалы келі­сімдерге негізделуі керек еді. Бірақ Одақта импорттан түскен табыстың 92%-ы Ресейдің пайдасына шешіледі. Экономикамыз негізінен шикізатқа негізделіп, инвестицияның 80%-ы сол салаларға жұмсалады. Экономикалық қарым-қатынастарда қазақстандық тауарларды шектеп, ресейлік өнімді қолдау басымырақ. Тең құқылы қарым-қатынас­тарға жол ашылмай тұрғаны анық.

Ресей пайдасына жұмыс істейтін ортақ мұнай, мұнай өнімдері, электр энергия нарығы, теміржолда жүк тасу тарифтері, құбырлар арқылы мұнай тасымалдау, басқа да мәселелерді әділ реттеу кейінге ысырыла береді, себебі Ресей экономикасы ұтып отыр.

Енді мынаны қараңыз. Кеден салығынан түскен кірістің 88%-ы – РФ, 7,5%-ы – Қазақстан, 3,5%-ы Беларусь Республикасына тиеді. Осы мәселелерді әділ, демо­кратиялық жолмен дауыс беріп шешейік десек, Ресейдің дауысы 75%, Қазақстан мен Беларусьтің әрқайсысының үлесі 12,5% дауысқа ие. Мұндай жағдайда өзара теңдік болуы мүмкін емес. Шексіз, абсолютті басымдық қай салада да Ресейде. Ал Еуроодақта, мысалы, әр мемлекет барлық мәселелерді шешкенде бір дауысқа ғана ие. Осындайда Ахмет Байтұрсыновтың мына сөздері ойға оралады.

«Бұл күнге бүгін емес, көптен кірдік,

Алды-артын аңдамаған бетпен

кірдік…

Кіреді тентек есі түстен кейін,

Мүшкілін халіміздің енді білдік».

«Тәубеге келмей жатып қуанған адам түбі бір нәрсеге жылайды» дегендей, мұндай Одаққа баратын жол бар, шығатын жол жоқ…

Амангелді  АЙТАЛЫ,

философия ғылымдарының докторы, профессор.

(«Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатынан)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: