Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Облыс әкімі Қылышбай Бисеновті құттықтады

21.07.2020, 12:10 333 0

HALYQLINE.KZ Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова облыстық мәслихат хатшысы, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қылышбай Бисеновті 63 жас мерейтойымен құттықтады.

Аймақ басшысы облысқа белгілі азамат, профессор, қоғам қайраткері Қылышбай Алдабергенұлына еліміздің өркендеуі мен дамуы жолындағы қосқан елеулі үлесі мен ел игілігі жолындағы еселі еңбегін ерекше бағалап, мерейтой иесіне құрмет көрсетті.

«Сыр өңірі еліміз үшін еңбек етіп, білімімен, адал парасатымен үлгі болып жүрген азаматтарға бай. Біздің міндет – сол азаматтарға лайықты құрмет көрсету. Қылышбай Алдабергенұлы сізді Сыр жұртшылығы атынан 63 жасқа толған мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Денсаулық, қажымас қайрат, отбысыңызға амандық тілеймін», – деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.

Қылышбай Бисенов – 1957 жылы 21 шілдеде Қызылорда облысы, Жалағаш ауданында дүниеге келген. 1979 жылы В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын бітірген. Еңбек жолын осы аталған институттың «Темірбетон құрастырмалары» кафедрасында стажер-зерттеуші ретінде бастаған. Түрлі жауапты қызметтерді абыроймен атқарған Қ.Бисенов білім беру саласының дамуына елеулі үлес қосты.

1986-1990 жылдары Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтының Қызылорда филиалында аға оқытушы, 1990-1996 жылдары Ы.Жахаев атындағы Қызылорда агроөнеркәсіп өндірісі инженерлік институтының оқу ісі жөніндегі проректоры, бірінші проректор, 1996-1998 жылдары аталған институттын ректоры, 1998-2007 жылдардан бастап Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің екі мәрте ректоры, сәулет және құрылыс өндірісі кафедрасының профессоры, ректордың кеңесшісі қызметтерін атқарған.

Сыр елінің білім шаңырағы – Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің жандануына ерекше еңбек етті. Жоғары білім беру бағытының дамуына және аймақтың білікті кадрларын даярлауға үлес қосты. Мерейтой иесі Қылышбай Алдабергенұлы қоғамдық-саяси қызметте де жауапты жұмыстарды атқарды. Облыстық мәслихатының үш мәрте депутаты, кейінен 2007-2011 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі ІV шақырылымының депутаты ретінде сайланып, әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі комитет мүшесі болған. Бүгінгі күні облыстық мәслихат хатшысы қызметін абыроймен атқарып келеді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: