Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Облыс әкімі: «Президент тапсырмаларын мүлтіксіз орындау – міндетіміз»

13.04.2020, 19:46 530

HALYQLINE.KZ –| Бүгін аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі облыстық комиссия отырысы өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, құқық қорғау органдары мен басқарма басшылары, сондай-ақ, Қызылорда қаласы мен аудан әкімдері бейнеконференция байланысы арқылы қатысты.

Жиында Г.Әбдіқалықова ең алдымен коронавируспен күресті күшейту, төтенше жағдай кезінде экономиканы тұрақтандыру және халықты әлеуметтік қорғау шараларының маңыздылығына тоқталды.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздегі төтенше жағдай режимін сәуір айының соңына дейін ұзарту жөнінде шешім қабылдады. Қазір біздің алдымызда шұғыл әрі нәтижелі шаралар арқылы індетті ауыздықтап, Президент берген тапсырмаларды уақытында әрі мүлтіксіз орындау міндеті тұр», – деді облыс әкімі.

Облыс әкімінің орынбасары Н.Байқадамов коронавируспен күрес шараларының жүргізілу барысын баяндады. Оның айтуынша, аймақта 119 адам қауіпті індет жұқтырған. Вирус тасымалдаушы болуы мүмкін азаматтар бақылауға алынып жатыр. Бұдан бөлек, жиында «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» бағдарламасы аясында облыста 276 жобаның жүзеге асырылатыны айтылды. Сол арқылы 9 мыңнан астам жұмыс орны құрылады. Аймақ басшысы іске асырылатын жобаларға жергілікті құрылыс заттары қолданылып, қаражатты мақсатты игеруді тапсырды. Аймақта табысынан айырылған және аз әлеуметтік осал топ өкілдеріне жататын 76 452 азаматқа 42 500 теңге аударылды. Өтініш бергендердің жалпы саны 80 мыңнан астам. Сондай-ақ, «Біз біргеміз» акциясы аясында 6 313 отбасына 50 мың теңгеден берілетін қаражат «Қазпошта» АҚ есепшотына түсті. Алдағы күндері мұқтаж азаматтардың алғашқы тобы қол жеткізеді. Қазіргі екінші тізім жасақталуда.

Білім беру саласына байланысты, аймақта 30 колледж, 293 мектеп қашықтан оқыту жүйесіне көшірілді. Бірақ, жүйеде әлі де олқылықтар кездеседі. Аймақ басшысы білім басқармасы мен қала және аудан әкімдеріне телеарна, интернет-платформалардың мүмкіндігін толық пайдаланып, оқыту процесін барынша тиімді ұйымдастыруды жүктеді. Ал коронавируспен күресте алдыңғы шепте жүрген медицина қызметкерлерін қолдау мақсатында өңірде 366 қызметкерге үстемақы төленді.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына орай, вируспен күреске жұмылдырылған медицина қызметкерлеріне жан-жақты қолдау көрсету керек. Бір күндік мерзімде кімге қандай көмек қажеттігін анықтаңыздар. Бұған қоса, коронавирус инфекциясы таралуының алдын алу және емдеу шараларына қажетті жабдықтарды жеткізіп беру керек», – деді Г.Әбдіқалықова.

Облыстық комиссия отырысы

Жиында аймақ басшысы Жаңақорған, Шиелі және Сырдария ауданында індетпен күрес жұмыстарының тиісті деңгейде жүргізілмегенін атап өтті. Осыған орай, әрбір аудан тиісті шешімдер қабылдап, қауіпсіздік шараларын толық бақылауға алуы тиіс.

«Көпшілік шараларды өткізуге тағы бір мәрте жол берілсе, аудан әкімдеріне қатаң шара қабылдаймыз», – деді аймақ басшысы.

Отырыс барысында, облыс әкімінің орынбасары Б.Жаханов өңірдің азық-түлік нарығындағы ахуал мен көктемгі дала жұмыстарының барысын баяндады. Оның айтуынша, өңірде 3 айлық азық-түлік қорын қалыптастыру жұмыстары жүргізілуде. Әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасын негізсіз қымбаттатқан кәсіпкерлерге айыппұл салынады.

Сондай-ақ, биыл 183 мың гектар жерге дәнді дақылдар егіледі. Көктемгі дала жұмыстарына 14 мың тонна дизель отыны бөлінген. Жанармай арзандатылған бағада жеткізілуде. Күріш егу жұмыстары 20 сәуірден кейін басталады. Гүлшара Әбдіқалықова облыста әлеуметтік маңызы бар өнімдер бағасының қымбаттығын да тілге тиек етті. Қызылорда қаласы мен аудан әкімдері бақылауды күшейтуді міндетті.

«Азық-түлік бойынша бізде бірнеше өнімнің бағасы көтерілді. Жұмыртқа, қарақұмық, ет. Осы мәселені қолға алу керек. Қаланың барлық жерін аралап, тексеру жүргізіңіздер. Сосын тұрақтандыру қорындағы өнімдер жеткілікті болуы тиіс. Қазір көктемгі егіс науқаны басталды. Бұл – біз үшін күн тәртібіндегі кезек күттірмейтін шаралардың бірі. Бір жағынан вирусты жұқтырмау жағын қарап, жұмысты жалғастырыңыздар. Әсіресе, Жаңақорған, Шиелі, Сырдария аудандарындағы індеттің ошағы болған ауылдар көктемгі дала жұмыстарына қажетті шараларды дер кезінде қабылдауы қажет. Себебі, «Көктемнің бір күні – жылға азық», – деді өңір басшысы.

Жиын соңында аудандарға дәрігерлердің жатын орындары мәселесін шешу тапсырылды. Оларға жайлы жағдай жасалуы тиіс.

«Ал облыс орталығында бұдан былай сағат 21:00-ден кейін қозғалыс шектелсін», – деді аймақ басшысы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: