Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Н.Нәлібаев: «Арал ауданында жаңа жобаларды дамыту керек»

03.08.2022, 10:00 617

HALYQLINE.KZ Аудандардың өзекті мәселелері мен әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері талданған кезекті жиында Арал ауданының әкімі Серік Сермағамбетовтың есебі тыңдалды. Жиынға облыстық, аудандық мәслихат депутаттары, ардагерлер мен қоғамдық кеңес төрағалары және салалық басқарма басшылары қатысты.

Ауданның даму көрсеткішін 4 бағыт бойынша сараланды. Макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша Арал ауданы 3-орынға тұрақтап, оң динамика көрсеткен. Дегенмен, аймақ басшысы кейбір өндіріс түрлерінде қалыс қалу деректерінің анықталғанын айтып, салдарын жою бойынша нақты тапсырма берді. Ауданның бюджеттік кірісінің жылдық жоспары да тек 57,7 пайызға орындалған. Бүгінгі күнге қалыптасқан берешек көлемі 12 млн.теңгені құрап отыр. Аймақ басшысы аталған қарызды өтеу бойынша жұмысты жандандыру қажеттігін ескертіп, 15 тамызға дейін бюджетті нақтылау барысында жылдық жоспарға әр елді мекеннің мүмкіндіктері мен ерекшеліктерін ескеріп, өзгерістер мен толықтырулар енгізуді жүктеді.

Серік Сермағамбетов 6 ай мерзімде аудан бойынша барлығы 361,8 мың тонна тұз, 141,8 мың тонна йодталған тұз, 54,3 мың шаршы метр табиғи құм қазылып, 2121 тонна балық, 156 тонна ет, 640 тонна нан және нан өнімдері өндірілгенін жеткізді. Сондай-ақ, ауданда мал шаруашылығынан алынатын өнім де көбейген. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда ет өндіру 103,3 пайызға, сүт өндіру 102,1 пайызға, жұмыртқа өндіру 102,2 пайызға орындалған.

Облыс әкімі аудан тұрғындарының әлеуметтік мәселелеріне де ерекше мән беруді міндеттеді. Себебі жоспарланған жұмыс орындарының бүгінде тек 36,6 пайызы ғана ашылған. Жоспарланған 3 011 жаңа жұмыс орынның бар болғаны 1101 ашылса, оның ішінде тұрақтысы 256 немесе 23,3% ғана орындалған. Аймақ басшысы ауданда жеңіл өнеркәсіпті дамытуға бағытталған жобалардың жоқтығын айтып, аудан әкімінің жұмысын сынға алды. Бірқатар ауылдарда шағын кәсіптерді дамытуда нақты нәтижелер аз екенін ашып айтты.

– Ауданда 2 мыңнан 5 мыңға дейін халқы бар 6 ауылдық округ пен кент бар, бірақ олардың біреуінде қарапайым халыққа қажетті наубайхана, тігін цехы, шаштараз, техникалық жөндеу орталықтары жоқ. Осы қызмет түрлерінің қызметін дамыту қажет, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Ауданға инвестиция тарту мәселесі де мардымсыз. Аймақ басшысы қолда бар ресурстардың толыққанды пайдаланылмайтынын айтып, қаржы тарту мәселесін жандандыру қажет екенін ескертті.

– Арал өңірі – жер қойнауы сирек кездесетін минералдық ресурстарға бай өлке. Балық пен тұз шаруашылығына сене бермей, неге басқа салаларды дамытуға күш салмасқа? Негізгі қорларды пайдаланып, осы салаларға әлеуетті инвесторлар тарту қажет. Бүгінгі күні аудан жер қойнауын пайдалануда бар мүмкіндікті пайдаланбауда.

Мұнан бөлек, басқа аудандарға қарағанда Арал өңірі мал және балық шаруашылығына көп бейімделген. Дегенмен, биылғы жылы су үнемдеу технологияларын қолдану арқылы мал азықтық және көкөніс, бақша дақылдарын егу қолға алынғанымен, алдағы уақытта олардың көлемін ұлғайу қажет.

Облыс бойынша бірінші болып жаңбырлатып суару әдісінің жаңа технологиясын тәжірбиеге енгіздіңіздер. Бұл өте қажетті жоба және басқа аудандарда осындай әдістерге көшу қажет, – деді облыс әкімі.

Жиында құрылыс саласынадағы өзекті мәселелер де талқыға түсті. Қазіргі таңда аудан көлемінде барлық қажетті инфрақұрылым тартылған 711 жер учаскесі әзірленген. Алайда оның 176 жер учаскесінде тұрғын үйлер бой көтерсе, қалған 535 учаске игерілмеген. Ауданды газдандыру бойынша да бірқатар мәселелер бар. Мәселен, Арал қаласында газбен жабдықтау нысандарын пайдаланушы мекеменің теңгеріміне өткізу бойынша жұмыстар атқарылмаған, елді-мекендерді газдандыру көрсеткіші де өте төмен. Аймақ басшысы жоғарыдағы көтерілген мәселелерді жеке бақылауға алып, олардың сапалы әрі мерзімінде орындалуын қамтамасыз етуді қатаң тапсырды.

Мұнан бөлек, арнайы жиында ауданның кадрлық әлеуеті, қағамдық-саяси ахуал мен қауіпсіздік мәселесі кеңінен талқыланды. Жиын соңында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев айтылған өзекті проблемалық мәсәлелер мен орын алған кемшіліктерді шешу, қалыпан келтіру бойынша аудан әкімі мен жауапты сала басшыларына міндеттемелер жүктеді. Бұдан былай 9 айдың қорытындысымен бұл көрсеткіштер қайта қаралып, жауапты мамандардың жұмысы сарапқа салынатынын еске салды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: