Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мұхтар Оразбаев: «Аралдан Қазалыға үш «кадр» болып келдік»

25.01.2023, 17:40 534

Өткен аптаның сәрсенбісінде Қазалы ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз орталығында БАҚ өкілдеріне брифинг беріп, 2022 жылы атқарылған жұмыстарды сөз етті. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуындағы оң тенденция, кәсіпкерлерге көрсетіліп жатқан көмек, жер, жол қатынастары мәселесінің халық игілігіне шешіліп жатқанын өткен жолы айтып өттік. Мақала соңында жұртшылық жиі айтатын «әкімдердің кадр тасу» мәселесі Оразбаевқа да қойылған еді.

Брифинг аяғында тілшілерден «Әлеуметтік желіге жазылған мәселелерді қарайсыз ба?» деген сауал қойылды. Мұхтар Әуесұлы тұрғындардың өтініші тек қабылдауға жазылу арқылы емес, әлеуметтік желі арқылы да келетінін айтып, сауалға жауап берді.

  • Әкімдіктің фейсбуктегі парақшасын белгілеп (тегтеп), сұрақ қою барлық жерде жиі кездесіп жатады. Бұған дейін қызмет бабымен Арал ауданында әкім болғандықтан, Қазалы ауданына қызмет ауыстырған шақта әлеуметтік желі белсенділері желіде бірнеше сауал жолдаған екен. Оның ішінде басым бөлігі өзіммен бірге қандай кадрды қоса алып келгенім туралы болды. Яғни, бұқараның ойынша әкім өз кадрымен ғана жүреді екен деген түсінік бары жасырын емес. Осы сауалға бұған дейін де жауап бедім, тағы да жауап беріп өтейін. Арал ауданынан Қазалы ауданына үш «кадр» болып ғана келдік. Оның бірі аудан әкімі болып жұмыс істейді, ал екіншісі мектепте оқушы тәрбиелеп, білім береді. Ал соңғы «кадр» – балабақшада тәрбиеленуші. Олар – өзім, жұбайым және балабақшадағы қызым. Бұдан басқа ешқандай кадр алып келген емеспін. Өйткені, әр ауданның тұрмысы мен тұрғындардың әл-ауқаты жайлы сол ауданның бұрыннан бері істеп келе жатқан қызметкерінен басқа ешкім айта алмайды. Және «кадр тасу» мәселесін өз басым қолдамаймын, – деді Қазалы ауданының әкімі.

Айта кеткен жөн, биыл аймақ бойынша біршама бастама қолға алынғалы тұр. Айтқымыз келгенінің көбі құрылыс нысандарына кеп тіреледі. Яғни алдағы уақытта шаһардың өзінде және аудандарда өндіріс орындары ашылып, іске қосылатын болады. Мұның ішінде спорт, медицина, туризм бағыты да қамтылады. Аймақ басшысының аудан басшыларына жүктеген міндеттері осы жұмыстармен байланысты. Қазалы ауданының алға қойған жоспары жылдағы өндіріс көлемін арттырып, тұрғындардың жағдайын жақсартуға негізделген.

Ердәулет ҚАЛИ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: