Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Моншақтай әңгімелер

20.01.2020, 14:18 1128

Ерғали Абдулла

«Қағидатшыл»

Жалай білмесең, жанына жолат­пайды.

Қақсау

Бір-бірімізді әрең танып жүрсек те, бізді әлем танып жүр деп қақсаймыз да отырамыз.

Бас  Ие

Үкіметтің қасаң қабағына, сызданған бетіне, сараң қолына, саңырау құлағына, сарсаң саясатына титтей де пысқырмай, балақтарынан бала саулап жүрген аналардың алдында бас иемін. Бас иетінім, болашақта еліміздің Бас Иесі солардың арасынан шығар деп  сенемін.

Шікәм   шындық

Өзінің шікәм шындығын дәлелдеу үшін кіммен болса да тіресіп, жағаласып, жан алысып, жан берісіп, алдамшы аярлыққа, жалғаншы өтірікке беті шімірікпей баруғ­а  қайлы…

От,  су,  топырақ

Біраз адамды от жалмайды. Бір қауым елді су жал­майды. Ал қалғандарының бәрін қара топырақтың өзі жұтады…

Сұлу   әлем

Сұлулықты іздеймін деп, аяғыңды ауыртып, сабылып сандалмай-ақ қой. Көрер көзің болса, іңкәр сезімің болса, жарық дүниедегі айналаңның бәрінде де қиюласқан жарасымдылық, сыны бұзылмаған сұлулық бар.

Өмір   заңы

Тырбана берсең, тырбана берсең, тың жол, тың бірдеңе, ілік табарсың. Ал тыртиып жата берсең, жыртиып жата берсең, тырқиып далада қаларсың…

Отырысын…

Байға тиетіндей баптанған бұл қатын үнемі терісіне симай сызданады да отырады…

Дүние

Адамдар туғанда бірдей: дымы жоқ, тыр жалаңаш туады. Адам өлгенде бірдей: түгі жоқ, жалаңаш, жалқы кетеді. Ал осы екі аралықта асып-төгіліп, тасып­ қайнап, жұтынып-жұлысып, «боқпан» үшін арпалыстан көз ашпай өтеді.

Пәлсапа

Өмірдің өтпелілігін түсінген сайын, «мәңгілік» деген сөзді айтуға аузың бармайд­ы  екен…

Бас  пен  шаш

Оның шашындай дудыраған шаш көп. Алайда оның басындай бұл жақын маңайда бас жоқ…

Өлмесек

О басында емес, анау бір жасында емес, шау тартып шал болғанша, әлі тілі шықпай шала қазақ атанып сүмсиіп жүр…

Көрген  жоқпын

Жаман әйелмен арпалысып-тартысып, оны міне жеңдім деген жақсы еркек­ті  көрген  жоқпын.

Бұзғыш

Адамды адамдық кейіптен айыратын қай нәрсе де оны ақшадан артық бұза  алмайды.

Мә-ә…

Кішкентай боқкөтендердің де май құйрықшасы диірмен тартуға жарап қалыпты-ау…

«Егіз»

Біреуі – есектің миын жеген нақұрыс­, біреуі – есектің қиын жеген нағыз  ауыш…

Басы  сол  жақта

Барлығы да жоғарыдан басталады да, сосын етекте жалғасын табады…

Бөтелке  бет

Оның ішпей жүрген кезін көргенім жоқ. Жас кезінде де ішті, жасамыс кезінд­е де ішті, қартайғанда да әлі ішіп жүр… Іше-іше, оған табына-табына оның  бір уыс беті де шөмиіп бөтелкеге ұқсап  қалған…

Шетсіз-шексіз   мисыздық

Бұрын мықтының өзі мисыз болса да, жанындағы кеңесшілері данышпан болатын. Енді міне, мисыз мықтылар мисыз кеңесшілерді жинап алып, шет-шегі жоқ, ұшы-қиыры жоқ мисыздықтың ми батпағына тап болдық…

Үміткер  жігіт

Әкесінің малы бар, қызметке отырат­ындай  халі  бар…

Жаңа  буын

Ғалыммын, жазушымын десең, мойын бұрып қарамайтын толқын өсіп келеді. Олардың қолы тұтқаға, құйрығы «креслоға» жеткен кезде, есігі түгілі тесі­гінен кімдерді сығалатпайтын дығалдарды  көз  алдыңа  елестете  бер.

Өмір – айна

Өмір – айна сияқты. Өзің бар кезіңде ғана көрінесің. Кетсең – ешқашан ешкім көре алмайды.

Жолсыз

Әйелмен тіл табысып түсінісу де қиын. Іргені аулақ салып түсініспеу де қиын. Ер адамның үнемі тұйыққа тіреліп, жол таппай жүретіндігі де сол қиындықты еңсере алмағандықтан…

Ішкі  күй

Бүлк еткен бұлқынысыңды әрдайым ішіңде тындырып, сырт етіп шығармағандықтан да, жігерің өзінен-өзі марғау тартып топастана бастайды.

Алғаныңа  қарай…

Жақсы қатын – базарың мен ажарың­. Жаман қатын – азарың мен ажалың.

Иә,  көп

Тайғақ қоғамның айғағы көп, жаман жігіттің қайдағы көп.

Екі  кезең

Жасыңда ақшаң болмаса, адам емессің. Қартайғанда ақылың болмаса, адам емессің.

Бұл  екеуі…

Адамзатты қан қасапқа ұшыратқан фашизмді бетпе-бет соғысып жеңдік, көзін жойдық. Алаштың алыптарын атып құртқан коммунистерді жолымыздан қалай алып тастаймыз деп арбасып әлі жүрміз…

Көңіл  ауаны

Кей адамның сөзін тыңдағың келеді. Кей адамның сезімін бөліскің келеді. Кей адамның ойын танығың келеді…

Жаңа  меже

Парақорларды ұстау жылдан-жылға қиындап барады. Өйткені алу мен беруд­ің  «әдістемесі»  олардың  қабілет-қарымы арқасында жаңа биіктерге көтеріліп тұр…

Өз  досың

Кей адамдар оңашада өзімен-өзі іштей сөйлескенде, өзіне нағыз сенімді, сыр ашар дос тауып, жаны рақаттанып, бір жақсы сезімнің жетегінде балқып отырады.

Бағасы  бар

Ер адамның жұмысының белгілі бастал­уы бар, сонан соң аяқталуы бар. Ал әйел жұмысының басы да жоқ, аяғы да жоқ, бірақ бағасы бар.

Аңғалдық-ай,  аңғалдық

Сұқсиып сұрағанға, өңмеңдеп өтінгенге, қиылып қарағанға, берші-берші деп ізімнен қалмағанға қолымдағыны да, басқаны да бере беріппін деген екен бір апамыз…

Басы  бүтін  шындық

Әйелден әулие шықпайды…

Еркектің  тағдыры

Бәйбішесі бар болса, тоқалы жоқ. Тоқалы бар болса, бәйбішесі жоқ.

Ұйқылы-ояу

Елдік ерен мәселелерді талқылаған жиында есінеп отырады. Халықтық қарымды мәселелерді ортаға салған мәслихатта қалғып отырады. Көптің шаруасы айтылған жиналыстарда көзін жұмып отырады…

«Қыз»  кемпір

Алдынан қарасаң, бетін әжім торлап, жағы қақайып, иегі сорайып кемпір болыпты. Артынан қарасаң, қиылған шаш, қима етек көйлек, қимаң-қимаң жүріс… қызға ұқсауға тырысады.

Қауіп

Ананың да айтары: «Тиыштық болса­ екен». Мынаның да айтары: «Тиыштық болса екен». Айдаладағы біреуге бірдеңе десең, «Тиыштық болса екен» дейді… Соған қарағанда тиыштығымызды кез келген сәтте бұзып жіберетін біреу бар-ау деймін…

Шындықтың  түрі

Есуастардың да өз шындығы бар. Ерекшелігі сол – өз шындығы үшін олар өзгелерді есуастандырып жіберуге бар…

Дамудың  басы

Бір ғана нәрсені дамыту керек болса­, онда дереу ойыңды дамыт. Сонда­ қалғандарының жөнге түсіп, жобаға келіп дамып бара жатқанын көресің…

Қоғам  дертінің  белгісі

Қоғамның көп дерті әйелдердің ашуының қаншалықты екенінен белгі беріп көрінеді.

Үлкен  есіктің  сыры

Кей кабинеттердің үлкен есігін иесінен­ басқа ешкім ашпайтын сияқты:­ тұтқасы ұсталмаған, топсасы көп қозғалма­ған, жұлын тұтасына қол тимеген­дей су жаңа қалпында жалт-жұлт етіп тұр.

Күмәнім

Көп мақталатын ақындардың ақындығына күмәнмен қарап жүремін: өйткені оларды мақтайтындардың не үшін мақтайтынын жақсы білемін.

Дым   білместер

Әйелдердің бәрі бірдей дейтіндер әйел туралы дәнеңе де білмейтіндер, мұрны  иіс  алмастар…

Шайтан-дос

Көп шайтаны ішіне симаған соң, бүгінде  оларын  сыртқа шығарып, қол ұстасып  жүретін  болыпты…

Қорқа  берме

Қорқып өмір сүру, абайлап өмір сүру көп нәрседен сақтандырғанымен де, үнемі үркіп, үрейленіп жүру көп нәрсеге­ ешқашан қолыңды жеткізбей жұрт соңын­да салпақтатып, кейін қалдырады.

Құл  сана

Адамзаттың құл иеленуші заманнан өтіп кеткеніне мыңдаған жыл өтіп кетсе­ де, біраз адамның мойнында құлдық қамыты әлі де жүр.

Біреу

Мәселеміздің бәрін біреу келіп шешіп беретіндей өлмес үмітпен өлімсірейміз де жүреміз. Ал, шындығында, сол біреулердің біздің сандалмасы көп шаруамызды шешіп беруге уақыты да жоқ, ниеті де жоқ, ынтасы да жоқ, мүмкіндігі де жоқ…

Жалтыр  бас

«Енді бірер жылда шашына ақ түседі» деп мың қақсап, шала бүлініп, қорқып жүр еді. Бірер жыл өте шықты. Шашына ақ түсіп үлгермеді. Шашының өзі түсіп, жалтыр бас боп шыға келді.

Темір-терсектің  құны

Қазір таныстарымыз кеудесіндегі жарқыраған темір-терсегін көрсетіп: «Медаль алдым» десе, әп деп құттық­таудан бұрын «Қанша тұрады?» деп сұрайтын  жағдайға  жеттік.

Дымсыз  қалған

Бойындағы бұлқынған, жұлқынған «барды» заманның ауанына, жоғары­дағылардың қабағына қарай түзетемін деп жүріп барынан айырылып қалған талант.

Талтаң  бай

Дүниенің тыныштығын бұзатын – кедей-кепшіктің бай болсам деген арман­ы емес, бай-бағланның Құдай болды­м  деген  талтаңы…

Жүрек   мәселесі

Жұрттың жүрегін жаралап алармын деп барлық жерде тартына сөйлеп, тартына қимылдап жүргеніңде, өзіңнің жүрегіңнің ырым-жырым болып қырық жамау күйге түскенін көресің…

Жамандар   арасындағы  жалғыз

Ананы айтсаң, ананың анаусы жаман.­ Мынаны айтсаң, мынаның мынаус­ы жаман. Самсап отырған осындағыл­ар шетінен жаман. Ізіне ерген­  қасындағылар иттің етінен жаман.­ Төбесінен тоқпақ алған жоға­рыдағылар да жаман. Аяғына оралған төмендегілер де жаман. Біреу туралы сөз айтса, «жамансыз» айтпайды…

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: