Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мінсіз орынбасарлары бар әкім

09.04.2020, 11:26 520

“Халықтың” коллажы

Жаудай тірліктің уақы­тында мемлекет басшысы­ аймақ тізгінін Гүлшара Әбді­қалық­о­ваға тапсырды. Бұрын­ғы  әкім  туралы  хабардың шет-жағасы елге аян. Сондықтан ол жөнінде сөз қозғамадық. Құзырлы орган ақ-қарасын анықтап, шешім шығара жатар. Бүгінгі тақырып төңі­регі  мүлде  басқа…

Несін жасырайық, Наушақызы заты әйел болса да, бұған дейін ерге бергісіз жұмыс істеген екен. Автобиографиясын ақтарғанымызда әлеуметтік салада біраз жыл тер төккенін бай­қады­қ. Еңбек өтілінің басым­ бөлігі ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министр­лігінде өтіпті. Осы ретте айта кететін жайт, был­тыр­ Қасым-Жомарт Тоқаев Сыр өңіріне жасаға­н сапа­рында «Қызылордалық тұр­ғын­дардың  тұрақты табысы республикалық деңгеймен  салыс­тырғанда әлі де төмендеу. Бұл проблеманы бір күнде немесе бір айда шешу мүмкін емес. Мен мұны түсінемін. Бірақ, жағдайды  өзгерту  керек.  Аймақтағы  азаматтардың жалақысын  өсіру – Үкімет пен облыс  әкімінің  басты   міндеті.  Лайықты  жалақы  төлейтін  жаңа  жұмыс  орындарын ашу ісіне баса мән беру қажет. Бұл бағытта  ірі  кәсіпорындардың қуатын  тиімді  пайдалануды  назарға  алған жөн»  деп  еді.  Әлеуметтік  салада тәжірибесі мол облыс әкімі президент пәрменін қаншалықты  орындай  алады?­  Оны  да  уақыт  еншіс­іне  қалдырдық…

СЕРІКТЕР  СЕРПІН  ӘКЕЛЕ  МЕ?

Қызметіне кірісе сала аймақ басшысының алғашқы сөзі індетке­ қарсы құрылған жедел штаб отырысында «бүгінге дейін атқарылған жұмыстарға көңілім толмайды» болды. Және жүйесіз шарулар көп екенін ескертті. Бұдан бөлек, барлық әкімге 7 күн, 24 сағат жұмыс істеу керектігін айтты. Біздіңше, қысылтаяң кезде атқа қонған соң, осындай талаптың қойылуы заңдылық  іспетті.

Облыс әкімі жеті күн өткеннен кейін өзіне керекті кадрларды бас қаладан алдырды. Сәуірдің 6-сында аттай қалап алдыр­ған екі бірдей орынбасарын көпшілікке таныстырды. Ең қызығы, екеуінің де есімі – Серік. Сүлейменов Серік Жүсіпұлы құрылыс, энергетика, тұрғын үй және көліктік инфрақұрылымды дамыту салаларына жетекшілік ететін болады. Жалпы, Жүсіпұлы Сыр жұртшылығына таныс. Ол бұған дейін Қырымбек Көшербаевтың тұсында осы қызметті атқарған еді.

Өңір басшысы Ахмет Серік Әбжәліұлына аймақтың ішкі саяса­т, жастар мәселесі, мәдениет пен спорт және жұмылдыру дайындығы салаларына жетекшілік жасауды тапсырыпты. Сондай­-ақ, ол облыс әкімдігі мен құқық қорғау органдары арасын­дағы өзара іс-қимылды жүзеге асырмақ. Бір айта кетерлігі, Серік Әбжәліұлы фейсбук әлеуметтік желісін белсенді қолданады   екен. Бірақ әлеуметтік желіде жазған хабарларының дені орыс тілінде. 800 мыңнан аса тұрғыны бар, оның ішінде 98 па­йызға жуық қазақ қоныстанған топырақ жаңа идеологты қалай қабылдай­ды?

Айтпақшы, қос орынбасар да осыған дейін мінсіз мемлекеттік қызметі үшін «Құрмет» орденімен марапатталған.

Ал бұған дейін идеологиялық қызметті бір өзі атқарып келген­ Байқадамов Наурызбай Сейтқалиұлы денсаулық сақтау, білім, әлеуметтік қорғау бағыттарында жұмыс істейді.

Сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасары Жаханов Бахыт Дүйсенұлы ауыл шаруашылығы, жер қатынастары, табиғат пайдала­нуды  реттеу, ветеринария, индустриалды-инновациялық даму, кәсіпкерлік және туризмді дамыту салаларына жауапты­  болады.

Гүлшара  Әбдіқалықова қызметке келгеннен кейін қызыл­ордалықтардың  назарын аударған ауыс-түйістің бірі – Қызыл­орда  қалалық  білім  бөлімінің  басшысы  Әбдіқалықова Меруерт­ Наушақызының өз орнын босатуы. Көпшілік облыс әкімінің бұл қадамына «айналасына ағайын-туыс жинамайтын адам» деп баға беруде. Сондай-ақ, әкімнің кадр таңдауда жаңадан­  келген, орнын­ сақтап қалған орынбасарларға қарап, жоғарыдағы кейбір лауазым иелерінің ықпалында кетпегенін құп көретіндер  де  бар.

Дегенмен, облыстық ауыл шаруашылығы, білім, спорт басқар­масы басшыларының орны көптен бері бос тұр. Білім саласын­да – қашықтан оқу, ауыл шаруашылығында көктемгі дала жұмыстары қызып жатса да, жауапты маман табылар емес. Әзірге Наушақызы нендей қадамға барары белгісіз. Бірақ бұл ауыс-түйістің алғашқысы емес екені анық…

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: