Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мемлекеттік қызметке орналасу ережелеріне өзгерістер енгізілді

15.05.2020, 17:31 5753

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жаилғанова Фейсбуктегі парақшасында мемлекеттік қызметке орналасу ережелеріне енгізілген өзгерістер туралы ақпарат берді

Құрметті достар! Азаматтардың мемлекеттік қызметке орналасу үдерісін жеңілдету үшін және конкурстарды барынша ашық…

Анар Жаилғанова 发布于 2020年5月15日周五

Азаматтардың мемлекеттік қызметке орналасу үдерісін жеңілдету үшін және конкурстарды барынша ашық өткізу үшін Агенттіктің бастамасымен «Мемлекеттік қызметке орналасу ережелеріне» бірқатар өзгерістер енгізілді.

Біріншіден, қолданыстағы ережелер бойынша үміткерлер байқауларға қажеттілік бойынша үйден шықпай-ақ қатыса алады. Ол үшін құжаттарды электрондық пошта арқылы тапсыруға мүмкіндік берілді, яғни бұрын талап етілгендей, мемлекеттік органға құжаттардың қағаз нұсқаларын әкелу қажеттілігі жойылды.

Сонымен қатар, әңгімелесуден өту үшін кандидаттың мемлекеттік органға келуі қажет емес. Осылайша, түзетулерге сәйкес әңгімелесу қашықтан бейне байланыс құралдары арқылы жүргізілуі мүмкін.

Екіншіден, бұрын мемлекеттік қызметке орналасу бойынша конкурсқа қатысу үшін үміткерлер конкурс қорытындысына қарамастан толық құжаттар тізімін дайындау қажет болатын.

Енді конкурсқа қатысу үшін үміткерлер өз өтінішіне тек екі құжатты: дипломның көшірмесін және қызметтік тізімнің көшірмесін қоса ұсынады.

Қалған талап етілетін құжаттарды конкурстық комиссияның оң шешімін алған кандидат ғана тапсырады.

Үшіншіден, Агенттік конкурстық рәсімдердің ашықтығын одан әрі арттыруға бағытталған түзетулер қабылдады.

Осылайша, соңғы түзетулерге сәйкес, конкурсқа қатыса алатын әлеуетті бақылаушылар қатары барынша кеңейтілді. Бұған дейін бақылаушылар тобына депутаттар, БАҚ, қоғамдық бірлестіктердің, саяси партиялардың өкілдері, Агенттік және өзге де мемлекеттік органдардың қызметкерлері кірді.

Енді әрбір кәмелет жасқа толған әрекетке қабілетті азамат бақылаушы бола алады. Бұл үміткерлерге конкурстық комиссияның хатшысын алдын ала хабардар ете отырып, өзінің байқаушысын әңгімелесуге шақыруға мүмкіндік береді.

Төртіншіден, бұрын Комиссия шешімі дауыс беру жолымен қабылданатын. Мәселен, комиссияның кейбір мүшелері конкурстық комиссия мүшелерінің бағалауы бойынша басқа кандидаттардан аз балл жинаған кандидатқа дауыс бере алатын.

Соңғы түзетулерге сәйкес, комиссия мүшелері дауыс беру арқылы лауазымға кандидатты таңдамайды. Конкурстық комиссияның шешімі бойынша бос лауазымға ең көп балл жинаған кандидат ие бола алады. Бұл ретте, ұпайлар үміткердің жауаптарының дұрыстығы мен толықтығын, оның эссесінің бағасын, оның тәжірибесін, білімі мен коммуникативтік дағдыларын, лауазымның ерекшелігіне байланысты қойылатын критерийлерді ескере отырып қойылады.

Бесіншіден, әңгімелесу конкурс жеңімпазын таңдау кезінде жалғыз өлшем болып табылмайды.

Сонымен, конкурсқа дейін үміткерлер мемлекеттік тілді және заңнаманы білуге тестілеуден, сондай-ақ жеке қасиеттерін бағалаудан өтеді. Ал «Б» корпусының басшы лауазымына кандидаттар (басқарма басшысы лауазымынан және одан жоғары) бұдан бөлек эссе тапсырады.

Сондай-ақ конкурстық комиссияның мүшелеріне лауазымның ерекшелігіне байланысты тиісті жұмыс дағдылары мен құзыреттілігі бар ең үздік кандидатты таңдау үшін қосымша іріктеу құралдарын қолдану құқығы берілген. Мысалы, конкурстық комиссия үміткерлерден тиісті саладағы проблемалар мен оларды шешу мүмкіндіктері бойынша презентация жасауды, кейстік немесе практикалық тапсырмаларды шешуді және т.б. сұрай алады.

«Б» корпусының бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына орналасуға барлық конкурстар қатаң түрде көрсетілген талаптарға сәйкес өтуі тиіс. Аталған өзгертулер біздің азаматтарымыз үшін мемлекеттік қызметке орналасу рәсімін жеңілдететінін, сондай-ақ іріктеу тетіктерінің транспаренттілігін арттыратынын атап өтемін.

Пікірлер:
  • Неге конкурсқа қатысушылар сұрақ қоюға барлығы бірдей кірмейді. Әр қайысына әр түрлі сұрақ қоймайды. Мысалы 3 кондидат қатысты делік 3 де бірдей сұрақ жауап беруге кезекпен кіреді кондидаттар кім қалай жауап бергенін көре алмайды міне сол жерде сыбайластық егер конкурстың оң нәтижесін алған кандидаттың жауабын көру үшін агенттікке шағым түсіру қажет. Менің ойымша барлық кандидат жауап беруге бір мезетте кіруі керек бірақ сұрақтар әр түрлі болуы тиіс…

  • Қолында колледждің дипломы бар, бірақ сол колледждің дипломымен бір жыл жетекші маман болып, бір жылдан кейін бас маман болуға болады аудандық деңгейдегі әкімшіліктерге. Осы ретте жұмыс өтілі жоқ бірақ жоғары білімді дипломы бар адамның арасынан стажы бар қызметкердің жоғары білімі бар адамнан конкурстан өту ерекшелігі бір саты жоғары тұру керек деп ойлаймын.

  • Конкурска қатысқан үміткерлер арасынан мемлекеттік тілді жетік білетін кандидатқа артықшылық беру мәселесің заңды түрді қарастыру жағын осы Агенттіктің басшысы Анар Жайылғановадан сұраймын!

  • Азаматқа айтарым, сіз айтқандай барлық үміткерлерге бір мезетте әртүрлі сұрақтар қойылса, онда маған қиын сұрақ қойды, пәленшеге жеңіл сұрақ қойылды деп кінәлауға жол беріледі. Сосын тағы да коррупциялық әрекеттер орын алуы мүмкін. Бейнежазба мен бұрыңғыдай өткізген дұрыс.

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: