Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мемлекеттік наградалармен марапатталды

23.10.2022, 12:00 347

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Республика күніне орай Ақордада ел дамуына елеулі еңбек сіңірген бірқатар азаматты жоғары мемлекеттік наградалармен марапаттады.

Президент Республика күні басты ұлттық мереке ретінде жалпыхалықтық мейрамға айналуға тиіс, бізге Республика күнінің мән-маңызын барынша айшықтайтын жалпыұлттық бастамалар керек екенін айтты.

– Бұл – қазақтың сан ғасырлық мемлекеттілік дәстүрі жаңғырған күн. Бұл – бостандық үшін күрескен бабалар арманы ақиқатқа айналған күн. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның Егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл құжат Тәуелсіздігіміздің саяси-құқықтық негізін қалыптастырды. Бір сөзбен айтсақ, Декларация – еліміздің Тәуелсіздік алуына жол ашқан ақжолтай құжат, – деді Президент.

Мерейлі күнде әр өңірде салтанатты мерекелік шаралар, ғылыми конференциялар, шығармашылық байқаулар, спорт жарыстары, патриоттық, волонтерлік және қайырымдылық акциялары ұйымдастырылуда.Бүгін Сыр елінде де Нартай Бекежанов атындағы академиялық музыкалық драма театрында Ұлттық мереке – Республика күніне арналған салтанатты іс-шара өтті.

Мерекелік шараға Сыр елінің дамуына сүбелі үлес қосқан ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, түрлі салада абыройлы еңбек еткен азаматтар қатысты.Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев сырбойылықтарды Ұлттық мерекемен құттықтап, Республика күнін аймақ жұрты елеулі табыстармен қарсы алғанын жеткізді.

– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайда «Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын» деп, Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек деп жеткізгенін білесіздер.

Енді міне, араға 13 жыл салып, Президентіміздің Жарлығымен Республика күні Ұлттық мереке болып халықпен қайта қауышты.Ұлттық мерекеміз баршамызға тағы да құтты болсын! Тәуелсіздігіміздің тұғыры нық, Еліміздің еңсесі биік, халқымыз аман болғай!, – деді Н.Нәлібаев.

Салтанатты шарада мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға елеулі үлес қосқан бірқатар азаматтар Президент Жарлығымен мемлекеттік наградалармен марапатталды.

Аймақта алғаш рет І дәрежелі «Барыс» орденімен белді кәсіпкер, меценат, «Автомобиль жол басқармасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Мұрат Үдербаев наградталды. Ол 1000-нан астам жоғарғы оқу орнында оқитын студенттердің тегін білім алуына мүмкіндік жасап, 35 отбасыға үй салуға көмек көрсетіп, 15 отбасыға баспана алып берген. Жол салу жұмыстарындағы ауқымды жобаларға жеке қаражатынан бір миллиард екі жүз бес миллион теңге жұмсаған.

Мерейлі мерекеде 3 жерлесімізге «Парасат» ордені табысталды. Кәсіпкер, меценат Марат Дүйсенбаев Мемлекет басшысының қолынан «Парасат» орденін алу құрметіне ие болды. Ол өз қаражаты есебінен құны 1,5 млрд теңгені құрайтын «Анаға тағзым» орталығының құрылысын салуда. 100 отбасын үймен қамтып, әртүрлі жетістіктерге жеткен және әлеуметтік аз қамтылған азаматтарға 100 автокөлік сыйға тартып, 100 жастың отбасын құруға қаржылай қолдау көрсеткен. 30 жыл ішінде 12 млрд.теңге қаржыны өңірдің игілікті ісіне арнаған.

Ал, 20 жылдан бері өңірдің ауыл шаруашылығы саласын дамытуға елеулі үлес қосқан қайраткер Сапарбек Мыханов пен 500 ғылыми мақаланың және 30-дан астам кітаптың авторы атанған филология ғылымдарының докторы, профессор, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Қорқыттану» ғылыми орталығының жетекшісі Бағдат Кәрібозұлына облыс әкімі «Парасат» орденін тақты.

Мәртебелі жиында Президент қолынан ұлағатты ұстаз Жамешов Балтабай «Ерен еңбегі үшін» медалін, сегізінші қабаттан үш жасар баланы құтқарған Сәбит Шонтақбаев «Ерлігі үшін» медалін иеленіп, құрметке бөленді.

Облыс әкімі 11 азаматқа «Құрмет» орденін, 2 еңбек адамына ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденін, 21 азаматқа «Ерен еңбегі үшін», 2 азаматқа «Шапағат» медалі және 4 қызылордалыққа Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасын табыстады.

Мұнымен қоса ҚР Президенті, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолымен 3 жерлесімізге Қазақстан Халқы Ассамблеясының қоғамдық «Бірлік» алтын медалі, Құрмет грамотасы және Алғыс хаты табысталды.

Мерейлі сәтте Сыр елінің атын қазақтың жыршылық өнерімен әлемге танытып жүрген, жыр қорында сыр сүрейлерінің терме толғау дастандарымен қатар өзінің қаламынан туындаған «Қазына», «Шыңғыснама» тарихи дастандарының авторы Алмасбек Алматов облыстың ең жоғарғы марапаты «Қызылорда облысының Құрметті азаматы» атағына ие болды.

Облыс әкімі туған жеріміздің гүлденіп, көркеюіне атсалысып жүрген басқа да азаматтардың еңбектері алдағы мерекелерде лайықты, жоғары марапаттарға ұсынылатынын жеткізді.

Республика күніне арналған шара Сыр жұлдыздарының қатысуымен өткен концерттік бағдарламамен жалғасып, мерекелік гала-концертпен қорытындыланды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: