Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Құрылтайының сайлауын тағайындау туралы жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Ақорда баспасөз қызметі.
Құжатқа сәйкес, Құрылтай депутаттарын сайлау 2026 жылғы 23 тамызға тағайындалды.
Жарлық Конституцияның 46-бабының 3-тармақшасы мен 95-бабының 1-тармағы негізінде шыққан. Орталық сайлау комиссиясына депутаттарды сайлауға дайындықты және оны өткізуді ұйымдастыру тапсырылды. Үкімет, Астана, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдері сайлауды ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық және қаржылық жағынан қамтамасыз ету жөніндегі барлық қажетті шараларды кідіріссіз қабылдауға міндеттелді. Жарлық жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізілді.
Еске сала кетейік, жаңа Конституция биылғы 1 шілдеден бастап күшіне енді. Сол күннен бастап қос палаталы Парламент, яғни Мәжіліс пен Сенат, өз қызметін тоқтатты. Олардың орнына елдің жоғары заң шығарушы органы ретінде бір палаталы Құрылтай жұмыс істемек, оның құрамына тек партиялық тізім бойынша сайланатын 145 депутат кіреді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!