Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мемлекет басшысы Аустрия Үкіметі мүшелерін қабылдады

06.05.2026, 16:55 69

Қасым-Жомарт Тоқаев Аустрияның еуропалық және халықаралық істер жөніндегі федералдық министрі Беате Майнль-Райзингер және ішкі істер министрі Герхард Карнермен кездесті.

Кездесу барысында Мемлекет басшысы Аустриядан келген жоғары деңгейлі делегация құрамында бизнес өкілдерінің де болуының маңызын атап өтті. Оның айтуынша, екі негізгі министрдің бірлескен сапары Қазақстан мен Аустрия арасындағы ынтымақтастыққа жаңа серпін бермек.

Президент Аустрияны Қазақстанның сенімді әрі бұрыннан қалыптасқан стратегиялық серіктесі ретінде атап өтті. Бүгінде бұл ел Қазақстан экономикасына 3 миллиард доллардан астам инвестиция құйып, екіжақты сауда айналымы да тұрақты өсім көрсетіп отыр. Сонымен қатар тараптар Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы аясында да тығыз байланыс орнатқан.

Мемлекет басшысы Аустрияның жан-жақты дамыған мемлекет екенін айтып, екі ел арасындағы қазіргі қарым-қатынас деңгейі жоғары бағаланатынын жеткізді. Сондай-ақ Қазақстанның Орталық Азиядағы Аустрия үшін маңызды серіктес болып қала беретінін атап өтті. Қазіргі таңда өңірдегі сауданың 80 пайыздан астамы Қазақстанның үлесіне тиесілі.

Кездесуде салалық министрліктер мен ведомстволар арасындағы өзара іс-қимылдың жанданып келе жатқаны да сөз болды. Атап айтқанда, 2026 жылғы 1 мамырдан бастап дипломатиялық паспорт иелері үшін визасыз режим және реадмиссия туралы келісімдер күшіне енді.

Сонымен қатар Президент қазіргі қауіп-қатерлердің трансшекаралық сипаты артып отырғанын айтып, құқық қорғау органдары арасындағы ынтымақтастықты тереңдетудің өзектілігін атап өтті.

Фото: Ақорда

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: