Бүгін Үкімет отырысынан кейін Қызылорда облысы әкімінің төрағалығымен мәжіліс өтіп, онда «Жұмысшы кәсіптері бойынша кадр даярлаудың жаңа тәсілдері туралы» мәселе қаралды. Бұл жиындағы міндеттер бойынша қала әкімдігінде шаһар басшысы Нұржан Ахатов тиісті сала жетекшілеріне бірқатар тапсырма жүктеді. Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметі ақпарат таратты.
Соңғы жылдары еңбек нарығында жұмысшы мамандарына деген сұраныс артып келеді. Сондықтан кадр даярлау жүйесі нақты жұмыс берушінің талабына бейімделуі қажет.
— Біз жұмысты ең алдымен оқу орындары үшін емес, кәсіпорындарға қажетті мамандарды даярлау қағидатына көшіруіміз керек. Қазір қаладағы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында жұмысшы кадрларды даярлау бағытында мақсатты жұмыстар атқарылуда. Бірақ, бүгінгі талап – қай мамандыққа қанша кадр қажет, оны қай кәсіпорын жұмысқа алады және оқу бітіргеннен кейін қанша түлек өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасады деген сұрақтарға нақты жауап беру. Осыған байланысты жүйелі жұмыс істеуді тапсырамын, — деді Нұржан Сәбитұлы.
Жиында күн тәртібінен тыс бірқатар мәселе қаралып, жауапты сала басшыларына тапсырмалар жүктелді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!