Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

  • USD: 414.77 (-0.8)

  • EUR: 506.81 (1.44)

  • RUB: 5.64 (-0.01)

Коронавирус қолдан жасалды ма?

08.04.2020, 11:47 256 0

HALYQLINE.KZ –|  Бүкіл әлемде вирус жұқтырған адам саны бойынша Қытай алтыншы орынға түсіп кетіпті. Бүгінге дейін 1, 331 032 кейс анықталып, 74 мың адам мерт болыпты. Кейстердің төрттен бір бөлігі – АҚШ еншісінде. Вирустың экономикалық залалын айту тіптен қиын. АҚШ пандемияға дейінгі экономикалық көрсеткішін қайта қалпына келтіру үшін 3 жылдан 10 жылға дейін уақыт қажет болары айтылды. Кейбіреулер вирус алып келген дағдарысты Ұлы депрессия кезіне теңеп, АҚШ-та жаппай жұмыссыздық болады дейді.

«Осымен АҚШ-тың бүкіләлемге жүргізіп келген гегемониясы бітті, Қытайдың дәуірі келді» деп жатқан сарапшылар да бар. Осыны ескере отырып, Қытай мұны әдейі жасаған болуы мүмкін деген қауесет те таралып жатыр. Сонымен коронавирус биоинжинирингтің жемісі ме, жоқ па, оны қазір анықтауға тырысып көрейік.

Адам баласын жаппай қыру мүмкіндігі бар кез келген аурулар төңірегінде түсініксіз әрі нақты дерексіз дау дамай көп. Мысалы, Кеңес одағы АҚШ барлау қызметінің (CIA) СПИД-ті қолдан жасады деп айыптауындай, қазіргі коронавирустың шығу тегіне орай АҚШ Қытайды, ал Қытай АҚШ-ты айыптаумен әлек.

Өткен айда, АҚШ президенті Дональд Трамп коронавирусты «Chinese virus», ал мемлекеттік хатшы Майк Помпео “Wuhan virus” деп атады. Мұны кейбір медиа өкілдері мен Қытай билігі «коронавирус Қытайда қолдан жасалды» деген месседж ретінде қабылдады. Ал шын мәнінде олай емес. Трамп пен Помпеоның коронавирусты осылай атауы оның эпидемияның басталу аймағына қатысты айтылған еді.

Мысалы, осыдан бір ғасыр бұрын испан тұмауы 500 миллион адамға жұғып, 50 миллион адамның өмірін алып кетті. Ол Испанияда жасалғаны үшін «Испан тұмауы» деп аталған жоқ. Тек Испанияда эпидемия бірінші ұшыққаны үшін солай аталып кеткен. Ал Трамптың айтқанын «The world is paying a very big price for what they did» (Олардың, яғни қытайлардың бұл жасағанына бүкіл әлем шығындалып жатыр) деген сияқты «коронавирусты Қытай қолдан жасады» дейтін нұсқауы бар тақырыптармен таралып кетті.

АҚШ-тағы беделді арналардың бірі NBC солай жазды: https://www.cnbc.com/…/coronavirus-outbreak-trump-blames-ch…

Ал осыдан кейін Қытай билігі де үнсіз қалған жоқ. Қытайдың сыртқы істер министрі Lijian Zhao өзінің твиттер парақшасында Канадада тіркелген Global Research дейтін зерттеу сайтындағы мақалаға сілтей отырып, 2019 жылы коронавирусты Уханға америкалық әскерлер алып келді деп жазған. Бірақ ол зерттеуде де нақты сүйенетін факті жоқ.

Global Research зерттеуіне сілтеме: https://www.globalresearch.ca/covid-19-further-evid…/5706078

Енді оқиға болған орыннан хронологиялық деректерді ақтарып көрейік. Жаңалықтарды жиі қарап жүрген адамдар коронавирустың Ухан қаласындағы теңіз өнімдері базарынан (Huanan Seafood Market) шыққанына көбірек сенеді. Расымен, сол базарға барған адамдар вирусты жұқтырғандардың ең алғашқыларының арасында болды. Бірақ коронавирусты жұқтырған алғашқы адамның бұл базарға қатысы жоқ. Ол туралы ағылшынның ғылыми журналы The Lancet нақты дата анализдеріне сүйене отырып жазды.

The Lancet зерттеуіне сілтеме: https://www.thelancet.com/…/PIIS0140-6736(20)30183…/fulltext

Бұдан өзге мынадай теория да кеңінен талқыланып жатыр. Ухан қаласындағы жаңағы базардан 100 метр жерде ауруды бақылау және қорғану орталығының (Chinese Center for Disease Control and Prevention) кеңсесі бар. Сондай-ақ, осы қалада Ухан вирусология институты да жұмыс істейді. Осы екі мекемеде Қытайдың әр тарабынан алып келінген жарқанаттар зерттеу мақсатында пайдаланылып жатқаны да ашық дереккөздерде болған екен. Сол институттардың ресми сайттарында да дәл жарқанаттағы коронавирустарды зерттеуге арнайы маман іздеп жатқандары жайлы хабарландыру болған. Содан кейін әркім де сол институт зертханаларындағы жарқанаттардың бірі бостандыққа шығып, вирусты таратқан болу мүмкіндігі айтылып жүр. Дәл бүгінгі пандемия себебі болған коронавирустың жаңа түрін таратушы жарқанаттар табиғи ортада Уханда өмір сүрмейді екен. Олар Уханнан 900 шақырым қашықтықтағы Yunnan және Zhejiang провинцияларында тіршілік етеді екен. Ал олардың Уханға өз бетімен келіп қалуы мүмкін емес екені белгісіз. Сондықтан, ғалымдар коронавирустың жарқанаттан адамға басқа бір жануар арқылы жұққан болуы мүмкін деген теорияны алға тартып отыр. Бірақ әзірге ол қай жануар екендігі және оның қалай жұққаны жайлы да еш дәйек жоқ.

Сонымен қатар, ақпан айында Гуанчжоудағы Оңтүстік Қытай Технология университетінің (South China University of Technology) Botao Xiao және Lei Xiao есімді ғалымдары жаңа коронавирустың рекомбинациясы Ухандағы зертханадан шығуы мүмкін екенін жазған. Кейіннен авторлар бұл мақалада нақты деректер келтірмегенін айтып, оны өшіріп тастаған. Бірақ көшірмесі интернет беттерінде сақталып қалды.

Сол мақалаға сілтеме: https://img-prod.tgcom24.mediaset.it/…/114720192-5eb8307f-0…

Әдеттегідей «Айқын» мен «Егемен» «картопты жарыпты». Чарльз Либер ісіне қатысты «Егемен» “COVID-19 вирусын сатты деген күдікті қамауға алынды” деп, ал Айқын “Ухань университетінен қаржы алған АҚШ ғалымы қамауға алынды” деп мақала жазған. Чарльз Либер осы жылдың басында қаңтар айында тұтқынға алынған болса да, біздің баскесерлер енді жаңалық ретінде беріп отыр.

Ақпарат үшін: Чарльз Либер Гарвард профессоры, химик. Ол көп жылдар бойы нанотехнология саласында еңбек етіп келген. Өзі Гарвардта ғылыммен айналысып жүріп, бір уақытта Қытайда зертхана ұйымдастыруға қаржыландыру алып отырған. Оның жұмысы Қытайдың Thousand Talents бағдарламасы аясында қаржыландырылған. Ол Қытай үкіметінің грантын алып жатқанын жасырғаны үшін тұтқындалып отыр. Ал Либердің COVID-19 вирусын жасағаны, оны Қытай үкіметіне сатқаны немесе Қытайдағы зертханасында вирусты мутация жасауға көмектескені жайлы оның ісінде ешнәрсе жазылмаған.

Чарльз Либер Қытай зертханасынан грант алып жатқанын ашық түрде АҚШ үкіметіне де, Гарвард әкімшілігіне де мәлімдемеген. Себебі грант алудағы келісім-шартта ақпаратты жария етпеу туралы пункт болыпты. Қытайдың Thousand Talends бағдарламасы беделді ғалымдарды елге тарту мақсатында құрылған. Либер грант алғанын ашық мәлімдемей, екі жақта бір уақытта жұмыс істегені үшін «академиялық деңгейдегі барлаушы болды» деген айып тағылып отыр. Мұның коронавирусқа қатысты болуы мүмкін бе, жоқ па белгісіз. Сондықтан қазақ журналистерінің Либер кейсіне «коронавирус» сөзін тіркеуі оларда фактчектің жоқ екенін білдіреді. Ресейдегі басылымдарға да сене бермеңіздер!

Биоинжиниринг кез келген алып держава үшін маңызды салаға айналғаны сөзсіз. Бұл өткен ғасырда АҚШ пен КСРО арасындағы жарыс болған болса, қазір Қытай мен АҚШ бақталасына айналды. Әзірге, коронавирустың қолдан жасалғанын дәлелдейтін нақты ешқандай дерек жоқ. Бірақ оның қолдан жасалмағанын да дәлелдайтін нақты дерек табылмады. Сондықтан бұл сұрақты әзірге ашық күйде қалдыру керек.

Ал әзірге, көбірек нақты мәлімет алу үшін USAToday басылымының мына фактчек мақаласын оқып шығыңыз:
https://www.usatoday.com/…/coronavirus-fact-ch…/5053783002/…

Жолдас Өрісбайдың әлеуметтік желідегі жазбасы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: