Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

КӨП БОЛЫП «ҚОРҚЫТА» АЛАМЫЗ БА?

12.05.2022, 12:00 428

«Сан емес, сапа маңызды» дегенді жиі айтамыз. Солай екені де рас. Дей тұрғанымен, азшылық көпшілікке бағынады. Мысалы, мемлекеттік тілдің мәселесі бұған дейін осы жағдайға байланысты бір жолға түспей келді. Қазір  түпкілікті шешімін  тапқан  дей алмаймыз. Ал әлгінде «осы  жағдай» дегеніміз – қазақтілділердің аздығы. Бір статистикалық мәліметті мысалға келтіріп көрейік. 1989 жылы жүргізілген халық санағы бойынша елдегі қазақтардың саны 39,7%-ды құраған. Яғни, өзге ұлттардың қатары көп болды. Уақытында олардан қазақ тілін талап ету де қисынға келмеді. Алдымызда көбею міндеті тұрды. Біз бұл процесті өте жай өткердік. Ол биліктің жайбасарлығынан, жан-жаққа жалтақтауынан туындады. Мұны ешкім жоққа шығармайтын да болар.

Еске  салайық,  2021  жылдың  тамызында  ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында Қазақстан халқының саны тарихи межеге жетті. Алматы облысында дүниеге келген сәби еліміздің 19 миллионыншы азаматы ретінде тіркелді» деген болатын.

Қазақстанда бір жыл ішінде қазақтардың үлесі 0,6 пайызға (80 мың адам) өсіп, 2022 жылдың басында 69,59 пайызға жетті. Ұлттық бюро статистикасының жыл сайынғы бюллетеніне сүйенсек, елде қазақтардың жалпы саны 13,3 млиллион адамға жеткен. Яғни, 33 жыл бұрынғы мәліметпен салыстырғанда республикадағы қазақтардың саны артқаны байқалады.

Қазір бес аймақта қазақтардың үлесі 80 пайыздан көп: Нұр-Сұлтан (81,08%), Ақтөбе облысы (84,29%), Маңғыстау облысы (91,57%), Атырау облысы (93,01%) және Қызылорда облысы (96,54%). Солтүстік Қазақстаннан басқа аймақтардың барлығында дерлік қазақтардың үлесі басым. Солтүстік Қазақстанда орыстардың үлесі (49 пайызы – орыстар, 35 пайызы – қазақтар) көбірек.

Ұлттық бюро статистикасының мәліметі бойынша, былтыр тағы бірнеше этностың үлесі артқан. Атап айтқанда, бір жылда өзбектер 17,6 мыңға көбейіп, 637,9 мыңға жеткен. Этнос құрамы жағынан өзбектер үшінші орында тұр. Олар көбіне Түркістан облысы мен Шымкент қаласына шоғырланған.

Ұйғырлар бір жылда 4,2 мыңға көбейіп, 283,1 мыңға жеткен. Әзербайжан (116,7 мың), түрік (116,2 мың), дүнген ( 78,2 мың), тәжіктердің (53,4 мың) де үлесі артқан.

Қазақстанда орыстар саны бір жылда 48,5 мыңға азайған, қазір елде 3 430 000 орыс тұрады. Қазір олардың үлесі жалпы халықтың 17,94 пайызына тең.

Осы  күні  БАҚ  беттерінде «2022 жылдың бірінші тоқсанында Ресейден кеткен 3 880 679 азаматтың 204 947-сі Қазақстанға келген» деген ақпарат тарады. Мұндай деректер Ресей Федерациясының барлық ведомствоаралық статистикасы жинақталатын жалпыресейлік ЕМИСС платформасында жарияланған.

Наурыз айының соңында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов Ресейден Қазақстанға еңбек мигранттарының көп ағыны жоқ деп мәлімдеген еді.

– Бүгінде біз Ресейден еңбек мигранттарының көп ағынын көріп тұрған жоқпыз. Қазір Қазақстанда 100 мыңға жуық ресейлік азамат бар. Оның 6 мыңы 2022 жылдың басынан бері жұмысқа келген, – деді ол.

Қазақстанда соңғы жылда украиндардың үлесі азайған. Қазір елде 247 мың украин бар. Әрине, бұл көрсеткіш алдағы уақытта Ресей мен Украина арасындағы соғысқа байланысты өзгеріске ұшырайтыны анық.

Былтыр 1 қыркүйек пен 30 қазан аралығында жүргізілген Ұлттық халық санағының алғашқы нәтижесі бойынша, Қазақстан халқы 19 169 550 адамға жеткен. Ол кезде қазақтардың үлесі 70,18 пайызға жеткені айтылған еді.

2009 жылғы халық санағында қазақтардың үлесі 63,1 пайыз, елдегі халық саны 16 009 000 адам болған-ды.

Қазақта «Көп қорқытады, терең батырады» деген мақал бар. Біз көп болып ешкімді қорқытпай-ақ қоялық, бірақ мұны мәдениетті түрде пайдалануымыз керек. Жалпы, қандай мәселені болса да қамшы үйіріп шешу дұрыс емес. Талап ету дегеннің өзі зілді үннен тұрмайды.

Ш.ШАТҚАЛ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: