Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Екі аралықтағы жолды кеңейту жұмыстары қатаң бақылауда

05.08.2022, 11:45 538

HALYQLINE.KZ Қазіргі таңда аудан орталығы – Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласының екі аралығындағы жолды жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Мердігер мекеменің техникалары автомобиль жолдарын кеңейту мақсатында тиісті жұмыстарды қолға алған.

Бүгін аудан әкімі Мұхтар Оразбаев пен аудандық мәслихат хатшысы Бақытжан Жарылқап екі аралықтағы жолды жөндеу жұмыстарын көру үшін арнайы сала басшыларымен бірге мердігер мекеменің жауапты қызметкерлерімен кездесті.

Кездесу барысында Мұхтар Әуесұлы жолды кеңейту жұмыстары баяу жүргізіліп жатқанын тілге тиек етіп, жұмыс қарқынын күшейту қажеттігін айтты.

Өз кезегінде мердігер мекеменің жауапты қызметкерлері жөндеуге қажетті келісім-шартқа отырған екі бірдей асфальт зауытынан ақау шығып, қара шебін төсеу тоқтап тұрғанын жеткізді.

Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев дәл қазіргі уақытта жолды асфальттауға қолайлы уақыт екенін айтып, күн райының жақсы кезін тиімді пайдалану қажет екендігін жеткізді. Себебі, күн салқында төселген жолдың сапасы да сын көтермейтінін ескертті.

Сондай-ақ, тиісті сала басшыларына екі аралықтағы жолды кеңейту жұмыстарын қатаң бақылауда ұстау қажеттігін тапсырды.

Мұнан соң аудан әкімі Мұхтар Оразбаев аудан орталығының 5 квартал аймағында жүргізіліп жатқан абаттандыру жұмыстарын көрді. Мұхтар Әуесұлы абаттандыру жұмыстары бекітілген кестеден кешігіп келе жатқанын тиісті сала басшыларына ескертіп, мердігер мекеменің құрылыс жұмыстарын күшейтуін қадағалауды тапсырды.

Биыл Әйтеке би кенті әкімі аппаратының ұйымдастыруымен аудан орталығында көшелерді жөндеу және ескерткіштерді әрлеп-сырлау жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Сондай нысандардың қатарында Т.Бөріқұлақов көшесінің бойындағы «Таға» ескерткіші де бар. Аудан басшысы Әйтеке би кентін аралау барысында ескерткішке арнайы барып, атқарылған жұмыстарды көрді. Сол жерде Әйтеке би кентінің әкімі Қайрақбай Орынбасаровқа алдағы уақытта да дәл осылай халықтың тарапынан айтылған ұсыныстарды орындауды тапсырды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: