Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Дүниежүзі қайда бағыт алды?

18.02.2021, 13:30 545

Керемет  те  шексіз  үлкен  әлем спиральмен  дамуда.  Бірақ  қазір әлемді  «қалың  тұман»  торлап тұр.  Келешегімізді  сол  торлаған «тұманнан»  сейілту – біздің  өз қолымызда.

Әлем  2050-2100  жылдарда   қалай  болатынын  бүгін  болжамасақ, кеш  қаламыз!

Соңғы  уақытта  әлемнің  өзгергені  сонша­лық­ты, кейде алдағы уақытта бізді не күтіп тұр­ғанын көру қиын. Ол  өзгеріске  АҚШ-тан кейінгі ал­пауыт державаның бірі – Кеңестер Одағының ыдырауы да қатты ықпал етті. Сол құрамнан бөлініп шыққан біздің жас мемлекет отыз жыл өтсе де, әлі дағдарыстан көз ашпай келеді. Ең өзектісі – осы дағдарыстардан қалай шығу  мәселесі  болып  отыр. КСРО сынды алпауыт держава құлағанымен, қазір  оның  орнын  Қытай  мен  Еуро­па  басуда, оларды  өкшелеп  Үндістан­, т.б. келе жатыр. Әлемдегі күрт өзгеріс­терге бас­ты ықпал еткен – ғылыми-техникалық револю­ция. Қазір оның және басқа да себептердің ғаламдық теріс өзгерістерге әкелген келең­сіз­діктерінен адамзатты қалай құтқару мәселесі тұр. Олар: әлемдік климаттың жылынуы, су және азық-түліктің жетіспеуі, миграция, әлеуметтік-эконо­микалық және саяси шиеленістер, корона­вирус сияқты, т.б. апаттар және теріс үрдістер.

Жер шарында адам мөлшері қажетті межеден асып кетіп отыр, сондықтан шұрайлы жерге көз аларту, үстемдікке ұмтылу сияқты ықылымнан келе жатқан өзара дау мен талас ел мен ел арасында өршімесе толастамай отыр. ХХІ ғасырдың алғашқы 20-30 жылы әлемнің дамуында қандай өзгерістер әкелмек? Ядролық қаруды иелену үшін ашық және астыртын күресті толастатпаған елдер өзара бейбіт бітімге келе ме, әлде тағы бір дүниежүзілік соғыс қаупі төніп тұр ма? Әлемдік экономика қарқыны мен сапасы қандай болмақ? Адамзат алдында тұрған осындай әлемдік мәселелер бұған дейін шешімін таппаған еді. Бұл күнде Таяу Шығыс пен Африка еліндегі тамыр­ланып кеткен мәселелерді былай қойғанда, кешегі одақтас, бауырлас Украина мен Ресей арасы бүгін әбден ушығып болды. Алпауыт АҚШ-қа қарсы азуын көрсеткен Ресей санкцияға түсті. Бірақ санкциялар арқылы мұндай ауқымды мәселелерді шешуге болмайды. Әлемдегі осы және басқа да проблемаларға байланысты АҚШ, ЕО,  БҰҰ, G7-нің қай-қайсысы да осы күнге дейін дұрыс шешім қабылдауға қауқарсыз болып отыр.

Мұндай проблемалар экономикалық заңдардың сақталмауынан, табиғат заңдылықтарының орындалмауынан, сондай-ақ циклді дамуды бас­қару заңдылықтарын бұзу салдарынан да ушыққан үстіне ушығуда. Сондай-ақ, Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) өз жарғысын өзі орын­дамайды (халықаралық адам құқығы, т.б.). Дүниеж­үзілік қоғамдастықтың үлкен билікке, оның ішінде G7 мемлекеттеріне сенімсіздігі артуда. Әлемдік жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) жартысынан көбі осы мемлекеттерде және де халықаралық, трансұлттық компаниялар дүниежүзінің 50 пайыздан астам байлығына ие. Оған қоса АҚШ, Ресей, Қытай, Солтүстік Корея жаппай қарулануда. Мысалы, дүниежүзі қару-жарағының 50 пайыз­дан көбі – АҚШ-тың қолында. Осы жағынан алып қарайтын болсақ, біз ІІІ дүниежүзілік со­ғыстың алдында тұрған сияқтымыз. Қазір әлем құрдымға кетудің алдында тұр және оның одан әрі даму жолы қауіпті жағдайда десе де болады. Осы жайында философ Ф.Ницше: «Өмірдің өзі қозғалыс, талас-тартыс, ондайда биліктің бірі күшейеді, екіншісі үстемдігін жоғалтады», – деп айтып  кеткен  болатын.

Осылардан кейін еріксіз мынадай сұрақтар туындайды: «Біз өзі қайда бара жатырмыз? Бізді қайда алып бара жатыр? Біз қайда бара жатқанымызды неге білмейміз?». Алып бара жатқандар да білмейді. (Мен АҚШ-тан бастап G7 мемлекеттерін айтып отырмын). Жаһандану заманында туындаған проблемаларды жеке шешу мүмкін емес. Тіпті алып елдер қатарындағы АҚШ-тың өзі де не істерін білмей отырған жоқ па? Оны 2001 жылы Нью-Йоркте, 2015 жылы Парижде, 2017 жылы Лондонда болған жарылыстардан да көрдік және қазіргі әлемдік дерт коронавирустың салдарынан да байқаймыз.

Сол  үшін  мұндайда тұтас біріккен күш, идея, сенімділік керек, әлемге интеграциялық  даму  қажет.

Менің ойымша, әлем екі бағытпен жүруі мүмкін. Біріншісі, жоғарыда келтірілді. Себебі, дамыған елдер тек баюды ойлап, бүкіл жер ресурстарын, энер­гияны өндіру, жалпы экономиканы дамытуды бұрынғыдай өзгеріссіз, тек бір бизнесті жүргізу әдісімен жасап отыр. Нәтижесі – дүниежүзілік дағдарыс. Қал­ғаны енді сонымен күресумен әлек.

Екіншісі, уақытында қоғамдық трансформация жасау, жаңа түбегейлі өзгеріс­терге бару жолы. Бұл – кезек күттірмейтін іс.

Осыдан соң мынадай қорытындыға келдім. Өзгеріс жасайтын уақыт келіп жетті, ең алдымен, адамдардың ой-санасын, сол арқылы әлемдік психологияны өзгертетін, рухани, моральдық құндылықтарды қайта жаңғыртатын, адамзатты өз отбасында тәртіпке шақыратын жаңа жол табу күн тәртібінде тұруы керек. Бұл туралы мен ғалым ретінде БҰҰ, G7, G20 мемлекет басшыларына өз ойымды ашып жазған болатынмын (09.2014 ж.), әртүрлі халықаралық конгрестерде де баяндама жасадым.

Сол ұсыныстардың  ішінде  әлемдік  ортақ  заң  ұйымы  ретінде Дүние­жүзілік Парламент құру керек дедім. Көптеген проблемалармен әр мемлекет өзде­рі айналы­сады. Ал бұл Парламент тек дүниежүзілік ең басты проблемаларды шешу үшін қажет заңдар шығарады. Оған дүниежүзілік дағдарыс, климаттың жы­лынуы, соғысты болдырмау, әсіресе ядролық соғысты, азық-түлік қауіп­сіздігі, ашаршылықпен күрес, миграция, әлемді саяси қайта құру, космосты игеру, корон­авирус сияқты кенеттен шығатын проблемалар, т.б. мәселелердің жататын­дығы белгілі. Келесі алда күтіп тұрған міндеттердің бірі – Біріккен  ұлттар  ұйымын  Азияға  немесе басқа құрлыққа көшіріп және басқа да халық­аралық ұйымд­арға жаңаша реформа жасау мен оларды трансформациялау. Бұл құрылымдар әлемдік деңгейдегі ең басты проблемалармен айналысуы керек. Пікірлерім  жеке  кітапта  берілген.

Дамыған мемлекеттердің қару-жарағы күшті болса да, бірақ экономикалық жағы адамды жетілдіруге және керекті тауарлармен қамтамасыз етілмей, тек қаржы капиталын басып шығаруға арналған болғандықтан құрдымға кете береді. Әрине, әлемнің келешектегі құрылымын дәл айта білу оңай емес, бірақ жаңа  өркениеттің ізгілікті қоғам болатыны күмәнсіз. Жаңа өркениеттің миссиясы – ақылмен шектеулі тұтыну қоғамы болмақ, ал ол сана революциясы арқылы  жасалады. Оны кім  жасау  керек?  Әрине, Құдай  емес, патша емес. Мұның  ұйытқысы  реформаланған  Біріккен  Ұлттар  ұйымы  мен  әлемдік  инс­титуттар  болуы  тиіс.

Егемендігімізді  алғанымызға  30 жыл уақыт  өтті. Қазақ  халқы  жаңа  цивилиза­циялық  заманда өз орнын тауып, әл-Фараби, Қожа Ахмет Яссауи, Мұхаммед Хайдар  Дулати, Абай тағы басқа ұлы дала тұлғаларынан сабақ алып, ой-өсиет­терін алға тартып, тынымсыз өнімді еңбек етіп, дамыған  елдердің  қата­рына  қосылуға ұмтылуы керек. Ол үшін басқа да түбегейлі  іс-шаралармен  қатар,  ҚР Президенті  жанынан  «Болашақ  жөнінде  Ұлттық  кеңес»  құрылуын  ұсынар  едім.

Оразалы СӘБДЕН,

Қазақстан ғалымдар

Одағының президенті,

ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты,

ҚР ҰИА академигі, э.ғ.д., профессор

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: