Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Деннің саулығы – мемлекеттің басымдық беріп отырған маңызды міндеті»

19.06.2020, 14:00 736

HALYQLINE.KZ

Құрметті денсаулық сақтау саласының жанашырлары!

Сіздерді кәсіби төл мерекелеріңіз – медицина қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Халқымыз қашаннан «Бірінші байлық – денсаулық» деп денсаулықты дүниедегі байлық атаулының барлығынан жоғары қойса, Ата заңымызда «Мемлекеттің ең басты қазынасы – халық және оның денсаулығы» деп айқын көрсетілген. Азаматтардың рухани дүниесі мен денінің саулығы – мемлекетіміздің басымдық беріп отырған маңызды міндеттерінің бірі. Дені сау ұлт ғана бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына кіруді мақсат еткен Мәңгілік елімізді дамытуға қабілетті бола алады.

Бұл ретте саламатты қоғам қалыптастырып, дені сау ұрпақ өсіруде дәрігерлердің алар орны ерекше.

Дертіне шипа іздеген жанның көкейіне үміт отын жағып, сауықтыру Сіздердің ғана қолдарыңыздан келеді. Адам жанының арашасына айналған медицина қызметкерлерінің халықтың денсаулығын жақсарту, салауатты ұрпақ қалыптастырудағы еңбектері әркез аса жоғары құрметке ие.

Әлемге тараған коронавирус індетіне қарсы күресте де сіздер алдыңғы шепке шығып, ел-халықтың амандығы үшін әзиз бастарыңызды бәйгеге тіктіңіздер. Бұл «Гиппократ антын» өздеріңіздің өмірлік ұстанымдарыңыз ретінде қадірлейтіндеріңізді білдіреді.

Сіздердің қажырлы жұмыстарыңыз бен еселі еңбектеріңіздің арқасында біз денсаулық сақтау саласын жаңа белестерге жеткізе аламыз.

Құрметті ақ халатты абзал жандар!

Әрдайым адамзат баласы тағдырын сеніп тапсыратын шапағаты мен машақаты мол кәсіптеріңізді абыроймен атқарып, халық сеніміне ие болып жүре беріңіздер.

Бүгінгі кәсіби мерекелеріңізде Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге табыс тілеймін!

Құрметпен,

Қызылорда қаласының әкімі Н.Нәлібаев

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: