Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«COVID-19. Жел ме, боран ба?»

22.06.2020, 9:20 459 0

HALYQLINE.KZ

Тарихшы Марк Солониннің Ресей билігіне қатысты «Сенбе, қорықпа, жалынба» (Не верь, не бойся, не проси!) деген қағидасы бар. Яғни «билік не айтса да ашықтан ашық мүлдем сенуші болмаңдар!» дегені. Коронавирусқа байланысты Қазақстандағы ақпараттық жағдай да тап осыған ұқсас күдігімізді ұлғайтып барады. Пандемия біздің елімізде тек індет қана емес, ол саяси ойын құралына айналған ұқсайды. Өйткені түсініксіз жайттар көбейді.

Билік ағымдағы жылғы 12-16 наурызда «наконец то» короновирус бізге жетеді деп сәуегейлік білдіріп еді, үш айдан бері вирус жұқтырғандар саны аспандап кете барды. Бүгін, 19 маусым күнгі кешкі 21.00-де Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 16351 болыпты. Жазылып шыққаны 10195 дейді. 105 адам қайтыс болған. Ел арасында «үш жүз мың теңгеге коронвирус диагнозымен ауруханаға жатып шығуға ұсыныс жасалыпты-мыс», «өз ауруымен қайтыс болған адамды туыстарынан коронвирустан қайтыс болды деп жазуға рұқсат сұрапты-мыс» деген өсек желдей есіп тұр. Тестілеуге қатысты мәселе де көп сұрақты өрбітеді. Осындай түсініксіз жайттарға түбегейлі жауап беріп жатқан ешкім жоқ. Содан сенім жел соққан бұлттай жұлмаланып барады.

Кейінгі кезде көп адамдар пандемияны жоққа шығарып сенбейтіндігін айта бастап еді, вирус жұқтырған ресми шенеуніктер аты-жөні қарша борады. Бұрын ешкімнің атын атауға рұқсат етілмейтін. Енді қараңыз, Берік Уәли, Бекболат Тілеухан, Елжан Біртанов, Ералы Тоғжанов, ол аз болғандай міне, Нұрсұлтан Назарбаев, т.б. Үстінен шыбын ұшырылмайтын адамдарға вирус қалай жұққан? Кімнен жұқтырылған? Контактінің бәрі контрольда емес пе? Бұған кімдер жауапты? Айналасындағылар да оқшауланды ма? Бәрі құпия! Түсініксіз бір ойын жүріп жатқан сияқты.

Енді, міне, Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен ел аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында астана, Алматы, Қарағанды, Шымкент, Павлодар және Екібастұз сияқты 6 қалада алдағы демалыс күндері, яғни ертең, бүрсүгүні, 20-21 маусымда шектеу шаралары күшейтілетіні хабарланды. Сонда бұл тек сенбі, жексенбіге қарап қалған не деген «ақылды вирус»? Жел ме, боран ба? Дүйсенбіден бастап көп шаруа қайта қалпына түседі дейді. Баланың ойыны ма дерсің.

Онсыз да халықтың билікке сеніміне селкеу түскелі қашан? Сенімді ұялататын тек ақиқат қана. Сондықтан билік өз беделін өзі өстіп ойыншыққа айналдырмай ақылға қонымды әрекеттер жасағаны жөн емес пе?

Марат Бәйділдаұлы (Тоқашбаев),

жазушы-публицист.

Facebook-тегі  парақшасынан  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: